Басты бет » Жаңалықтар » Кәсіпкерлерге 142 миллион  теңгеден астам айыппұл салынды

Кәсіпкерлерге 142 миллион  теңгеден астам айыппұл салынды

Тікелей желі

Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бірақ коронавирус жұқтырғандар күн сайын тіркеліп жатыр. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров және  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев әлеуметтік желі арқылы аймақтың эпидемиологиялық жағдайын баяндады.

26 қараша күні облыста бес адам вирус жұқтырған. Оның үшеуінде ауру белгілері байқалмаған. Індетке шалдыққандардың үшеуі Мәртөк ауданынан тіркелсе, бір адам Ақтөбеден, бір науқас  Хромтау ауданынан тіркеліп отыр. Мәртөкте тіркелгендердің екеуі сырттан келген. Аурушаңдықтың өсу  деңгейі — 0,1%. Нұрсұлу Беркімбаева санитарлық талапты сақтамаған кәсіпкерлерге айыппұл салынып жатқанын айтты.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен облыста 15 орталық құрылған. Осы орталықтан бес мәлімет түскен. Сол бойынша төрт нысанды департамент жоспардан тыс тексерген. Нәтижесінде барлығы да карантиндік шектеу шараларын бұзғаны анықталды. Қазіргі күні кәсіпкерлерге ескерту беріліп,  1 277 880 теңге айыппұл салынған. Егер олар талапты орындамаған жағдайда нысан жұмысын тоқтатады. Сондай-ақ мобильді топтар жергілікті полиция қызметінен түскен материалдардың негізінде ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекісінің 425-бабының 1-бөлімі бойынша заң бұзғандарға 142 257 490 теңге көлемінде 1121 айыппұл салған. Оның ішінде той, садақа секілді шараларды өткізгені үшін тамақтану орындарына 11 098 110 теңге көлемінде 57 айыппұл салынған. Салтанатты шараларды үйде өткізгені үшін жеке тұлғаларға 7 792 292 теңге көлемінде 187 айыппұл салыныпты.

Бекболат Ізбасаров облыстың инфекциялық стационарларында  коронавирусқа шалдыққан 16 адам емделіп жатқанын айтты. Оның алтауы Хромтау, Қарғалы, Мәртөк аудандарындағы ауруханаларда ем қабылдауда. Үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Соңғы тәулікте пневмонияға шалдыққан сегіз адам тіркелген. Жалпы облыста өкпесі қабынған 61 адам емделіп жатыр. Батырбек Нұрғалиев індетке шалдыққандарды емдеуге қаржы уақытында бөлініп тұрғанын, дәрігерлердің  еңбекақысына қатысты да ешқандай мәселе жоқ екенін айтты. Басшылар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Аймақта ахуал тұрақты болғанымен індеттің өршіп кетуі тез. Сондықтан барынша сақтанып жүрген жөн.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3474 адам  тіркелді, оның 49%-ы ауру белгілерімен (1693) және 51%-ы симптомсыз (1781) жағдай. 3315 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2467 адам ауырса,  Әйтеке би — 21, Алға — 97,  Байғанин — 57, Ырғыз — 54,  Қобда — 14, Қарғалы — 57, Мәртөк — 86, Мұғалжар — 172, Темір — 190, Ойыл — 21, Хромтау — 125, Шалқар ауданында 113 адам вирус жұқтырған. Жалпы тіркелген 3474  науқастың 3,3%-ы сырттан келген.  489 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 992. Қазіргі таңда үй карантиніне 305 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.