Жаңалықтар

Жеткілікті жемшөп әзірленді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен кезекті аппарат отырысында өңірдегі мал қыстату кезеңіне дайындықтың барысы, пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға тарту мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, бейнебайланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың мәліметінше, облыс бойынша 2020-2021 жылғы мал қыстату кезеңіне азық қоры жеткілікті мөлшерде дайындалған. Бұл үшін облыс әкімінің  қолдауымен 3,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ облыс басшысының 1,5 жылдық мал азығының қорын, яғни 2 365,1 мың  тонна шөп дайындау тапсырмасына сәйкес ауылшаруашылық құрылымдары тарапынан 2550,3 мың тонна шөп, 2,5 мың тонна пішендеме, 20,1 мың тонна сүрлем мен 10,1 тонна сабан әзірленген. Дайындалған шөптің 1 554,1 мың тоннасы мал қыстақтарына, 996,2 мың тоннасы тұрғындарға тасылып алынып, 39 559 ауланы табиғи шөппен қамтамасыз етті.

Мал қыстату науқанына қажет етілетін шөп көлемі 1 683,1 мың тонна болса, қазіргі кезде мал азығымен қамтамасыз ету көрсеткіші 2 601 мың тонна немесе 152 пайызды құрайды. Сондай-ақ Ақтөбе өңірінде төрт түлік мал саны артқан.  Қазіргі таңда облыста ірі қара малы саны 527 208 басты құрайды. 1 355 284 қой-ешкі, 155 500 жылқы, 19 341 түйе, 1 339 641 құс бар.  Өткен жылмен салыстырғанда ірі қара 106,9%-ға, қой-ешкі 103,9%-ға, жылқы 115,5%-ға, түйе 110,5%-ға артқан.

Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин  кейбір аудандарда мал сою алаңдарының талапқа сай келмейтіндігін атап өтті. Алға, Байғанин, Мұғалжар аудандарында заман талабына сай мал сою  алаңдарын салу қажеттігі айтылды.

«Мал қыстату барысында ерекше көңіл бөлетін жағдай — мал төлдету науқанына барынша дайын болу. Қолдағы малдың қоңы мен күйін жоғалтпай, төл күтіліп отырған әрбір малдың жылы қора, қажетті  су мен жемшөптің жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілуі ертеңгі күтілетін төлдің берік негізі екендігін естен шығармау қажет, сондықтан аудан басшылары шаруалармен бірлесе отырып,  мал қыстату кезеңінде әрбір шаруашылықпен қарым-қатынастың болуын бақылауы тиіс. Шалғай шаруашылықтардың жол қатынастары мен байланыс жүйелерінің қалыпты болуын қадағалап, азық-түлік, жанар-жағармай көлемінің жеткілікті мөлшерде екенін назарда ұстау қажет», — деді облыс басшысы.

Облыста жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарманың басшысы Әбдіхат Мырзалин жер учаскелерін нысаналы мақсатқа  сай пайдаланбай отырған меншік иелері және жер пайдаланушыларымен ауқымды жұмыстардың жасалып жатқандығын баяндады.

 Н.ДАУЫЛБАЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button