Жаңалықтар

Сотқа дейінгі өндіріс аяқталды

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Жанболат Әбдірайымов Ақтөбе қаласындағы қаржы пирамидасы салымшыларының ісі бойынша тергеу іс-шараларының қорытындысын баяндады. Инстаграм @aqtobe_press және фейсбук әлеуметтік желілері арқылы тікелей эфирге қатысқан тұрғындар сұрақ қоюға мүмкіндік алды.

Аға тергеушінің айтуынша, бүгінде «Estate Ломбард», «Гарант 24 ломбард» «Выгодный займ» секілді қаржы пирамидаларының басшыларына қатысты қылмыстық істің сотқа дейінгі өндірісі аяқталды. Қазіргі таңда жәбірленушілер мен күдіктілерге қылмыстық материалдарды таныстыру процесі жүріп жатыр. Осы процесс аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданатын болады.

  • Қылмыстық істі тергеу барысында республика бойынша 17162 жәбірленуші арызданған. Тергеу аясында тапсырылған мүлік сомасын анықтау мақсатында сот сараптамалары жүргізіліп, 30 миллиардтан астам теңгеге залал келтірілгені белгілі болды. Тергеу барысында осы іске қатысы бар 56 адам анықталды. Оның алтауына халықаралық деңгейде іздестіру жарияланды. Олардың тұрғылықты жерін анықтау мақсатында іздестіру жүргізіп жатырмыз. Қалған елу адам күдікті ретінде танылды. Оның 33-іне қатысты қамауда ұстау, бұлтартпау шарасы қолданылды, яғни, тергеу изоляторында отыр. Бес күдікті үй қамағында болса, қалған 12-сіне ешқайда кетпеу шарасы қолданылды,— деді полиция подполковнигі Жанболат Әбдірайымов.

Еліміз бойынша қаржы пирамидаларына мүлкін салып жіберген 17 162 жәбірленушінің үш мыңнан астамы біздің облыстың азаматы екен. Осыны айтқан аға тергеуші полиция қызметкерлерінің халық арасында қаржылық сауаттылықты арттыруға қатысты іс-шаралар өткізіп тұратынын да жеткізді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button