Жаңалықтар

Ардагерлер құрметтелді  

Сейсенбі күні облыстық әкімдік ғимаратында ауыл шаруашылығы саласының бірқатар ардагеріне арнайы медальдар табысталды. Бұл — олардың кәсіби мерекесіне орайластырылған шара.

Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин алдымен атқарушы билік атынан жиналғандарды атаулы күнмен құттықтап, саланың өңірдегі даму қарқынына тоқталды:

— Жақында елімізде ауыл шаруашылығы саласының кәсіби мерекесі атап өтілгені белгілі. Пандемияға байланысты барлығыңызбен бірдей кездесе алмай, кезек-кезек жүздесіп жатқан жайымыз бар. Ондағы ойымыз — облыс басшылығы атынан өздеріңізге алғыс айтып, жылына бір келетін мерекелеріңізбен құттықтау.

Сіздер Тәуелсіздік алған жылдары қиын істің басынан табылып, елеулі еңбек еттіңіздер. Кейінгі жылдары да халықты азық-түлікпен қамтып, әрдайым алғы шептен көріне білдіңіздер. Соны біз ешқашан ұмытпаймыз.

Жалпы, биыл бұл салада 5 пайыздық өсім байқалады. Он айдың қорытындысында оң өзгерістер бар. Инвестиция көлемі, өткен жылмен салыстырғанда, 14 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы саласына көптеген инвесторлар келіп жатыр. Кәсіппен айналысып, осы саланы дамытамын деген жас жігіттердің де саны артты.  Бұл — қуантарлық жағдай, — дей келе, ол Мәлік Жекеевке «ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі мен «Ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагері» медалін тапсырды. Соңғы аталған құрметке 7 ақсақал лайық деп танылды. Олар — Есімқан Есенбаев, Қайырғали Арыстанғалиев, Нұрахмет Бисембаев, Мұқан Рахметов, Сағнадин Салықбаев, Николай Солдатенко мен Есет Сартаев.

Шара барысында ардагерлер ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістер мен жаңашылдықтарға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін айтып, замандастарын атаулы күнмен құттықтады. Солардың бірі — Николай Солдатенко:

— Осы саланың өкілдерін Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күнімен құттықтай отыра, амандық, отбасылық бақыт, мол табыс тілегім келеді.

Кәнігі маман ретінде шаруашылықтарға қолдауды күшейту керек деп есептеймін. Біздің негізгі байлығымыз — жеріміз бен егін шаруашылығы екенін баса айтқым келеді. Сосын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына білікті кадрларды тағы тарту керек. Кәсіби тұрғыда шыңдалу әлі де аз. Билік те осы салаға бар назарды аударса деген тілегім бар. Өйткені пандемияның өзі ауыл шаруашылығының қандай күшке ие екенін көрсетті, — деп пікірін ортаға салды.

Кездесу соңында жиналғандар естелік суретке түсіп, оралмас шақтарды еске алды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button