Экономика

Жағдайың қалай, кәсіпкер?

Коронавирус індеті ел экономикасына және еңбек нарығына айтарлықтай теріс әсер етті. Алайда мемлекет шағын және орта бизнесті бұл тоқыраудан шығарып, тамырына қан жүгірту үшін барынша қолдау танытуға тырысып бағуда. Әсіресе, қазір отандық кәсіпорындардың жұмысын дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде ел алдында екі мәселе тұр: карантин режимін сақтау және жекелеген кәсіпорындарға нақтылы қолдау көрсету.

Қазір Ақтөбеде 60 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс жасайды. Қалыптасқан жағдайға байланысты кәсіпкерлікке нақты қандай қолдау бар? Облыстағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу деңгейі қандай? Осы және өзге де мәселелерге қатысты біз облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовпен сұхбаттасқан едік…   

Биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша облыста жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілері санының өсуінде оң үрдіс байқалады. Қазіргі таңда аймақта жұмыс жасап тұрған кәсіпорындардың саны — 60,9 мың бірлік. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға жоғары. Әрине, қазіргі таңда біз кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігін сақтау, оларды барынша жедел режимде қолдау үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тырысып жатырмыз. Өйткені біз кәсіпкерлердің проблемаларын зерделейміз. Сондықтан өз жұмысымызды кәсіпорын толық іске қосылғанға дейін бизнес жобаларын сүйемелдеу форматында құрамыз. Бұл бағытта облыста ресурстар көзі  жеткілікті, мүмкіндіктер де жоғары. Бір сөзбен айтқанда, өңірде шағын және орта бизнесті одан әрі дамытудың нақты бағыты бар.

— Сонда кәсіпкерлерді тығырықтан алып шығу үшін нақты қандай бағыттарға сүйенесіздер?

Мәселен, ағымдағы жылы дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде басқарма «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын қаржыландыруды 2,4 миллиард теңгеден 3,3 миллиард теңгеге дейін арттыру мәселесін пысықтады. Бұл — мемлекеттік қолдау көрсету үшін кәсіпорындар санын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні белгіленген KPI, яғни тиімділіктің негізгі көрсеткіші  асыра орындалды. Шағын және орта бизнес субъектісі бойынша 509 жоба  мақұлданды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім — 59 пайыз. Біз қолдау көрсеткен бизнес-жобаларға мониторинг  жүргізген болатынбыз. Мәселен, биыл іске асырылған бизнес-жобалар —  сауда (24 пайыз), көлік тасымалдары (21 пайыз), өңдеу өнеркәсібі (14 пайыз), уақытша тұру және тамақтану бойынша қызметтер (8,3 пайыз), құрылыс (7,2 пайыз), білім беру (3 пайыз), денсаулық сақтау (3,8 пайыз) және басқалары неғұрлым тартымды салалар қатарына жатады. Қолдау тапқан жобалардың құрылымы дағдарыстың ықпалына қарамастан, аймақта кәсіпкерлік белсенділіктің сақталып отырғанын көрсетеді. Бұл орайда  инвестициялық мақсатта 15,8 миллиард теңгеге 258 жоба мақұлданды. Бұл жерде айта кететін бір жайт, осы бағдарламаның арқасында облыста «Ибис» қонақүйі, «Зерде Керамика», құбыр зауыттары, сондай-ақ коронавирус кезеңінде медициналық кереуеттер өндіру бойынша қажетті «Вега» жиһаз, «Әйгерім» және «Дана Дентал» клиникасы сияқты жобалар жұмыс істей бастағанын атап өткім келеді. Шектеу шараларына қарамастан, «Амир гранд холл» мейрамханасы салынды. Қазір бұл ғимарат отбасылық кафе ретінде жұмыс жасайды. Сол сияқты «Ақтөбе молл» сауда ойын-сауық орталығы жанында балалар аттракцион-паркі және Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағын ауданында бизнес орталығының құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ біз жас кәсіпкерлердің бастапқы бизнесін қолдауға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл бағытта бюджет қаражаты есебінен кепілсіз, қайтарымсыз гранттар берілді.

Өздеріңізге белгілі, Үкімет экономиканың ең көп зардап шеккен 29 саласын анықтады, олар үшін салық бойынша нөлдік мөлшерлеме қолданылды және қолданыстағы қарыздарды 6 пайызға дейін қайта қаржыландыру мүмкіндігі берілді. Осылайша аймақта 20,7 миллиард теңге несие сомасы шеңберінде 226 жоба қолдау тапты.

— Осы орайда «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының жаңа талаптарына кеңірек тоқталып өтсеңіз. 

— Біріншіден, субсидиялау есебінен кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлеме 6 пайызға дейін төмендетілді. Бұрын мемлекет есебінен субсидиялауды ескере отырып, түпкілікті мөлшерлеме 8,5-10 пайыз болды. Сондай-ақ несиелерді субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша салалық шектеулер алынып тасталды. Іс жүзінде барлық салалар, оның ішінде қоғамдық тамақтану, сауда объектілері, қызмет көрсету сияқты салалар да бұл қолдауға ие бола алады. Бұл орайда субсидияланатын несиенің жоғары шегі 2,5-тен 7 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар аталған бағдарламаға экономиканың  7 саласында қолдауға ие болатын ірі бизнес субъектілер де енгізілді. Олардың қатарында тамақ өнімдерін өндіру, сабын және жуғыш, тазалағыш және жылтыратқыш құралдар өндірісі, шаруашылық-тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдарын өндіру, автомобиль көлігімен жүк тасымалдау, қойма шаруашылығы және қосалқы көлік қызметі, туризм  сияқты салалар да енді.

Тағы бір айта кететін жайт, бағдарламаның жаңа талабы бойынша кепілдік беру тетігі де айтарлықтай жеңілдетілді. Сондай-ақ кепілдік берілетін несие көлемі 360 миллион теңгеден 1 миллиард теңгеге дейін артты. Нақтырақ айтсақ, несие  сомасы 1 миллиард теңгеге дейін болғанда, ірі және орта бизнес субъектілері үшін кепілдік мөлшері 50 пайызға дейін, ал микро және шағын бизнес субъектілері үшін несие сомасы 360 миллион теңге кезінде кепілдік мөлшері 85 пайыз болмақ. Қабылданған бұл өзгерістер елімізде дағдарысқа қарсы жасалған шаралардың бірі десек болады.

— Биыл кәсіпкерлік мақсатта қайтарымсыз гранттарды қаржыландыру  көлемінің едәуір ұлғайғанын білеміз. Аймақта мұндай мүмкіндікке қанша кәсіпкер қол жеткізді?

— Иә, биылғы жылы гранттарды қаржыландыру көлемі 40 миллион теңгеден 140 миллион  теңгеге дейін артты.  Мемлекеттік қолдаудың бұл құралы дайын, бәсекеге қабілетті бизнес-идеяға ие бола отырып, өз ісін «нөлден» бастаушыларға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 34 кәсіпкерге грант берілді. Жеңімпаздар арасында 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлердің 14 жобасы (41 пайыз), әлеуметтік осал кәсіпкерлердің, яғни 6 көпбалалы ананың 8 жобасы (23 пайыз) бар.

Гранттық жобалардың толық іске қосылуы аймақта шеге дайындау, ротанг жиһазын, ысталған балық, фри картобын өндіру, туризмді дамыту сияқты өзге де бизнестің еркін сегменттерін дамытуға мүмкіндік береді.

— Елімізде экономиканы әртараптандыру мақсатында «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға ерекше басымдық берілген. Бұл өз кезегінде халық тұтынатын тауарлардың отандық өндірісін арттыруға мүмкіндік бермек. Аймақта осы бағытта қандай шаруалар атқарылды? 

—  Ақтөбе — республикада отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру бойынша көшбасшы облыстардың бірі. Аталған бағдарламаны іске асыру уақыты басталғаннан бері 51,5 миллиард теңгеге 193 жоба мақұлданды. Егер өткен жылы 83 жоба қолдау тапса, ағымдағы жылы 38,6 миллиард теңге сомасында 110 жоба мақұлданды. Мұның 84 пайызы ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешені үлесіне тиіп отыр.  Аталған бағдарламаның шарттары аймақта «АкТеп», «Айс плюс» сияқты басқа да  ірі бизнес-жобаларды құруға ықпал етті. Сондай-ақ «Ваниль» компаниясы қаланың Батыс-2 шағын ауданында жаңа кондитерлік цехтың құрылысын аяқтау үшін қолдау тапты. Сонымен қатар «Вест Пак» серіктестігі  гофракартон өндіру бойынша жобаны іске асырып жатса, «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» кәсіпорны астық сатып алу үшін айналым капиталын толықтыруға несиелеу мақұлданды. Сол сияқты мал шаруашылығымен айналысатын шағын кәсіпорындар, шаруа және фермерлік қожалықтар да аталған бағдарламаның шарапатын сезініп отыр.

Бұл орайда мен кәсіпкерлерді қолдауға арналған тағы бір бағдарлама туралы айтқым келеді. Ол — «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты — жеңілдетілген  несиелер (4-6 пайыз) беру арқылы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты кәсіпкерлік қызметке тарту. Биыл микрокредит беру үшін 4,7 миллиард теңге көзделді. Бұл бағдарлама тұрғындардың жоғарыда аталған санаттары арасында үлкен сұранысқа ие. Өйткені онда кепілдікті қамтамасыз ету бойынша шарттар өте қарапайым әрі ыңғайлы. Қазір біз бұл бағдарламаны толық жүзеге асырдық. Нәтижесінде 4,7 миллиард теңге несие сомасына 953 жоба несиеленді.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы негізгі оператор  — «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы. Бұл орайда Ақтөбе қаласы мен Хромтау моноқаласы үшін микрокредиттің ең жоғары сомасы — 6500 айлық есептік көрсеткіш, яғни 18 миллион теңгеге дейін, ал ауыл кәсіпкерлері үшін шағын несиелеудің ең жоғары мөлшері — 3500 айлық есептік көрсеткіш. Бұл — 6,9 миллион теңге.

— Қалыптасқан жағдайға байланысты шағын және орта бизнестің несиелері кейінге қалдырылғаны белгілі. Қазір облыста мұндай жеңілдікті сезініп отырған бизнес субъектілерінің үлесі қанша?  

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі барлық екінші деңгейлі банктер, ломбардтарды қоса алғанда, микроқаржы ұйымдары, онлайн-кредиттеу компаниялары және басқалары үшін төлемдерді және сыйақыны тоқтата тұру тәртібін бекіткенін білесіздер. Осы бағытта облыс бойынша аталған агенттік өкілдерімен бірлесіп бұл талаптар екінші деңгейлі банктер мен  даму институттарына жеткізілді. Қазір облыста банктер төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғындар мен шағын және орта бизнесті 90 күнге дейін кейінге қалдыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Қазірдің өзінде 1200 шағын және орта бизнес субъектісі үшін сыйақы төлеу бойынша төлемдер кейінге қалдырылды. Бұл — жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы санының 2 пайызы ғана. Кейінге қалдырылған төлемдер сомасы —  20,1 миллиард теңге.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button