Басты жаңалықтар

Жыр арқауы болған жұртпен жүздесу

«Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен дәстүрге айналған «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің аудандардағы қалың оқырмандарымен жүздесуі «Жыр арқауы — Жем-Сағыз күндері» деген атаумен Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында өтті.

Тағзым мен құрмет

Сарала таңнан жолға шыққан шараға қатысушылар тіріге құрмет, аруақтарға тағзым етуді мақсат тұтып, жолай ақын Сағи Жиенбаев, жазушы Қажығали Мұханбетқалиевтың туған мекені Бұлақтыкөлге, ақын Өтежан Нұрғалиевтің туған жері Төбекөңге аялдай, Кәдірқұл бұлағына тоқтады. Ел-халық жақсы білетін жайсаңның аты қалған бұлақ басында ауылдың адамдары да аңқылдап, дәм-тұзын ұсынып алдан шықты. Таңда басталған әжептәуір салқындық осы жерге дейін жетіп, ылғалдылық жоғары болғасын ба, бойды алып, дір қалтыратып  тұр еді. Аудан, ауыл азаматтарының ыстық ықыласы, бұлақтың зәмзам суы жылытып жіберді. Әдетте бұлақтың суы шілденің ішінде шекеңнен шығатындай тас салқын болушы еді, мына жердегі су шіміркенбей ішетін бөлменің қалыпты температурасын ұстап тұр. Жерде тегіс қырбық қар жатқанда, бұлақтың айналасында жылылық бусанып, көк кілем құсап бір тегіс жапырақты шөп өсіпті, жарықтық.

Ауылға жетпей көліктер тағы тоқтады. Өйткені осы жердегі қорымға Тобық Жармағамбетов жерленген. Атақты жазушының аруағына тағзым етіліп, Құран бағышталды.

Аруақтарды ризалағаннан кейін шараға қатысушылар ат басын Жарқамыс орта мектебіне тіреді. Себебі «Қазақстан жазушылар одағының филиалындай» деп халық таңғалысып айтып жүрген Жем-Сағыз бойының ақын-жазушыларының дені осы мектепте оқыған. Сондай-ақ бұл — Сақтаған Бәйішев, Назарбай Блиев, Нұрдәулет Күзембаев, Ілияс Тәжімұратов, Асау Жалғасов, Қуандық Дүйсенов, Кенжеғали Кенжебаев сынды көрнекті ғалымдардың да атамекені.

Өңшең жақсылар мен жайсаңдар шыққан білім ошағы бүгінде де сол өзінің биігінде екен. Өнерлі ұстаздар мен алғыр шәкірттер қонақтарды өздері мақтаныш ететін жерлес ақын-жазушыларының өлең-жырларымен сусындатты. Әндерін шырқап, шаттыққа бөледі, бұл мектептің бүгінгі ақ шыбық шәкірттері де шетінен ақын сияқты — жыр боп төгіліп тұр.

Мектептің осыдан екі жыл бұрын ұйымдастырылған құнды жәдігерлерге толы музейі де, ғимараттың әр қабатындағы көрнекі стенділер де осында білім алған атақты шәкірттері хақында сыр шертеді.

Мектептен шығып, ауылдың саябағына келгенде және бір жаңалық алдан шықты. Осы шараның аясында, қазақтың ғұлама-шежірешісі, елге имандылық ісін таратқан Ыбырайым ахуннан бастап, осы өңірден шыққан күллі ақын-жазушыларының бейнелері (3х2 көлемде) жасалып ілініпті. Осы заманғы баннер үлгісі — тұлғалар туралы мағлұмат береді және әрқайсысының бір-бір шумақ жырлары жазылған.

Осындай жаңалығымен ерекшеленген ауылдың саябағы Мәдениет үйіне қарсы орналасқан. Салтанатты мереке сәтіндей күнге есігін айқара ашқан мәдениет ордасының алдындағы алаңда ашық аспан астындағы музей көпшіліктің назарын өзіне аудара қойды. Бұны — аудандық өлкетану музейі ұйымдастырған екен. Ауданның 9 селолық округі аумағындағы тарихи ескерткіштердің макеті қойылған. Республикалық, облыстық деңгейдегі қорғауға алынған құнды ескерткіштер, қасиетті киелі орындар. Дәуімшар, Қарасақал, Сүндет ата қорымдарының, Ақбота ескерткішінің, Ақбұлақ сынды көрікті жердің, сондай-ақ аудан көлеміндегі өзге де тарихи орындардың макеттері көзге жылы ұшырайды. Осы арқылы музей қызметкерлері экскурсиямен баруға қазіргі кезде мүмкіндік жоқ қонақтарға киелі орындарды көруге, танысуға жағдай жасады.

Жақсыдан — шарапат

Әрине, бұл күнгі басты кездесу, пандемия кезіндегі шектеуге байланысты тұрғындардың шағын тобымен, сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, аудандық Мәдениет үйінде өтті. «Жыр арқауы — Жем-Сағыз күндері» шарасына қатысушыларды таныстырғаннан кейін, алғашқы сөз Қазақстан Журналистер одағы  облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры,Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Раукен Отыншинге берілді.

— Екі газеттің оқырмандармен кездесуін, әртүрлі себептермен байланыстырып, жылма-жыл дәстүрлі түрде аудандарда өткізіп келеміз. Бүгінгі шара соның жалғасы іспеттес. Оның Жарқамыста өтуі де түсінікті, жартылай жазушылар одағы атанған киелі жер екенін жұртшылықтың бәрі біледі. Осы шараны ұйымдастыру барысында ақылдаса келіп, біз тек бүгінгі шығармашылық иелеріне, оқырманға құрмет көрсетіп қана қоймай, көзден кетсе, көңілден кетеді дегендей болмасын деп, осы өңірден шыққан, өмірден өткен ақын-жазушыларды, өзге де жақсыларымызды еске алайық деген тоқтамға келдік.

Осы бағытта Жарқамыста өткен біраз іс-шаралардың, мерейтойлардың басы-қасында жүріп, талай куәсі болғанбыз. Сол тұстағы аудан әкімі Түрікпенбай Айжарықов үнемі осындай игі істерге қолдау көрсетіп отырды. 1994  жылы Тобық Жармағамбетовтің туғанына 60 жыл толуы атап өтілді. Сонда әріптесіміз марқұм Әмір Оралбайдың: «Қарауылкелді Байғаниннің — Москвасы, Жарқамыс — Санкт-Петербургі» деп айтқан үлкен теңеуі есімде қалыпты. Шынында, Жарқамыс кезінде мәдениеті мен әдебиеті қатар дамыған қасиетті мекен еді. Одан бір жылдан соң діни қайраткер, қазақ шежіресін өлеңмен жазған Ыбырайым ахунның мерейтойы болды. Ол бір қиын кездер еді. Басқа да ірі-ірі шаралар өтті.  Еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жылға жуық уақыт болды — өркендедік, өстік. Ауылдағы өзгерістерге де  көңіліміз толады. Ақын-жазушыларымыздың мерейтойларын жыл сайын атап өтіп жүрміз, Бүгінгі шараға да біз біраз қам жасадық, Жарқамысқа келгеннен кейін, атаусыз қалмасын деп, белгілі ақын-жазушылардың, өзге де танымал есімдердің атындағы арнаулы сыйлықтар әзірледік. Соны осы салтанатта тапсырамыз, — деді «Ақтөбе Медиа» холдингтің басшысы.

Өзінің сөзінде мұнымен бірге, ғасырлық тарихы бар «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттеріне жазылу жүріп жатқанын да еске салып, жанашыр оқырмандарымыздың көпшілігі ауыл-селоларда тұрады дей келіп, жиынның мақсаты — оқырмандармен кездесуді, емен-жарқын пікір алысуды, олардың талап-тілектерін, ойларын білуді де көздейтінін айтып өтті.

Қазақтың сыршыл ақыны Сағи Жиенбаев атындағы сыйлықты Байғанин аудандық Мәдениет үйінің директоры Гүлжан Қонаеваға, өрмінезді ақын Өтежан Нұрғалиев атындағы сыйлықты және төсбелгісін ақын Аманғали Жалдыбековке, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы  сыйлықты газет жанашыры Бауыржан Тәжімұратовқа тапсырды.

Ұзақ жылдар Байғанин ауданын басқарған ел ағасы, ауданның құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Түрікпенбай Айжарықов «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның облыстың мәдени орталығына айналып, елмен жұмыс жасаудың үлгісін көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Оның қолынан еңбек ардагері Жұбат Оңайбек Ыбырайым ахун Құлбайұлы атындағы сыйлықты және «Құрметті ардагер» төсбелгісін, белгілі сазгер, ақын Орал-Қосай Байсеңгір Бәкір Тәжібаев атындағы сыйлықты алды. Ал аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болғанға дейін, ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында қызмет істеген  Нұрәділ Қолдасбаевқа бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі тапсырылды.

Ризалық лебіздер

ҚР Бейбітшілік пен келісім кеңесінің облыстық филиалы төрағасы, облыстың құрметті азаматы Келдібай Еспағамбетов даңқты ағаларының жолын қуып, ақын-жазушы болмақ жас жеткіншектерге қарата: «Өсе келе осы елдің ертеңгі қорғаны да, орманы да өздерің, азамат болып өркендететін де өздерің, солардай тарлан боз атаныңдар!» — деп, толқи сөйледі. Газет жанашыры, отставкадағы полиция подполковнигі Мақсатқали Сүйесов те кездесу барысында жерлестеріне өзінің лебізін білдірді.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС атынан сыйлықтар тапсыру одан әрі жалғасты. Журналист-жазушы Ибадулла Сұлтанов атындағы сыйлыққа Абай өлеңдерінің насихаттаушысы Қ.Жазықов атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Қазина Нұртазина ие болды.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев өзінің сөзін газет пен оқырман арасындағы байланысқа, ұрпақтар сабақтастығына арнады. Және ақын Есенбай Дүйсенбайұлы атындағы сыйлықты жас ақын Есенбек Жұмағалиевке, жазушы Тынымбай Қарин атындағы сыйлықты ақын Айнабек Жеткербаевқа, жазушы Мәди Айымбетов атындағы сыйлықты жас ақын Нұрталап Айбазарға тапсырды.

Салтанатты марапаттау барысында дәрігер-ғалым, профессор Қуандық Дүйсенов атындағы сыйлық Жарқамыс ауылдық ауруханасының бас дәрігері Сатыпалды Тілегеновке берілді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов атындағы сыйлықпен ұстаз Гүлдана Сәбитова марапатталды. Сыйлықты ақынның өзі тапсырды. Осы шара аясында биыл 70 жасқа толған Жақсылық Айжановтың да мерейтойы аталып өткенін атап айту керек. Әсіресе, оған өзі оқыған осындағы орта мектеп, Мәдениет үйі ұжымдары, ауылдастары үлкен ықылас көрсеткеніне куә болдық. Кездесулерде өлеңдері оқылып,  ізгі тілектер айтылды. Кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Ақын өзі білім алған мектепке құр қол келмепті. Осында оқитын 10 оқушыға өзінің жаңа кітабы, газет-журналдар, оқу құралдары салынған қомақты сөмкені сыйға тартты.

Кездесу қорытындысында аудан әкімі Қайрат Отаров шараның сәтті өтуімен қатысушыларды құттықтап, «Ақтөбе Медиа» ЖШС тарапынан қатысқан өкілдерге алғысын білдірді. Аудан тарапынан жол-жоралғылар жасады.

Осы жиынға қатынасқан жақсы сезінген Жұбат Оңайбек, Айтуған Жұбаналы сынды ауыл ақсақалдары, осы шараға арнайы шақырылған байғаниндік жас ақын, Ақтөбе медициналық университетінің студенті Ақілгек Мырзабай жиын соңында өз ризашылықтарын білдірді.

Ауданның, ауылдың өнерпаз тобы ән мен жырға бөлеп, кездесудің әсерлі өтуіне аянып қалған жоқ. Әсіресе, мәдениет бөлімінің басшысы Нұрәділ Қолдасбаев, мектеп директоры Самал Жиенбаева, Мәдениет үйінің директоры Гүлжан Қонаева суырылып тұрған өз өнерлерімен көпшілікті шын сүйсінтті.

Бағдарламалық шараларды жүргізуде әр кез ортаның сәні болып жүретін ҚР мәдениет саласының үздігі, журналистер одағының мүшесі Орал-Қосай Байсеңгір бұл жолы да есте қаларлықтай қызмет көрсетіп, «Байғанин маршымен» жырдан шашу шашты.

Жарқамыс ауылдық округінің әкімі, жас басшы Асылхан Жұбаналының да шараның өтуінде өз тарапынан белсенділік көрсете білгенін көпшілік жақсы бағалады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button