Мәдениет

Ахтанов театры көрермендерін қуантты

Өткен сәрсенбінің сәтті күнінде   Ақтөбенің театрсүйер қауымы үшін көптен күткен қуаныш та келіп жетті.

Ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, іші-сырты бірдей өзгеріп, жаңарған театрды көрермендер көруге асыққан сыңайлы. Көрермендер залында ине шаншар жер қалмады. Театр маусымы  өнер ордасының көркемдік жетекшісі  Мағзом Бақытжанов бірнеше жыл бұрын сахналаған ұлы Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысымен» ашылды. Екінші күні тағы да  репертуарда бұрыннан бар, он төрт жылдан бері жүріп келе жатқан Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясын жұртшылық назарына ұсынды. Көрермендер екі спектакльді де жақсы қабылдады. Жаңа маусымда бұрын қойылған екі спектакльді де қысқартып, етек-жеңін жинақтап, жаңалап ұсынған режиссер Мағзом Сәпиұлы былай дейді:

«Жаңа маусымды  «Қобыландымен» ашуда үлкен мән бар. Елдікті, азаттықты тәуелсіздігімізді мадақтауды мақсат еттік. Қобыланды батырдың Қобда жерінде ту көтеріп, шапқыншылармен шайқасқаны тарихтан белгілі. Жалпы батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар әр қазақтың жүрегіне жақын, оқиғасы таныс. Оның үстіне бұл екі жырдың да оқиғасы біздің жерлестеріміз үшін қызық та, ішінде өздеріне жақсы таныс тарихи тұлғалар бар. Олардың ерлігі ұрпаққа үлгі.

Бұрын байқамаппыз, екі спектакль де тым ұзақтау екен, артық-кем тұстары да баршылық екен, бұл жолы оларды қайта қарап, ықшамдап, академиялық уақытқа сай бір жарым сағаттық етіп шығардық. Мұнымыз дұрыс болған сияқты, халық өте жылы қабылдады. Актерлер де барын салып ойнады. Олар театрды сағынып-ақ қалыпты, маусым басталғалы театр адамдарға лық толы. Бұл өнер адамдарына шабыт береді, біз де қуанып жатырмыз».

Үшінші күні орыс труппасының «Қуыршақтар» атты жаңа қойылымының тұсаукесері болды. Бүгінде Мәскеуде тұратын, бұрын Ақтөбеде осы театрда қызмет істеген режиссер В.Виттих сахналаған В.Беляковичтің «Қуыршақтар» қойылымы үш күн бойы аншлагпен жүрді. Жаңа қойылым көптің көңілінен шықты. Орыс труппасы актерлерінің  де жаңа маусымға үлкен дайындықпен келгені көрінді.

Алдағы уақытта  Ахтанов театры көрермендерін тұрақты репертуарымен, жаңа қойылымдарымен қуанта беретін болады.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button