Спорт

Ақтөбеде ел чемпионаты өтіп жатыр

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болды.

Облыс басшысы 22-29 қараша аралығында жүзуден өткізіліп жатқан ҚР чемпионатына қатысушыларға сәттілік тілеп, Ақтөбенің намысын қорғауда баттерфляй стилінде 50 метр, 100 метр, 200 метр қашықтықта бірінші орынға қол жеткізген София Абубакироваға,  2-3 орын иелері Диана Назарова,  Диана Тасжановаларға алтын, күміс, қола жүлделерді тапсырды, сондай-ақ 100 метр қашықтық эстафетасында Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының құрамаларынан басым түсіп, чемпион болған Ақтөбе құрамасын марапаттады.

«Жеңіс пен талпынысқа ұмтылған әрбір қатысушыға сәттілік тілей отырып, өзге қалалардан келген спортшыларға қош келдіңіздер деймін. Осы мектепте қазіргі таңда 800-ден астам бала жүзумен айналысады, біз салауатты өмір салтын ұстанатын өскелең ұрпақ тәрбиелеуге бар күшімізді салудамыз. Қазақ елінің туын биікке көтерер мықты спортшылардың шығарына сенімім мол», — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Бұл жарыс 2021жылғы ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін уақытша іріктеу нормативтерін орындауға ресми, біліктілік болып табылады.

Чемпионатқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысы құрамасынан барлығы 16 командадан 13-25 жас аралығындағы 123 спортшы қатысуда.  Пандемияға байланысты бір командаға 14 спортшыға дейін шектеу қойылған.

ҚР чемпионатының 2020 жылғы форматына сәйкес алдымен әйелдер арасында, одан соң ерлер арасында өтеді.

 Н.ДАУЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button