Әлеумет

Мерекелерде азық-түлік бағасы өспейді

Тікелей желі

Жаңа жыл қарсаңында мерекелерге байланысты азық-түлік бағасының күрт көтеріліп кетуі заңды. Тауар құны неге өседі? Бағаны қалай тұрақты ұстап тұра аламыз? Бағаның өсуі сол заттың тапшылығына да байланысты екені мәлім. Сол себепті қорды мол жинап, ірі өнім өндірушілермен алдын ала келісім жүргізудің нәтижесінде мұның алдын алуға болады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай мен облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов тікелей эфирден қыс алдында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тауар бағасының өспеуіне қандай әрекеттер жасалып жатқаны туралы  сұхбат берді. Әлеуметтік желі арқылы облыс тұрғындарының сауалдарына жауап берген қос басқарма басшысы желтоқсан айындағы мерекелерге қарамастан азық-түлік бағасының негізсіз көтерілмейтінін айтты.

Өйткені,  төтенше жағдай кезінде облыс халқын қамтитын азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті мөлшерде жасақталған.

Бүгінгі күні облыс халқы негізгі тұтынатын 32 түрлі азық-түлік өнімдерінің 24 түрі өзімізден шығады. Ал қалған қарақұмық жармасы, күріш, қант, тұз, сарымсақ, бұрыш, алма, балық түрлері сырттан келеді.

Өңірді өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе облысында 2020-2022 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласы бойынша 192,0 миллиард теңгеге 23 ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Құс шаруашылығындағы жаңа жобалардың бірі — «Рокос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  жылына 35,0 мың тонна  қуаттылықпен республиканың бүкіл батыс аймағын толықтай қамтамасыз ететін құс фабрикасы салынбақ.

Халықты сүт өнімдерімен қамтамасыз ету 107,5%-ды құрайды.  Есептік кезеңде шикі сүт өндірісінің көлемі 277,8 мың тоннаға жетті.  Биылдың өзінде 7 сүт фермасы құрылған.

Қазіргі таңда облыс бойынша жергілікті картоп, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету көрсеткіші 59,5% болса, 2022 жылға дейін 100 пайыз жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Облыс бойынша қуаттылығы жылына 160000,0 тонна болатын жылыжай шаруашылықтарының алқабы 43,5 гектарды құрайды,

Сондай-ақ, облыста «Алқаптан сөреге» жобасы жүзеге асырылуда. Ақтөбе қаласында «Табыс агро» атты әлеуметтік дүкендер іске қосылып, аудандардың тауар өндіруші кәсіпорындары өндірген өз өнімдерін қала жұртшылығына арзандатылған бағамен тікелей сату мүмкіндігіне ие болды.

Облыста азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына биылғы жылы  240,0 миллион теңге бөлінді.

Бірінші сұрыпты ұннан жасалған әлеуметтік нанның бағасын ұстап тұру үшін 2019 жылдың желтоқсан айында жергілікті бюджеттен 160,0 миллион теңге  облыстың 4 ірі нан-тоқаш өнімдерін өндіретін кәсіпорындарына пайызсыз несие есебінде берілді. Ақтөбе облысында нанның дайындалуынан бастап тұтынушыларға жеткенге дейінгі талдау бойынша нан пісіретін кәсіпорындарда нанның өзіндік құны 83 теңгені құрайды. Ал саудадағы  нанның бағасы — 85 теңге. Сонымен қатар «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өз қаражатынан әр өндірілген бөлке нанға 4 теңгеден дотация төледі, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қ.Сәрсембай.

Ал, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, жыл басынан бері ірілі-ұсақты 351 жәрмеңке өткізілген.

«Анвар», «Дина» сауда желілерімен келісімшартқа отырдық. 500-ден астам меморандумға қол қойылды. Қазір қант, күнбағыс, күріш бағасының өсуі байқалуда. Біз бағаның шарықтап кетпеуі үшін күш саламыз. Ірі сауда орындары 5-10 пайыздан артық қоса алмайды, — дейді басқарма басшысы.

Бүгінгі күнге тұрақтандыру қорында барлығы 1939 тонна картоп, 391 тонна сәбіз, 520 тонна пияз,             310 тонна қырыққабат, 3,95 тонна қант, 75,1 тонна 1-сұрыпты ұн, 60 тонна күріш бар.

Тұрақтандыру қорының өнімдері қаланың көптеген бөліктерінде орналасқан «Табыс» коммуналдық базарында және 22 шағын базарда бар.  «Алаңнан сөреге дейін» жобасы аясында қалада 4 «Табыс Агро» сауда павильондарында және «Халық сауда» шағын көтерме орталығының 13 нүктелерінде делдалсыз сатылады.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button