Тарих

Өмір жолы өнеге болған тұлға

Тағзым

Қазақстанның батыс өңірінің хирургиясының негізін қалаушылардың бірі және өсіп-өнуіне тікелей атсалысқан талантты ұйымдастырушы, қолы шипалы дәрігер хирург, көптеген шәкірттер дайындаған ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Намаз Ізімбергенұлы Ізімбергенов өмірден озғанына жыл толып қалыпты.

Ұстаз туралы сәулелі сөз, салиқалы пікір айту үшін ағамыздың жүріп өткен өмір жолдарына соқпай кету әбестік болар еді. Намаз Ізімбергенұлы 1937 жылы 25 желтоқсанда Маңғыстау облысының Түпқараған (бұрынғы Т.Г.Шевченко) ауданында қарапайым шаруалар отбасында туған. 1956 жылы Форт-Шевченко қаласындағы С.М.Киров атындағы қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін екі жылдай ауылдық кеңестің хатшысы болып қызмет жасаған кезде халықтың мұң-мұқтажын, ел ішінде жетіспейтін олардың өмірі үшін ең маңызды мәселелерге көзі жетіп білуі осы дәрігерлік мамандықты саналы таңдауға мұрындық болды. 1958 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне түсті. Бірінші курстан бастап биология кафедрасының студенттік ғылыми үйірмесіне қатысып, Софья Наумовна Гордина сынды ұлағатты ұстаздардың жетекшілігімен эксперименттік жұмыстармен айналысып, студенттердің конференцияларында баяндамалар жасап, жүлделі орындарға ие болғаны жөнінде Намаз ағамыз айтып отыратын-ды. Сол ұстазы институттың соңғы курсында жүргенде «Егер сен хирург болуды армандасаң, өзің ұнататын жұмыспен айналыс, тек жақсы хирург бол» деп ақ батасын берген болатын. Оқу орнын 1964 жылы үздік белгімен бітіргеннен кейін сол институттың хирургия кафедрасында клиникалық ординатураға қалдырылды. Клиникалық ординатураны бітіргеннен кейін өзі оқыған кафедрада ассистент болып қалуды ұсынған. Бірақ Намаз Ізімбергенұлы «студенттерді оқытуға білімім жетпейді»  деп ұсынған жұмыстан бас тартқан. Бұл бас тарту кездейсоқ шешім емес, болашақ ғалым-ұстаздың өмірлік қағидаларының бірі еді. Осы қағиданы бүкіл өмір бойы қатаң сақтап келді. 1966 жылы Мәскеу қаласындағы атақты Ленин орденді Орталық дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының хирургия кафедрасына аспирантураға түсті. Осы хирургия кафедрасында Александр Николаевич Бакулевтің шәкірті РСФСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, профессор Тимофей Павлович Макаренко сияқты ғалымдардың тәлім-тәрбиесін алды. Мәскеу қаласында, өзі оқыған институтта кандидаттық (1970 ж.) және докторлық (1978 ж.) диссертацияларын қорғады. Намаз Ізімбергеновтің екі диссертациясы да бауыр, өт жолдары хирургиясының мәселелеріне арналған. Сондықтан ол еліміздегі бауыр-өт жолдары ауруларының белгілі маманы болып есептелді. Мәскеудегі өмір Намаз ағамыз үшін өте үлкен мектеп болды. Қаланың ғылыми-мәдени өмірі, атақты мұражайлары, өнер ошақтары Намаз ағамыздың интеллектуалды өсуіне көп әсерін тигізді.

Намаз Ізімбергенұлы аспирантураны бітіргеннен кейін 1969 жылы өзі бітірген Ақтөбе медицина институтының госпитальды хирургия кафедрасына ассистент болып орналасты және осы кафедрада барлық өмірін өткізіп, 1969-1975 жылдары ассистент, 1975-1978 жылдары доцент, 1979-2003 жылдары кафедра меңгерушісі, 2004 жылдан бастап өмірінің соңына дейін кафедра профессоры болып қызмет жасады.

Намаз ағамыз басшылық еткен ұзақ жылдар ішінде госпитальды хирургия кафедрасы емдеу, мамандарды даярлау және ғылыми жұмыстарды жүргізу жағынан жан-жақпен біте қайнасқан, елімізге танымал белгілі ғылыми орталықтардың біріне айналды. Көптеген дәрігерлердің, институтта істейтін жас ұстаздардың ғылыммен айналысып, диссертациялар қорғауына жағдай туғызылды. Осы орталықта Намаз ағамыздың жетекшілігімен 6 докторлық және 28 кандидаттық диссертациялар қорғалып, сонымен бірге клиникалық ординатурада өздерін Намаз Ізімбергенұлының шәкіртімін дейтін қаншама жоғарғы дәрежелі хирург мамандар даярланды. Қазіргі уақытта осы шәкірттері университетімізде және еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген хирургиялық мекемелерде абыройлы қызметтер атқарып жүр. Осыған байланысты қазір Батыс Қазақстан аймағында жұмыс жасап жатқан хирургтерді «профессор Ізімбергеновтің мектебінен шыққан дәрігерлер» деп атайды. Намаз Ізімбергенұлы Батыс Қазақстан аймағы тарихында өзінің мектебін ашқан алғашқы ғалым-хирург болды.

Намаз ағамыз Батыс Қазақстан өңірі хирургиясының бет-бейнесі болды десек, артық айтқан болмаспыз деп ойлаймын.

Өйткені профессор Н.Ізімбергенов өзінің кафедра меңгерушілік жұмысын кафедра орналасқан ауруханаға жаңа аппараттар алудан, жаңа емдеу әдістерін тәжірибеге енгізуден, қазіргі заман талабына сай хирургия саласының бөлімшелерін ашудан бастады. Сол 1980-1985 жылдардың өзінде клиниканың жанынан эндоскопиялық, сәулелік тексеру бөлмелері, детоксикациялық, жоғарғы қысымды оттегімен емдейтін бөлімшелер ашылды. Тәжірибеге лапароскопиялық тексеру, лазер сәулесімен емдеу әдістерді енгізді. Осындай ем түрлерін қажет ететін көптеген науқастар Қазақстанның батыс облыстарынан Намаз ағамыз басқарып отырған клиникаға келіп, денсаулықтарын түзеп жүргендеріне біздер куә болдық.

Намаз Ізімбергенұлының ғылыми зерттеу жұмыстары да әртүрлі тақырыптарға бағышталған еді. Намаз ағамыздың жазған еңбектері, қорғаған кандидаттық, докторлық диссертациялары бауыр, өт жолдары хирургиясын зерттеу мәселелері болса да, кафедра орналасқан облыстық ауруханада ең басты мәселе — жедел хирургия, іш қуысы ағзаларының аурулары, олардың іріңді асқынулары болды. Сондықтан ол өзінің ғылыми бағытын өзгертіп, әуелі осы Ақтөбе халқының мұқтажын шешуге белсене кірісті. Сол кездегі өте жиі кездесетін және өте жоғары кісі өліміне соқтыратын перитонит мәселесімен айналысты. Алдына мақсат қойып, белгілі бір бағытта жұмыс жасаса, адам баласының алмайтын қамалы, жетпейтін межесі жоқ екендігі белгілі. 1986-1890 жылдары Ақтөбе қаласы республикаға және одаққа белгілі Хирургия орталығына айналды. Намаз ағамыздың ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында бірнеше республикалық, Бүкілодақтық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Аталмыш іс-шаралар жедел хирургияда кездесетін өте ауыр асқынулардың емдеу нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік туғызды. Қазақстанда бірінші рет Намаз ағамыз басқарған клиникада іш қуысының іріңді асқынуларын, перитонитті емдеудің жаңа инновациялық әдістері тәжірибеге енгізілді — лапаростомия, операциядан кейінгі кезеңде іш қуысын жоспарлы түрде тазалау, іш қуысын озонмен өңдеу, ішек арқылы озонотерапия жасау, шарбымай қуысын лапароскопиялық әдіспен тазалау. Сонымен бірге Намаз Ізімбергенұлы елімізде алғашқы рет қазіргі эндоскопиялық технологияны хирургияның байырғы ашық әдісімен бірге операциядан кейінгі кезеңде іш қуысын тазалауға пайдалануды тәжірибеге енгізді. Соның нәтижесінде баяғы 44% кісі өліміне соқтыратын перитониттен кісі өлімі 11,8%-ға, панкреонекроз кезінде 67%-дан 14,2%-ға дейін төмендеді.

Осындай ғылыми-тәжірибелік жетістіктерге байланысты сонау 1990 жылы Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Ізімбергенов басқаратын клиниканың жанынан жедел хирургия және перитонит мәселелерімен шұғылданатын Республикалық орталық ашылған болатын. Бұл Орталық аталмыш мәселелер бойынша әлі де табысты қызмет атқарып келеді. Солардың бірі — 2004-2006 жылдары «Абдоминальды хирургиядағы іріңді-септикалық ауруларды емдеу және алдын алу» тақырыбы бойынша ресми қаржыландырумен орындалған Мемлекеттік жоба. Осы ғылыми жобаның нәтижелері халықаралық экспертизадан өткізіліп, өте жоғарғы бағаға ие болды.

Тағылымы мол ұстаз Намаз ағамыздың отандық хирургияны өркендетуге қосқан үлесі және ғылыми-тәжірибелік ерен еңбектері жоғары бағаланып, 1994 жылы Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 2003 жылы академигі болып сайланды, 1997 жылы А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми Орталықтың және А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің құрметті профессоры, 1998 жылы Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткері атанса, 1999 жылы Дүниежүзілік хирургтер Халықаралық қоғамына мүшелікке қабылданды. Бұл қоғамға сайлану — хирургтерді кәсіби бағалаудың ең жоғарғы сатысы болып есептеледі. Өйткені Кеңес Одағы кезінде Қазақстаннан бұл ұйымға тек жалғыз адам А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық орталықтың директоры академик М.А.Әлиев мүше болды. Сонымен бірге 2000 жылы халықаралық (Кембридж, Англия), америкалық (Нью-Йорк, АҚШ) өмірбаяндық орталықтардың бірнеше құрметті атақтарының иегері, оның ішінде «ХХІ ғасырдың 2000 көрнекті интеллектуалдарының бірі ретінде танылуы» және 2008 жылы ЕвроАзия ғылыми қорының «Алтын скальпель» жүлдесімен марапатталуы егемендік алған еліміз үшін үлкен мақтаныш болды.

2006-2007 жылдары Ел Президентінің халыққа Жолдауында әдейі көрсетілген республикадағы денсаулық сақтау жұмысының негізгі міндеттерінің бірі ана мен бала өлімін төмендету болып табылды. Бұл уақытта Намаз ағамыздың зейнеткерлікке шыққан уақыты, соған қарамастан, құрамында акушер-гинеколог маманы бар академиялық топ құрып, осы мәселені шешуге кірісті. Намаз Ізімбергенұлы ана өлімінің басты себептерін зерттеп, жүкті және босанған әйелдерге жедел хирургиялық көмек көрсетудің жаңа жүйесін ұсынды. 2009 жылы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұйрығымен клиника жанынан республикамызда ең бірінші болып, әйелдерге хирургиялық көмек көрсететін орталық ашылды. Аталған орталық жүкті және босанған әйелдерге жедел хирургиялық көмек көрсетумен қатар, акушериядағы іріңді-септикалық асқынуларды, перитониттерді емдейтін мекемеге айналды. Осындай ұйымдастыру, ғылыми жұмыстардың нәтижесінде 2009 жылдан бері 10 жыл бойына Ақтөбе облысында хирургиялық аурулардан ана өлімі тіркелген жоқ. Сонымен бірге кесар тілігі операциясынан кейінгі перитонитті емдеу барысында Қазақстанда алғаш рет ағзаны сақтау әдісі енгізілді. Кесар тілігі операциясынан кейінгі перитонит болған әйелдердің 16-сына ағзаны сақтау операциясы жасалды, оның 3-еуінде жүктілік болып, сәби өмірге келді. Бұл үлкен жетістік болды. Өйткені бұл әйелдерді әйелдік болмысынан, келешекте бала көтеру мүмкіндігінен айырмайтын емдеу әдісі еді. Намаз Ізімбергенұлының бұл жаңалығы тек ана өлімін болдырмай ғана қойған жоқ, сонымен бірге бүкіл ем жүйесін жаңа сатыға көтерді.

Намаз ағамыз — тек қана медицинаның хирургия саласы ғана емес, сонымен бірге деонтологиялық және моральдық-этикалық мәселелерге де көп көңіл бөлген адам. Бұл мәселе біздің елімізде кенжелеу қалған мәселе-тұғын. Намаз Ізімбергенұлының 1994 жылы шыққан «Хирургиядағы деонтология» атты еңбегі республикадағы осы мәселеге арналған алғашқы еңбектердің бірі болды. Өйткені Қазақстанда қазақтың ұлттық ерекшеліктерін білетін қазақ дәрігері жазған бірде-бір еңбек жоқ еді. Бәрі — орыс тілінде жазылған еңбектер. Соңынан 1999 жылы «Очерки хирургической деонтологии» атты екінші кітабы шықты. Қазіргі кезде аталған монографиялар студенттердің, дәрігерлердің қолынан түспейтін оқулықтардың бірі болып отыр.

Профессор Н.Ізімбергенов кафедра басшылығына келген күннен бастап студенттердің нақтылы білім алуын, олардың қазіргі өмір талабына сәйкес болып шығуын кафедра жұмысының басты қағидасына айналдырды. Осыған байланысты өзінің педагогикалық тәжірибесі негізінде 2013 жылы «Очерки педагогики высшей медицинской школы» атты кітабын шығарды. Аталған еңбек те республикамыздағы осы тақырыпқа арналған алғашқы кітап болды.

Н.Ізімбергенов — 570 ғылыми еңбектің авторы. Олардың ішінде 20 монография, 2 дәрігерлер үшін нұсқау, студенттерге арналған бірнеше оқу құралдары, медицина саласынан ашылған 22 жаңалыққа патенттер және дәрігер-хирургтерге арналған 28 әдістеме-нұсқаулар бар. Намаз Ізімбергенұлы  ғылым деп тек тиісті нәтижелер беретін зерттеулерді ғана санады. Сондықтан бұл аталған еңбектердің әрқайсысы өз орны бар, өз көрсеткіші және нәтижелері бар жаңалықтар болды.

Намаз ағамыздың еңбектерінің көбі екі тілде — орыс және қазақ тілдерінде жазылған. Мәселен, қазақшасы аударма емес, табиғи, автордың ой-өрісін, көзқарасын әр оқушыға жақсы түсінетін тілде жеткізуі, ал орысшасында қазақ дәрігерінің иісі, жан дүниесінің ұлттық ерекшелігі, лебізі сезіліп тұрады.

Ғылым жолын қуған адамдардың өмірінде ұмытылмас із қалдыратын, бүкіл болмыс-бітімімен, кісілік келбетімен, ақыл-парасатымен өнеге тұтатын жандар болады. Ғылым жолында Намаз ағамыз мені нақтылыққа, ғылыми тұжырым, түйін жасауға, көпсөзділіктен аулақ болуға, зерттеген тақырыбыңды дендеп игеруге үйретті. Диссертациямның алғашқы тарауын жазып алып барғанымда қыстырма сөздер мен болжам түрінде айтылған пікір, жорамалдарды сызып тастады. «Сенің зерттеп жүрген тақырыбыңды сенен артық кім біледі, ғылыми пікірлерің, қорытынды тұжырымдарың дәлелді, нақты болу керек, ғылымда «ақсақал айтты, шал айтты» деген болмайды» деген болатын-ды. Мінеки, қазіргі таңда өзіміз көптеген ғылыми жұмыстарға пікір жазып, диссертациялық ғылыми жұмыстарға жетекшілік жасап жүрген уақытта, осы ақыл-кеңестері әрдайым көз алдымда тұрады. Жалпы, Намаз ағамыздың қамқорлығына бөленіп, мейірін көргендер қаншама. Қазіргі таңда көптеген шәкірттері ғылым кандидаттары мен докторлары атанып, ағамыздың абыройын асқақтатып жүр.

Тағы бір айтайын дегенім, Марк Твен деген жазушы: «Егер дәрігер медицинадан басқа ештеңені білмесе, ол онда медицинаны да білмейді» деп айтқан екен. Осы орайда Намаз ағамыз — тек қана медицина — хирургия саласын толық игеріп қана қойған жоқ, сонымен бірге әдебиетті, халқымыздың тарихын және өнерін зерттеп, көп көңіл бөлген адам. Қызметінен қолы қалт етсе, Сократ, Аристотель, әл-Фараби, Шекспир, Гёте сынды ғұламалардың шығармаларын оқып, қажетті цитаталарды қойын дәптеріне түртіп алуды әдетке айналдырған, сурет әлемінің де иірімдеріне терең бойлай білген жан.

Намаз аға 80 жасына қараған шағында өзінің өмірден көрген-түйгендерін, қойын дәптеріне түртіп жүрген жазбаларын жариялауды жөн көріп, өзінің өмірі жайында «О, Тәңірім, бұл мен ғой…» деген кітабын жарыққа шығарды. Бала Намаз бен дана Намаздың арасындағы өсу жолдарын, интернаттың қара наны мен ботқасынан басталған алаңсыз балалығынан бастап, өмірден алған тәжірибелерін, сәтті шыққан оталарын оқырманына ұсынды. Жоғарыда айтып кеткенімдей, баяндауынан қазақылықтың, қарапайымдылықтың желі ескен бұл кітапты кез келген жан бір демде оқып шығары анық, өйткені оқиға желісі қызықты болғандықтан, өзі-ақ жетелеп отырады. Мейірбикелердің жұмысына көңілі толып, солардың еңбегін өзінен басқа өзгелердің де бағалағанын қалап, дәрігер мен пациент арасындағы алтын көпір екендігін алға тартып та кітап шығарды. Намаз ағаның «Білгенімізді, өмірден түйгенімізді кейінгі ұрпақ білсін, үйренсін, артымызда болашаққа аманаттар мұра қалсын» деп, өмірінің соңғы екі жылында баспаханамен екі ортада жүргені көз алдымызда.

Сонымен бірге Намаз ағамыз әңгіме барысында әңгімелесушінің жас ерекшелігіне қарай, тақырып төңірегіне қарай тез арада бейімделе алушы еді.

Сандаған шәкірт тәрбиелеп, Қазақстан хирургиясына және ғылымына сүбелі үлес қосқан қазақтың осындай шоқтығы биік тұлғаларының бірі болған Намаз ағамыздың жүріп өткен өмір жолдары, басынан өткізген белестері, өмірлік ұстанымдары, ұлағатты сөздері және ақыл-кеңестері кім-кімге де үлгі-өнеге.

Базылбек ЖАҚИЕВ,

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің №2 хирургиялық аурулар кафедрасының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар

Back to top button