Басты бет » Басты жаңалықтар » Оңдасын ОРАЗАЛИН: Ассамблеяның 25 жылдық тарихы бірлік пен келісімнің шежіресіне айналды

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Ассамблеяның 25 жылдық тарихы бірлік пен келісімнің шежіресіне айналды

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Ортақ шаңырақ астында» тақырыбында шара өтті. Ақтөбе қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен мерекелік шараға бірқатар облыстық басқарма басшылары, аймақтағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, Аналар кеңесі мен «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының облыстық штабының мүшелері, «Қоғамдық келісім»  мекемесінің сарапшы-мамандары қатысты.

Іс-шараны өткізудегі мақсат — Елбасы-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы тарихи жолын дәріптеу, сондай-ақ облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің жылдық жұмыс есебін тыңдау.

Шарада облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиналғандарды алда келе жатқан маңызды мереке — 1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.

Маңызды мереке қарсаңында сіздермен кездесудің өзін заңдылық деп білемін. Бұл — барша халқымыздың Елбасына шынайы ризашылығын білдіріп, өзіміздің даңғыл жолымызға көз жүгіртетін, ой қорытатын сәт. Осыдан тура 25 жыл бұрын Елбасының төл туындысы — бір шаңырақ астында ұлттар мен ұлыстарды біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміз тұрақтылық пен достықты ту еткен Ассамблея әлемдік қауымдастықтың алдында лайықты орын алды. Шынын айту керек, дүниежүзілік қауымдастықтың ішінде мұндай Ассамблеяның теңдесі жоқ. Ассамблеяның 25 жылдық тарихы бірлік пен келісімнің шежіресіне айналды. Бұл — бәріміздің ортақ қуанышымыз. Жақында ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінде Елбасы жүйелі жаңғырудың, оның ішінде рухани жаңғырудың өзектілігіне үлкен мән беріп, бұл жұмысқа Ассамблеяның белсене атсалысатындығына сенім білдірді. Сондықтан бүгінгі сұраныстарға жауап беретін жан-жақты қоғам қалыптастыруда Ассамблеяның маңызы ерекше екеніне сенімдімін.

Біз Қазақстанның, соның ішінде Ақтөбе өңіріндегі әр этнос өкілдерінің дамуына атсалысамыз. Олардың ана тілдерін сақтап, үйренуіне , мәдени шараларды өткізуіне көмектесуге міндеттіміз, — деген Оңдасын Оразалин сахнада әрбір этнос өкілдерінің қазақ тіліне құрмет көрсетіп, қазақша баяндама жасағанын  ризашылықпен қабылдады.

Салтанатты шарада аймақтағы «Шатлық» татар және башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Эльвира Хабибуллина, «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы Шабхаз Джамалов және «Оксана» украиндер этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Долженколар  есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыстары туралы баяндады.

— Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 25 жылдығын атап өтуде. Бұл  республикалық жоба еліміздің Тұңғыш Президентінің бастамасымен қолға алынды. Осы мерзім ішінде Ақтөбе облысының татар және башқұрт өкілдері ерекше өркендеу жолынан өтті. Бүгінде біз тарихымызбен, белсенді өкілдерімізбен мақтана аламыз. Қазіргі уақытта «Шатлық» этномәдени бірлестігі мемлекеттің, оның ішінде облыс әкімдігінің қолдауымен уақыт талабына сай жұмыс жасайды. Бірлестіктің алға қарай дамуына барлық жағдай жасалған, — деген Э.Хабибуллина өз сөзінде «Шатлық» этномәдени бірлестігінің аймақтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласатынын атап өтті. «Қазір біз «Рухани жаңғыру» орталығымен бірлесіп, алдағы жылға жоспарымызды қарап жатырмыз. Облыстың киелі жерлерін насихаттау, мемлекеттік тілді меңгеру, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған іс-шараларды бірлесе орындаймыз. Қазақ халқында «Дамудың сыры — бірлікте, табыстың сыры — тірлікте» деген нақыл сөз бар. Біздің барлығымыздың алдымызда ортақ мұрат — тәуелсіз Қазақстанның абырой-мәртебесін арттыру үшін аянбай еңбек ету міндеті тұр», — деді ол.

Роза Долженконың айтуынша, бүгінде аймақтағы «Оксана» этномәдени бірлестігі жанында мемлекеттік және украин тілдерін оқытатын жексенбілік мектеп жұмыс жасайды. Онда әртүрлі жастағы 50 оқушы дәріс алады.

«Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Ақтөбе облысының Ассамблеясы көптеген қазақстандықтарға көмектесті. Бұл орайда аймақта азық-түлік, медициналық бетперделер, дәрі-дәрмектер жеткізу түрінде қайырымдылық көмек көрсету шаралары ұйымдастырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілері мен қызметкерлері тұрмысы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, зейнеткерлерге, ардагерлерге көмек қолын созды. Осылайша Қазақстан халқы Ассамблеясы халыққа көмек көрсетуде және елімізде коронавирустың таралу қаупін төмендетуде маңызды рөл атқарды, — деді Р.Долженко.

Шара барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың атынан «Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында жасалған қайырымдылық шараларына белсене қатысқан облыстық Аналар кеңесі мен республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабы мүшелеріне Алғыс хаттарды, сондай-ақ өңірдегі 18 этномәдени бірлестіктің басшыларына әкімдіктің жыл сайынғы сыйақысын табыстады.

Одан әрі шара этномәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық ұжымдардың мерекелік бағдарламасымен жалғасты.

Арайлым НҰРБАЕВА.