Жаңалықтар

Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Анық-қанық

Бестамақ ауылындағы экологиялық мәселе бұрыннан да айтылып келе жатқан жай еді. Ал өткен аптада бұл ауылдың іргесіндегі шошқа фермасындағы өрескел әрекет ауыл тұрғындары шыдамының шегіне жетті. Бастамашыл топ әділдік іздеп, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қабылдауына келді. Барлық мәселе енді заң аясында шешілетін болды.

Нұржан АҚҚҰЛ, облыстық экология департаментінің басшысы:

— Бүгінгі күні біздің департамент Алға ауданы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасына қатысты Қазақстан Республикасы Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректері бойынша тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 20 қарашадан бастап департаменттің экологиялық инспекторлары Ғ.Орынбасаров, А.Мұфтақов, М.Кәрібаев, В.Гончарюк және Б.Аянова көмілген қалдықтарды қазу жұмыстарына қатысуда. Сондай-ақ жер бедеріне лас суларды ағызу дерегіне қатысты су сынамалары алынып, департаменттің зертханалық талдауды бақылау бөліміне жолданды. Тексеру жұмыстары аясында кәсіпорынға ұсыну мерзімі көрсетілген тиісті құжаттарды тапсыру туралы сұраныс жіберілді.

Қазіргі таңда департамент мамандарының қатысуымен шошқа сою цехының көмілген қалдықтарын, сондай-ақ басқа да қалдық түрлерін қазып алу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар көмілген қалдықтардың жалпы көлемін анықтау үшін қажет. Сонымен қатар  кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен жер бедеріне сарқынды лас суларды төгу деректері бойынша тұнба алаңдары тексерілді. Айта кету керек, 23 қарашаға дейін ферма аумағынан қазылып алынған биологиялық қалдықтардың болжамды көлемі — 50-70 тонна.

Біз тексеру жұмыстарын 3 желтоқсанға дейін жүргіземіз. Алдын ала болжам айтып, шешім шығара алмаймыз. Себебі барлығы тексеру жұмыстарының қорытындысы негізінде белгілі болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button