Мәселе

Шаруаның өтініші қаралды

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес облыс прокуратурасымен бірлесіп, кезекті отырысын өткізді.  

Аталған кеңестің төрағасы Есімқан Құрманғазин отырыста екі мәселе қаралатынын айтты. Әуелі Алға ауданы Бесқоспа ауылындағы «Сығалай» шаруа қожалығының басшысы Әлібек Айтбаевтың өтініші тыңдалды. Қожалық басшысы 2016 жылы 150 ірі қараға арналған сүт-тауар фермасын құру үшін Алға ауданы, Бестамақ ауылдық округі, Бесқоспа ауылынан 1 гектар көлеміндегі жер учаскесін жалға алған. Жер учаскесінің игерілуіне қарай, 2019 жылы Әлібек Айтбаев мемлекеттен жер учаскесін кадастрлық құны бойынша сатып алады. Бүгінде ірі қараның саны 200-ге жетіп, сүт-тауар фермасы табысты жұмыс істеп тұр. Өнім халық арасында және сүт шикізатын қайта өңдеу бойынша маманданған кәсіпорындар арасында үлкен сұранысқа ие. Биыл облыс әкімі де қожалықтың тыныс-тіршілігін өзі барып көрген болатын.

— Бүгінгі таңда сүт-тауар фермасының алдағы жұмысына әсер етуі мүмкін жағдайлар бар. Негізі, біздің ферма Бесқоспа ауылынан бір шақырым қашықта орналасқан. Бірақ ферма аймағы шекарасынан 70-100 метр қашықтықта жаңадан салынып жатқан тұрғын үй алабын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қолданыстағы өндірістік объектілердің санитарлық қорғаныш аймағын белгілеу жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес санитарлық-қорғаныш аймағының тұрғын үй алабы мен сүт-тауар фермасы шекаралары арасындағы қашықтығы кемінде 300 метр болуы тиіс. Өйткені ферма өндірістік объектілердің санитарлық классификациясының 3-класына жатады, — дейді мән-жайды түсіндірген фермер Әлібек Айтбаев.

Кеңес отырысына Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов онлайн қатысып, фермерге өз жауабын айтты. Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі таңда 375 адам тұрғын үй құрылысын салуға өтініш берген. Осы жағдайға байланысты 75 учаске жоспардан алынып тасталған. Аудан басшысы қожалық басшысына фермасын ауылға қарай емес, кейін қарай кеңейтуін ескертіпті. Себебі ферманың бір жағы — өзен, екінші жағы да тасқын су кезінде қауіпті, үшінші жағында ауыл бар.

Алға ауданының прокуроры аталған факті бойынша прокурорлық ықпал ету шараларын қабылдады, аудан әкімдігіне ұсыныс енгізді. Кәсіпкерлер палатасы шаруа қожалығының өтінішін қарап, Алға ауданы әкімінен «Бесқоспа кентінде тұрғын үй алабының құрылысы» жобасына өзгерістер енгізу жөніндегі мәселені шешуді, сол арқылы сүт-тауар фермасын одан әрі дамытуға, қосымша жұмыс орындарын құруға және тұрғын алабының болашақ тұрғындарының әлеуметтік шиеленісін болдырмауға мүмкіндік беруді сұрап отыр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button