Басты жаңалықтарМәселе

Жұмыс беруші «Құл иеленуші» емес                                                               

«Адам саудасына қарсы күрес мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Бұл жағынан Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы жағдайы айтарлықтай емес. Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарды тергеу рәсімін жетілдіре түсуі керек. Осыған орай сот тәртібімен қатаң жаза қолданылуы қажет. Бұл маңызды міндет мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылын талап етеді».

 ҚР Президенті Қ.ТОҚАЕВТЫҢ

«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауынан.

Дүниежүзінде қару-жарақ сату мен есірткі бизнесінен кейінгі көлеңкелі бизнесте үшінші орында тұрғаны — адам саудасы. Әлем елдері адамдарды құлдыққа салумен үздіксіз күресіп келе жатса да, «тірі тауар» саудасының жолы біржола кесілмей отыр.

Халықаралық статистикалық ұйымдардың мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде әлемде 40 миллионнан астам адам құлдықтың құрбаны болып отыр. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, соңғы жылдары Қазақстанда да адам саудасы, өкінішке қарай, көбейіп отыр. 2019 жылғы адам саудасы бойынша баяндамасын жариялаған АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанды «бақылау тізіміне» енгізді. Бұл тізімге Қазақстан бірінші рет еніп отыр. Бұл еліміздегі адам саудасы құрбандарының азаймағандығын көрсетеді.

Елімізде адамдарды еңбек және сексуалдық құлдыққа салу дерегі көбірек тіркеледі. Статистика бойынша, 2004-2019 жылдары 1139 адам жұмысқа жегілсе, 708 адам ықтиярсыз тәнін саудалауға мәжбүр болған. Сарапшылардың пікірінше, құлдыққа түсуден қорғалмаған адамдарды анықтайтын «осалдық индексі» елімізде 43 пайызға жетіпті, бұл елдегі әрбір екінші адамның құлдық құрбаны болу тәуекелінен қорғалмағанын көрсетеді.

Ақтөбедегі «Дәріс» ақпараттық-кеңес беру орталығы 2016 жылдан бастап қиын жағдайға түскен адамдарға, соның ішінде мигранттарға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, еңбек, сексуалдық құлдықтың құрбаны болғандарға көмек көрсетіп келеді. Сол жылдан бастап мыңнан астам  мигранттар мен шетелдік азаматтарға, 100-ден астам адам саудасының құрбаны болғандарға, құлдыққа ұқсас басқа да жағдайларға түскен азаматтарға медициналық, құқықтық, психологиялық жан-жақты қолдау көрсетілген.

— Осы уақыт аралығында ондаған жобалар жүзеге асырылды. Негізгі серіктесіміз — Біріккен Ұлттар Ұйымы агенттігі жанындағы халықаралық көші-қон миграциялық ұйымының Қазақстан Республикасындағы өкілдігі. Ал қазіргі уақытта еліміздегі АҚШ Елшілігінің шағын гранттар бағдарламасының «Бірлесіп адамдарды сатуды тоқтатамыз!» атты жобасы аясында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жоба бойынша адам саудасы құрбандары болғандарға қолдау көрсете отырып, осы тақырыпқа қатысты түрлі тренинг, семинарлар өткізіп жатырмыз, — дейді аталған орталықтың атқарушы директоры Гүлнұр Едігеева.

Шаруа қожалықтары заңды білмей ме? 

Жақында Ақтөбе қаласының Астана ауданы әкімдігі ғимаратында Астана аудандық прокуратурасы, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма, «Дәріс» ақпараттық-кеңес беру орталығы өкілдерінің, учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесу өткізілген болатын. Бұл кездесуде адам саудасы мен еңбекті қанаудың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтылды. Жиынға ауданда орналасқан шаруа қожалықтары, соның ішінде «Жаңақоныс», «Сазды», «Құрашасай» тұрғын алаптарындағы кәсіпкерлер шақырылды.

Гүлнұр Едігееваның айтуынша, бүгінде шекараның ар жағындағы былай тұрсын, ел ішіндегі адам саудасы тоқтамай отыр.

—   Зерттеулерге сәйкес, Қазақстан — Орталық Азиядағы ел аумағынан тыс жерлерге қарағанда өз отанында құлдыққа түсуі қаупі жоғары бірден-бір ел болып отыр. Арзан жұмыс күшін ауылдан қалаға, қаладан ауылға тасымалдау жиі кездеседі. Құжаттары, тұрғылықты жері жоқ ересектерді, ата-анасының қадағалауынсыз балалар, мүгедектер, жұмыссыздар, аз қамтылғандар адам саудасының құрбаны болу қаупіне көбірек ұшырайды. Қазақстан бірнеше жылдан бері адам саудасына қатысты тізімде «2-санатта» болса, былтыр «бақылау тізіміне» енгізілді. Бұл — адам саудасы құрбандарын қорғау стандарттарының дұрыс сақталмай отырғандығының көрінісі. 2015 жылы облыстың шалғай ауылдарындағы шаруа қожалықтарында еңбек етіп жүрген адамдардың еңбегін қанау, оларды құлдықта ұстауға қатысты зерттеу жүргіздім, сол уақыттан бері осы мәселемен жіті айналысып келемін. Сол зерттеуде 2014 жылғы оқиғаларға қатысты толық сараптама жүргізген едім. 2014 жылы облыста адам саудасына қатысты 4 дерек тіркелген. Бұлардың барлығы аудандардағы шаруа қожалықтарында болған жағдай. Олар жұмысшыларын еңбек құлдығында заңсыз ұстаған, айлықтарын уақытында бермеген. Алайда бұл істерге қатысты сотталғандар жоқ, себебі барлығы да жеме-жемге келгенде істі бейбіт түрде шешуге тырысады. Мәселен, Әйтеке би ауданында жергілікті шаруа қожалығы басшысы бір адамды 82 ай бойы құлдықта ұстаған!  2007-2013 жыл аралығында ол адамды жұмысқа салып, жақсы жалақы беремін деп алдаған. Ол кісіге заң бойынша 3-5 жыл аралығында мүлкін тәркілеумен бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы тиіс болатын, алайда қанаушы жәбірленушіге келтірілген зиянды (500 мың теңге) толығымен өтеп, екі жақтың татуласуына байланысты іс жабылған. Мұны неге айтып отырмын? Себебі дәл осындай деректер бүгінгі күні де жиі тіркеледі. Көп жағдайда ірі шаруа қожалықтары тұрғылықты жері жоқ адамдарды жұмысқа алады да, оларға жалақы төлемейді, — дейді ол.

Гүлнұр Едігееваның айтуынша, біздің өңірде адам саудасы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Дәл қазіргі уақытта облыста ҚР Қылмыстық Кодексінің 128-бабы «Адам саудасы» бойынша екі іс қозғалып жатыр. Оның бірі — өзбекстандық азаматқа қатысты даулы іс. Облыстағы шаруа қожалықтарының бірінің басшысы 58 жастағы өзбекстандық азаматты бір жыл бойы құлдықта ұстаған. ІІМ баспасөз қызметінің қызметкері Кәміл Ғалиевтің дерегі бойынша, қожалық басшысы жәбірленушінің құжаттарын тартып алып, қоқан-лоққы жасап, бір жыл бойы еңбек құлдығында ұстаған. Өзбекстандық азамат сарайда тұрып, шаруа қожалығының қойын баққан. Бүгінде қожалық басшысы анықталып, полицияға жеткізілген. Бұл фактіге қатысты Қылмыстық Кодекстің 128-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Аталған бап бойынша жеті жылдан тоғыз жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

— Екінші оқиға Қобда ауданында болды. Ол осы елдің азаматы — әйел адам екі қызымен бірге жұмыс істеген. Адам саудасы құрбаны болып отыр, яғни еңбекті қанау бойынша құқы бұзылған. Жұмыс беруші келісімді жалақысын бермеген. Қазір оларға психологиялық, медициналық, құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Жалпы алғанда бүгінге дейін Қылмыстық Кодекстің 128-бабы, яғни адам саудасына қатысты облыста 14 іс қозғалды. Біздің практикамызда оның тек екеуі ғана сотқа дейін жеткізілді. Бір жерде құлдық құрбаны үш адам болса, бір жерде әйел адам мен ер адам жапа шеккен. Жалпы, 128-бап бойынша қозғалған қылмыстық істердің көбі сотқа дейін бармайды. Себебі көп жағдайда жұмыс беруші жұмысшысын ұрып-соқпайды, қоқан-лоққы көрсетпейді, бірақ жалақысын төлемеген болып шығады. Кейін анықталғандай, екеуара еңбек шартын жасасу үшін жұмысшының құжаты жоқ болып шығады. Бізге екі тарап келген кезде арнайы акт жасатып, жұмыс берушіге жұмысшыға қарыз ақшасын бергізіп, бір-біріне қояр талабы болмаса, тараптар татуласады, — дейді Г.Едігеева.

Орталық басшысының айтуынша, көп жағдайда жалданып жұмыс жасаушылардың жеке басын куәландыратын құжаттары болмайды. Ал құжат болмаған жерде еңбек шартын жасасу да мүмкін емес. Шаруа қожалықтары басшылары көбіне осы сылтауды алға тартады екен. Алайда бұл заңбұзушылық және ол үшін 128-бап бойынша жауаптылық қаралады.

— Учаскелік полиция шаруа қожалықтарында еңбек етіп жүрген азаматтар туралы білуі тиіс. Егер жұмысшылардың құжаты болмаса, бізге хабарласуы тиіс. Мысалы, ол 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өзбек азаматы болуы мүмкін. Құжаты жоқ делік. Мұндай жағдайда учаскелік полиция әрекет етуі тиіс. Біз тиісті мекемелермен біріге отырып шетелдік азаматтарға құжат  жасауға, оны еліне жіберуге, егер осында қалғысы келетін болса, барлық заңдылықтарды сақтай отырып, құжаттарын рәсімдеуге көмектесеміз. Мәселен, жақында бір шетелдік әйел келді. 1997 жылдан бері осында тұрады екен. Кезінде осында алдап алып келген.  Екі баласы бар екен: «Ешқайда кетпеймін, осында қаламын», — деген соң «азаматтығы жоқ тұлға» деген құжат жасаттық. Осындай мысалдар толып жатыр. Сондықтан бұл шараға шаруа қожалықтарымен бірге учаскелік полицейлерді де шақырдық, — дейді ол.

Астана ауданы бойынша аға прокурор Арман Қоңырбаевтың айтуынша, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсу аса маңызды болып отыр. Жүргізілген талдау қорытындысы осыны көрсетеді.

— Ақтөбе — транзиттік облыс. Облысқа шетелден мигранттар көп келеді. Алайда жүргізілген сараптамадан байқағанымыздай, мигранттардың келу-кету мерзіміне ғана көңіл бөлінеді де, олардың не себепті келгені немесе не себепті қайтуға кешіккендерінің нақты себептері анықталмайды. Сондықтан нормативтік құқықтарды жетілдіру керек, — дейді ол.

Еңбек шартын жасастың ба?

«Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры» демекші, адам саудасына, еңбекті қанау мәселесіне қатысты дау жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек шартының жасалмауынан басталады.

Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Аслан Бауыржанұлының айтуынша, облыстағы кейбір шаруа қожалықтары еліміздің еңбек заңнамасының талаптарын сақтамайды.

— Мемлекеттік инспекция тарапынан азаматтардан түскен арыздар бойынша жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек қатынастарына талдау жүргіземіз. Бұл жұмыс, өкінішке қарай, біздің облыста ақсап тұр. Әсіресе, шалғай ауылдардағы шаруа қожалықтары өз жұмысшыларымен арада жұмыс қатынастарын рәсімдемейді. Осыған байланысты инспекция тарапынан құрылған тиісті топтар аудандарда жұмыс істеп, жұмыс берушілерге айыппұл салады. Барлық жұмыс берушілер еңбек қатынастарын рәсімдеуге міндетті, себебі оған заң аясында жауапкершілік қарастырылған, — дейді ол.

Аслан Бауыржанұлының айтуынша, биыл 4 мамырдан бастап жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек шарттары қағаз түрінде жасалса, міндетті түрде электронды нұсқаға түсірілуі тиіс. Алдағы жылдан бастап бұл құжат электронды түрде жасалмаса, ол үшін де жауапкершілік қарастырылатын болады.

— Бұл талапты шаруа қожалықтары басшылары да білуі тиіс, — дейді ол.

Гүлнұр Едігеева шаруа қожалықтары басшыларының не себепті жұмысшылармен еңбек шарттарын жасаспауының бірнеше себебін айтады:

— Еңбек шартын рәсімдеудің күрделілігі, еңбек заңнамасын білмеу және қажеттіліктің болмауы. Дегенмен құжат рәсімдемеудің астарынан жұмыс берушінің жасырын пайдасын да болжауға болады, ол — төмен жалақы төлеу мүмкіндігі, кез келген жұмысты, соның ішінде ауызша уағдаластыққа сәйкес келмейтін жұмыстарды орындауды тапсыру. Мұндай шарттарға көбіне баспанасыздар мен мигранттар келіседі. Алайда еңбек шартын жасамау құқықбұзушылық екенін ескеру керек, — дейді Г.Едігеева.  

P.S.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты  Жолдауында «адам саудасына қарсы күрес мәселесі жағынан Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы жағдайы айтарлықтай емес екендігін, құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарды тергеу рәсімін жетілдіре түсуі керектігін,  сот тәртібімен қатаң жаза қолданылуы қажеттігін» айтқан болатын. Былтыр 27 желтоқсанда ҚР Қылмыстық Кодексінің адам саудасына қатысты 128-бабына өзгеріс енгізілді. Сол өзгеріске сәйкес, адам саудасына қатысты жасалған қылмыстар үшін төрт жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазалау қарастырылған. Мамандардың айтуынша, заңның күшеюі бұл бағыттағы қылмыстарды азайтуға септігін тигізуі тиіс.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button