Жаңалықтар

Бестамақтан шошқаның 30 тонна ішек-қарны қазып алынды

Брифинг

Сәрсенбі күні құзырлы орган өкілдері онлайн режимде «Өңірдегі экология және ветеринарияның өзекті мәселелері» тақырыбында брифинг өткізді. Мұнда негізінен Бестамақтағы шошқа фермасынан шыққан шу әңгіме өзегі болды.

— Өздеріңізге белгілі, 18 қараша күні әлеуметтік желілерде Бестамақтағы шошқа фермасының жұмысына қатысты наразылықтар жарияланды. Біздер оның барлығын көрдік, желі қолданушыларына департаментке жазбаша түрдегі арыздар түскенде ғана тексеру жұмыстарын жүргізе алатынымызды жеткіздік. Бір күннен соң бізге аталған арыз түскенде, 20 қарашадан тексерісті бастадық. Қазіргі таңда бұл жұмыстар жалғасып жатыр. 

Шынында, экологиялық заңдылықтардың бұзылғаны көрініп тұр. Малдың ішек-қарнын, өзге де қалдықтарын жерге көмген. Басқа да заңбұзушылықтардың бар-жоғын анықтау үшін мамандарымыз тексеріп жатыр. Қазіргі таңда тереңдігі 5 метр, ал ені 2,5-3 метрлік шұңқырдан әлгіндей заттар қазып алынып, тексеруге жіберілді. Әзірге 30 тоннадай ішек-қарын табылды. Келтірілген залал мөлшері енді анықталатын болады. «Бұлар Елек өзенін ластады» деген де шағым түсті. Соған сәйкес, судың сынамасы алынды. Жалпы, тексеру жұмыстары 10 жұмыс күніне созылады. Қорытындысын БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жариялайтын боламыз, — деп атап өтті облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев белгілі бір талаптардың орындалмағанын айтты. Мәселен, биоқалдықтар дұрыс жойылмаған.

Ал Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин:

— Шошқа шаруашылығымен айналысатын «Парижская коммуна» серіктестігі  биылғы он айда 750 тонна шошқа етін экспортқа жіберді. Былтыр біз оларды тексергенде, бұндай заңбұзушылықтарды анықтамадық, — деді.

Тікелей эфир барысында тұрғындар Алға ауданынан хабарласып, шошқа фермасының жабылуын талап етті, экологиялық талаптарды өрескел бұзған серіктестіктің жұмысы бүгінге дейін неліктен тексерілмегеніне шағымын білдірді. Жағымсыз иіске арызданғандар да кездесті. Сондай-ақ, мал дәрігерінің жалақысының аздығына, бұл салаға өз деңгейінде көңіл бөлінбейтініне наразылық танытқандар болды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button