Спорт

Үздіктер іріктеліп жатыр

Қазақстан чемпионаты

Ақтөбе қаласында 22-29 қараша аралығында жүзуден ҚР чемпионаты өтіп жатыр. Осыған орай «Достық» су спорты кешенінде брифинг ұйымдастырылды.  

Чемпионатта еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және өзге де облыстардан барлығы 16 команда (123 спортшы) бақ сынауда. Пандемияға байланысты бір командаға 14 спортшыға дейін шектеу қойылған.

Брифинг барысында жүзуден Қазақстан құрамасының бас бапкері Олег Вагизов аталған чемпионат келер жылы ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін уақытша іріктеу нормативтерін орындау мақсатында өткізіліп жатқанын атап өтті.

Жарысқа қатысушылардың ішінде жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин де бар.

— Биылғы жыл бәрімізге де оңай болған жоқ. Толық жаттығу жұмыстарын жасауға мүмкіндік болмады. Көптеген жарыстар келер жылға шегерілді.  Ұлттық құрама спортшылары бүгінгі чемпионатта бас қосқанымызға өте қуаныштымыз. Ең алдымен бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз. Жарыстан жақсы нәтижелер көрсетуге тырысамыз, — деді Д.Баландин.

Бүгінгі күнге дейін әйелдер құрамасы 7 стильде жарысып, тиісті нормативті орындады. Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша медаль санымен ақтөбелік арулар (10 алтын, 4 күміс, 2 қола жеңді) көш басына шықты. Ал ұпай саны жағынан Алматы қаласының командасына жол беріп, екінші орынды еншіледі.

27 қарашадан бастап ерлер арасындағы жарыс басталды. Ақтөбе құрамасының сапында республикалық және халықаралық жарыстарда жүлдегер болып жүрген Айбек пен Әлібек Қамзеновтер, Қайрат Нұржанов, Әділ Әділгереев, Глеб Коваленя, Даниил Пинтяк, Константин Корольков сынды жас спортшылар бар.

Чемпионат көрермендердің қатысуынсыз, Үoutube желісі арқылы тікелей эфирде көрсетілуде.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button