Жаңалықтар

Өңір және экология

Брифинг

Қарашаның соңғы он күндігінде әлеуметтік желілерде Ақтөбенің экологиясына қатысты түрлі жазбалар мен пікірлер жазылып жатыр. Даудың басы — Бестамақ ауылы іргесіндегі шошқа фермасындағы өрескел әрекет болатын.

Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл тұрғындардың осы мәселеге қатысты әлеуметтік желілерде жариялап жатқан жазбалары мен сұрақтарына тікелей эфирде жауап беріп, департаменттің жыл басынан бері атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Нұржан Аққұлдың айтуынша, бүгінгі таңда департамент тарапынан облыстағы экологиялық ахуалды жақсарту мен тұрақтандыру мақсатында біршама жұмыстар жүргізіліп жатыр.

—  Ақтөбе облысы өндірісі  дамыған аймақ ретінде белгілі. Облыс бойынша  І санаттағы 185 кәсіпорын бар. Аталған кәсіпорындардың қоршаған ортаға  біршама кері әсері бар екені де сөзсіз. Сондай-ақ аймақта су қоймаларының ластануы, жай-күйінің нашарлауы мен қалдықтардың қордалану мәселелері секілді бірқатар көне экологиялық проблемалар да бар. Бүгінде облыстың қоршаған орта жағдайын жақсарту мақсатында қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштері әзірленіп бекітілді  және оларды жүзеге асыру үшін іс-шаралар жоспары әзірленіп, жұмыстар атқарылуда, — деді департамент басшысы.

Ақтөбе облысының әкімімен келісілген және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрімен бекітілген Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту бойынша  әзірленген жол картасы 6 саланы қамтиды және  33 іс-шарадан тұрады. Жол картасының  басты міндеттерінің бірі — атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын азайту.

Брифинг барысында экология департаментінің басшысы тарапынан облысымыздың атмосферасының ластану деңгейі, «Казгидрометтің» мониторингтік станцияларының деректері, Көкжиде құм алқабындағы жерасты суларының ластануы, Алға қаласындағы ескі химиялық өндіріс қалдықтарын жоюға арналған жобаны іске асыру мен Елек өзенінің алтывалентті хроммен ластануы бойынша әңгіме өрбіді. Сондай-ақ экологиялық өзекті мәселелердің бірі — қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс жүргізу, оларды сұрыптау және кәдеге жарату бойынша шаралар жөнінде сөз қозғалды.

Онлайн-брифинг кезінде департамент басшысына Шалқар көлінің жағдайын айтып хабарласқан тұрғындар да болды. Бұл сұраққа Нұржан Аққұл келесідей жауап берді:

Шалқар көлі — Арал теңізінің экологиялық дағдарысы салдарынан зардап шеккен аймаққа қолайлы климаттық әсер ететін бірегей су қоймасы. Шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікке және бау-бақшаларды суаруға қолдануына байланысты 1937 жылы гидротехникалық қондырғысы мен насос айдау станциясы бар бөгет салынды.  2012 жылға дейін гидротехникалық ғимарат авариялық жағдайда болған. Бұл — көлдің түбінде лай пайда болуының бірден-бір себебі. Қазіргі уақытта қамыс өсу мен батпақтану процестері салдарынан, көлдің су  қоймасы ретінде толық жоғалу қаупі бар. Көлдің түбінде қалыңдығы 1,2 метр болатын лай қабаты жиналып, балықтары өліп жатыр. Экология департаменті мен облыс әкімдігі құны 25,5 миллион теңгені құрайтын техника-экономикалық негіздеме және 93,0 миллион теңгеге жобалық сметалық құжаттама әзірлеп,  «Шалқар ауданы Шалқар көлінің түбін тазарту» деп аталатын мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі уақытта бұл жобаға республикалық бюджеттен қаражат қарастырылып жатыр.

Журналистер мен тікелей эфирге қатысып отырған тұрғындарды мазалаған бір мәселе — Бестамақтағы шошқа фермасына қатысты болды.

—  18 қараша күні әлеуметтік желілерде Алға ауданының Бестамақ ауылындағы «Парижская коммуна XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  экологиялық бұзушылықтарға жол бергендігі туралы жазбалар жарық көрді. Ал 19 қараша күні экология департаментіне Бестамақ ауылы тұрғындарының ұжымдық шағымы тіркелді.  Бүгінгі күні біздің департамент Алға ауданы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасына қатысты Қазақстан Республикасы Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректері бойынша тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 20 қарашадан бастап департаменттің экологиялық инспекторлары көмілген қалдықтарды қазу жұмыстарына қатысуда. Арыздағы деректер анықталып отыр. Өнеркәсіптік сұйық қалдықтарды жер бедеріне шығару фактісі бойынша су сынамалары алынды және департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөліміне жіберілді. Біз тексеру жұмыстарын 3 желтоқсанға дейін жүргіземіз. «Шошқаның тезектері қайда кетіп жатыр?» деген сұраққа да жауап берейін.  Кәсіпорынның арнайы тезек сақтайтын орындары бар. Әрі қарай оны тыңайтқыш ретінде пайдаланады. Әрине, комиссия бұл жұмыстарды да тексеру барысында нақтылайтын болады, — деді облыстық экология департаментінің басшысы.

Оның айтуынша, департамент өкілдері бұған дейін 2011 жылы  «Парижская коммуна XXI» ЖШС-на тұрғындардың шағымы бойынша жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген. Сол кездегі тексеру барысында да аталған кәсіпорынның табиғат қорғау заңнамасының талаптарын сақтамағандығы анықталған еді. Тексеру қорытындысы бойынша сол кезде де кәсіпорынға қатысты әкімшілік шаралар қабылданған.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button