АуылБасты жаңалықтар

Ауыл әкімінің бір күні

Құрметті оқырман, сізге  Ғабит Мүсіреповтің сонау 1964 жылы жазған «Айгүл қойшының бір күні» атты шығармасы жақсы таныс болар. Ал «Ауыл әкімінің бір күні» жобасы туралы естіп пе едіңіз? Әлгі шығармада жазушы малшы қауым тіршілігіндегі ғаламат қиындықтарды терең реализммен көз алдымызға елестетіп берген еді ғой. Аталған жоба авторы  да жауапкершілігі мол істі өз мойнына алып жүрген ауыл әкімдерінің бір күнін қолынан келгенше айқын суреттеуге тырысқан.

Сонымен, «Ауыл әкімінің бір күні» дегеніміз не болды?

 Экранда — 16 округ

 «Ауыл әкімінің бір күні» — республика бойынша «Үздік мемлекеттік қызметші» ондығына енген Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабыловтың бірегей жобасы. Ауыл әкімдерінің атқарып жатқан жұмыстары мен еңбек адамдарының нақты үлгісін көрсетуді, мемлекеттік бағдарламаларға жүгініп, игілігін көріп отырған азаматтарды дәріптеу мақсатында қолға алынған жобаның облыс бойынша теңдесі жоқ деуге болады.

Ақпарат жеткілікті болып әрі дұрыс жеткізілсе, тұрғындар қай іске де қызығушылық білдіреді. Осы мақсатта жаңа жобаны неге бастап көрмеске деген ой келді. «Ауыл әкімінің бір күні» ақпараттық түсірілімі Қобда ауданының барлық 16 ауылдық округінде жүзеге асты. Әуелі, әрине, аудан әкімімен келісіп, рұқсатын алдық. Кейін бөлімдегі жетекші маман Мейірхан Ақмурзинді телеарнаға арнайы жіберіп, бейнеоператорлықты оқыттық. Бейнекамера сатып алдық. Сөйтіп, елді мекендердегі мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған азаматтарды ауылдасқа үлгі қылып, жаңа форматта насихаттадық. Дайын бейнероликті әлеуметтік желілерге, youtube каналға жүктеп, сілтемелерін whatsaрр мессенджерлері арқылы тараттық. Өздері танитын адамды көрген ауыл тұрғындарының  арасында бәсекелестік артып, «оның жасағаны менің де қолымнан келеді» деген ой қалыптасып, ынта-ықыласы оянады. Енжарлықтан арылады. Осы тұста нағыз бәсекелестік ауылда екені баршаға аян. Ауыл ауданның, аудан облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін құрайтынын осы ретте ескере кеткен жөн, —  дейді өз жобасы туралы айтқан Арман Қабылов.

Әдетте ауыл әкімдерінің атқарған жұмыстарын жыл соңында әкім есебінде ғана білетін ауыл тұрғындары үшін де бұл жоба тың жаңалық болғаны сөзсіз.

— Иә, бізде көбіне мемлекеттік бағдарламалар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталады. Бірақ шалғай жатқан елді мекендерге телеарналардың күнде барып, сюжет жасамайтыны белгілі. Түсірілім тобы келген күннің өзінде оны тұрғындардың бірі көрсе, бірі жіберіп алады. Ал ауыл әкімдері өздері атқарған  жұмыстарын  жиналыстар мен жиындарда баяндама түрінде ғана оқып береді. Заман талабына сай халықтың көбі әлеуметтік желілерді жақсы меңгерген. Оқып, тыңдап отырғаннан гөрі, ұялы телефоннан қарап алғанды жөн санайды. Сондықтан, талапқа сай біз де әр ауылда жасалған роликтерді әлеуметтік желілерге салып отырдық, — дейді жоба жетекшісі.

Үздік бестік анықталды

Арманмен сөйлеспес бұрын біз де оның жаңа жобасын толық қарап шықтық. Әрқайсысы 5-15 минут болатын 16 шағын бейнеролик. Былайша айтқанда, Қобда ауданы туралы 16 сериялы қысқаметражды фильм дерсіз. Әр фильмде ауыл әкімінің таңы қалай атып, кеші қалай батқанына дейін анық, түсінікті көрсетілген.

— Мемлекеттік қызметтегі алғашқы қадамымды ауылдық округтен бастағандықтан,  ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігін жақсы білемін. Ауыл әкімдерінің  жұмысының да  көзге көріне бермейтіні белгілі. Әрбір ауылдық округ әкімі өзіне жүктелген барлық функцияларды жүзеге асыруы үшін ең алдымен жергілікті халықпен тіл табыса білуі керек. Жоба барысында қобдалық ауыл әкімдері таңертең жұмысқа кіріскен сәттен бастап, қас қарайғанша тұрғындардың өзекті мәселелерін шешіп, шаруашылықтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Ауыл әкімі мен шаруашылықтар бірлесе еңбек еткен округтерде қайырымдылық көмектер мен азаматтарды қолдау шаралары жақсы ұйымдастырылғанын байқадым. Мәселен, Ақырап, Жиренқопа, Терісаққан, Өтек, Бұлақ секілді ауылдық округтерді айтуға болады, — дейді Арман.

Қыркүйек айында басталған жоба бүгінде өз мәресіне жеткен. Жоба нәтижесінде үздік деп танылған ауыл әкіміне арнайы  Алғыс хат пен «Үздік ауыл әкімі-2020» деп жазылған статуэтка табыс етіледі.

— Жобаның қорытынды шарасы желтоқсан айында облыс әкімінің қатысуымен өтеді деп жоспарлап отырмыз. Қазір үздік бестік анықталды. Үздіктерді 10 критерий бойынша анықтадық. Яғни, ауылдағы инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс секілді бірнеше  салаларда атқарылып жатқан жұмыстарға қарай іріктедік. Биыл жұмысы үздік деп танылған ауыл әкімін алдағы уақытта республикалық «Үздік ауыл әкімі» байқауы жалғасып жатса, додаға қосу туралы ойымыз да бар, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

«Идеялар фабрикасына» ұсынылды

Осыдан тура бір апта бұрын ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін нақты жобаларға арқау болатын идеяларды іріктеу мақсатында «Идеялар фабрикасы» ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының облыстық филиалының төрайымы Мұхтарита Сағындықова, облыстық мәслихат аппаратының басшысы Тимур Айтқалиев, Президенттік жастар кадр резервіне Ақтөбе облысынан енген мемлекеттік қызметшілер, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері мен магистранттары, мемлекеттік қызметшілер қатысқан шарада Арман Қабылов өзінің «Ауыл әкімінің бір күні» атты жобасын ұсынған болатын.

— Менен өзге, өз жобасын ұсынған тағы да 5 әріптесім болды. Шара барысында мемлекеттік қызметшілер тарапынан мемлекеттік қызмет пен басқару жүйесін жетілдіру, бизнес процестерді оңтайландыру, мемлекеттік қызметті көрсетуді цифрландыру, әлеуметтік және кадр саясаты бағыттары  бойынша ұсынылған идеялар талқыланды. Жиын барысында менің жобаммен қатар Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімінің маманы ұсынған жобаны құптап, үлгі ретінде көрсету керектігін айтты. Бұл жоба облыс немесе республика аумағында қолға алынып жатса, нағыз еңбек адамдарының жұмысы мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы халыққа кеңінен көрсетіліп жатса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

«Нар тәуекел» деп бастаған жобамыз сәтті шыққан сияқты. Бір айдың ішінде 16 ауылдық округті аралап шықтық. Негізгі мақсатымыз — жергілікті атқарушы органның тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттау. Өйткені «әкімдік қайда қарап отыр?» деген жазбаларды әлеуметтік желілерде көп көреміз. Демек көпшілік атқарылып жатқан жұмыстарды көрмейді. Көргісі келмегеннен емес, насихат аз болғандықтан. Меніңше солай, — деп қорытты сөзін Арман Қабылов.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button