Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Сапасыз жұмыстарымен көзге түсетін мердігерлермен тез арада қоштасуға тура келеді

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин цифрландыру саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен қар тазалаушы мердігер мекемелердің қыс мезгіліне дайындықтарын бақылады.

Аймақ басшысы «Автопарк» ЖШС мекемесінде «Смарт Автобус Ақтөбе» ЖШС компаниясының автобустарға электрондық билеттендіруді енгізу және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының бейнебақылау енгізу жүйелерінің таныстырылымына қатысты. «Автопарк» ЖШС басшылығы облыс әкіміне жүйенің жолаушылар үшін үнемділігі мен ыңғайлылығын түсіндірді.

Бұған дейін Атырау, Семей қалаларына электрондық жүйені енгізу бойынша тәжірибесі бар мердігер мекеме төлем карталары бойынша да әртүрлі әлеуметтік топтарға бөліп жеңілдіктер қарастырған. Сонымен қатар жолаушылардың ұялы телефон қосымшасы арқылы қажетті автобустың қай аялдамада келе жатқандығын білуге арналған жүйе де қарастырылған. «Қазақтелеком» АҚ қоғамдық көліктерге бейнебақылау жүйелерін енгізуге ниетті.

Сондай-ақ көпшілікке аялдамалар, бетперде тағу туралы ескертпелер автоматтандырылған дыбыстар арқылы хабарландырылмақ. Цифрландыруға арналған жаңа жоба үлкен монитор арқылы орталықтан басқарылып, қауіпсіздіктің алдын алуға септігін тигізбек. Оңдасын Оразалин қала әкіміне халыққа тиімді болатын жоба туралы ұсыныс әзірлеуді тапсырды.

Бұдан соң аймақ басшысы «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болып, жүзуден ерлер арасындағы ҚР чемпионатын тамашалады.

Брасс стилі бойынша 200 метр ұзындықта жүзіп, 1-орын алған Дмитрий Баландинді, 2-орын алған Нұрдәулет Жұмағалиевті және 3-орынға шыққан Константин Корольковты құттықтап, жеңімпаздарға алтын, күміс, қола жүлделерін табыстады.

Оңдасын Оразалин №72 жалпы білім беретін орта IT мектеп-лицейіндегі «Мектептің қауіпсіздік жүйесі және цифрландыру» жобасымен танысты. Жоба жетекшісі Әсел Донец оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған «Турникет» жұмысын көрсетті.

Құрылғы арқылы әрбір ата-ана СМС хабарламадан баланың мектепке келуі-кетуі жайлы ақпаратты біліп отырады. Сонымен қатар оқушыларға білезік пен әлеуметтік карта беріледі.

Әлеуметтік карта арқылы мектеп асханасына және автобуста төлем жасауға мүмкіндік қарастырылған. «Мектебім» қосымшасы арқылы баланың білімін, тәртібін біліп, денсаулығы, асхана мәзірі жайында ақпаратпен танысуға болады.

Жаңа жүйе аталған мектепке Ақтөбе бойынша алғаш болып, пилоттық жоба ретінде енгізілген. Құны — 35 млн теңге. Өңір басшысы қыс мезгілінде қар тазалаумен айналысушы мердігер мекеме өкілдерімен кездесті.

Ақтөбе қаласында бұл жұмыстарды биыл «Агрофирма Коквест», «Financial World», «Автолайн Актобе», «Ерхат Жолдары», «Акжол ЛТД», «Бошан Транс Авто», «3Q Universall» ЖШС сынды 7 компания атқаратын болады. Мердігерлер облыс әкіміне жұмысшылардың жеткілікті екендігін айтып, тізбектелген техникаларын көрсетті.

Алайда Оңдасын Оразалин өткен жылы халық сенімінен шығып қалған компания басшыларына көзбояушылықтан гөрі жұмысты нақты іспен дәлелдеу қажеттігін айтты.

«Жолдарды қардан тазалаудан бөлек, тротуарлардың да жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болғандығы қажет. Қыс басталмай жатып жарақат алғандар туралы ақпарат бар. Сапасыз жұмыстарымен көзге түсетін мердігерлермен тез арада қоштасуға тура келеді.

Сондықтан өткен жылғы жағдай қайталанбауы тиіс», — деді өңір басшысы. Айтып өтейік, желтоқсан айында мердігер мекемелерді іріктеу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтеді. Аталған компаниялардың орындары өзге мердігерлермен өзгеруі де мүмкін.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button