Жаңалықтар

Ескерткіш тақта орнатылды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған,  өмірінің соңына дейін  жауапты қызметтер атқарған Глеб Щегельскийдің есімі облыс халқына жақсы таныс.

1976-1986 жылдары Ақтөбе қаласындағы №11 орта мектепте оқып, озат оқушы атанған ол алғашқы еңбек жолын Ақтөбе ферроқорытпа зауытында балқытушы болып бастаған. Содан бергі өмірі облыс халқына қызмет етуімен өрілді. Парламент депутаты ретінде ол республикалық бюджет есебінен жалпы құны 6,1 миллиард теңгені құрайтын 5 елді мекенді газдандыруға қатысты бастама көтеріп, қазіргі таңда бұл мәселе қолдау тапты. Оның облыс халқы үшін бұдан басқа да жасаған еңбектері көп.

Өзі оқыған №11 орта мектепте өмірден өткеніне 40 күндей болған Глеб Щегельскийдің құрметіне арналып ескерткіш тақта ілінді. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров және бірге жұмыстас болған әріптестері, бауырлары қатысты.

Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы Глеб Анатольевичтің тәжірибелі маман, өз ісінің білікті басшысы, еңбекқор жан екенін, оның бастамасымен біраз күрделі мәселелер жүзеге асқанын, мемлекеттік қызметкер ретінде абыройлы болғанын айтып, естеліктерімен бөлісті.

Ал ескерткіш тақтаны ашқан Глебтің анасы Наталья Бандровская оқушы Глебтің алғыр болып, сабақты жақсы оқып, мектепті күміс медальмен бітіргенін айтып, қапыда айырылып қалған ұлын қимастықпен еске алды.

Глеб Щегельский «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Шараға қатысқандар бір кездері қимас дос, үлгілі әріптес болған жанның құрметіне тағзым көрсетіп, гүл шоқтарын қойды.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button