Жаңалықтар

Көңілі селдей Селбай дос

Тағзым

Әлемді шарпыған індет тұсында әртүрлі әңгімелер желдей есіп, жұртшылықты  әбігерге түсіргені рас. Қазан айының соңғы онкүндігінде бірге жүрген досымыз Селбай Қабылұлының дене қызуы көтеріліп сырқаттануына байланысты суыт жағдайда ауруханаға жатқанын естідік. Арада бірнеше тәулік өткенде жалғанның көшіне ілесіп кете барды.

Саналы ғұмырын заң органдарында қызмет етуге арнаған Қожықовпен  танысқаныма отыз жылдан асты.  Қарабұтақ  аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы  қызметіне кіріскен алғашқы аптада өзіме арнайы келіп, құттықтағандардың бірі. Орта бойлы, қимыл-қозғалысы мығым, әңгімені шегелеп айтады екен. Арасында сыпайы әзілді сыналап кіргізе қояды. Ауданда бірнеше жылдан бері прокурор, тұрғылықты халық арасында беделі күшті. Әрине, мұндай адаммен араласқан кім-кімге де бөтен емес.

Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында орта мектепті бітірген соң Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтепті. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдағаннан кейін аудандық сотта, прокуратурада қатардағы қызметтерді атқарып, байырғы заңгерлердің батасын алған. Селбай Қабылұлымен әңгімелескен, сырласқан сәттерде өзіне тәлім берген, үлгі болған ағалары Ілияс Тасқынбаевты, Шындәулет Алдияровты, Сиян Иманғалиевті, Айғали Думовты және басқаларын тебірене еске алатын. Қарабұтақта прокурор қызметін Сиян ағасынан қабылдаған ол осы орынтақта табан аудармай он жылдан астам уақыт отырды.

Өңірде партия-кеңес органдарының қызметкерлері, іс басындағы үлкен-кіші жамағат Қожықовты кез келген мәселеге байыппен қарап, әділеттілікпен түбегейлі  тоқтам жасайтыны үшін құрметтеді. Өзіміз де мұндай көріністердің куәсі болғанбыз. Нақты мысал келтірейін.

Аптаның сенбі күндерінің бірінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Иманғали Есболатовтың кабинетіне екеуміз шақырылдық. Хатшы Сағынұлы  көп сөзге жоқ, атқарылар шаруаны жедел жүктейтін азамат еді. Аудан орталығының іргесіндегі Жарөткел ауылында «Саришан» деп аталатын үлкен қорым бар. Қорымда жерленген ұлты бөлек бірнеше ағайынның зиратында құлпытастарды белгісіз біреулер сындырған немесе  жазуларын бүлдірген. Марқұмдардың Ақтөбе қаласында тұратын балалары мұндай бассыздыққа ашуланып, аудан басшылығына  шағымданған.

Басшымыз өз пікірін аракідік орысша жеткізетін.

— Это же вандализм, как будем терпеть, — деді де прокурорға кінәлілерді

анықтап, үстінен қылмыстық іс қозғау шараларын ұйымдастыруды, маған болған оқиға жөнінде аудандық «Жаңа өмір» газетінде әшкерелеп, жазуды тапсырды. Онымен қоймай шаруаны аяқтау мерзімін тиянақтап берді.

Сыртқа шыққасын Қожықовтың айтқаны:

— Бастықтың ашулануы орынды. Тағы да бірталай адам таяқ жейді. Оған жол бермеу амалдарын қарастырайық.

Дереу іске кірістік. Кінәлілер сол Жарөткел ауылында тұратын ойын балалары болып шықты. Қойдың кезегіне бара ма, әлде ойнап жүргенде ме — ештеңенің байыбына бармай, сорақы қылықтар жасапты. Нақты айғақтардан жалтара алмай, айыптарын мойындады. Ата-аналарымен сөйлескенімізде ығымызға жығылып, кешірім жасауды сұрады, онымен қоймай бүлінген дүниелерді қалпына келтіруге уәде берді. Прокурордың тұжырымды уәжінен соң айтарлықтай қысқа мерзімде бәрі орын-орнымен жөнін тапты. Шағымданушыларды райынан қайтардық. Бірінші хатшы белгілеген күнде кабинетіне келіп, алынған шаралар туралы баяндадық. Есболатов ризашылықпен тыңдап, қолымызды алды. Сөйтіп, қылмыстық іс қозғалмай, сын мақала жазылмай, мәселе бейбіт түйінделді.

Бұл — Селбай құрдасымның ілік астынан кір іздеуге құмартпай, жанашырлық танытатынына мысал.

Қазіргі Әйтеке би ауданына қарасты аумақта ол кезеңде Комсомол және Қарабұтақ аудандары қатар қоныстанды. Кейін Президент Жарлығымен біріктірілгенде  Тасөткел және Бөгетсай ауылдық округтері Хромтау аудандарына бағындырылды. Бұл — сөздің келер жағындағы әңгіме. 1991 жылы мамыр айында Комсомол ауданының басшылығындағы азаматтар тұрғылықты жұртты жұмылдырып, 1931-1932 жылдарда елді жайлаған ашаршылық  құрбандарының рухына бағыштап, ас берді. Шынын айтсақ, бұл бүкіл Қазақстан бойынша осындай  мағынада ең бірінші кең ауқымда қолға алынған шара еді. Көрші Қарабұтақ ауданынан  арнайы шақырылған біз — аудандық аурухананың бас дәрігері Жақсылық Қасымов, аудан прокуроры Селбай Қожықов, аудандық  газет редакторы — мен барып, қатысып қайттық. Тәрбиелік маңызы зор шарадан алған әсермен келген бойда өзім басшылық ететін «Жаңа өмірде» материал жарияламаймын ба?

Қалыптасқан тәртіп негізінде газеттің жаңа саны басылып, шыққан бойда үш данасы аудандық партия комитетіне, үш данасы аудандық кеңес атқару комитетіне апарылатын. Сенбі күні аупарткомге шақырылдым. Газеттің екі құрылтайшысының бірі ғой, ойымда ештеңе жоқ, барсам насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің кабинетінде меңгерушінің өзі, аудандық кеңес атқару комитетінің екі лауазымды тұлғасы — үшеуі отыр. Үстел үстінде газеттің бүгінгі сенбілік саны. Жоғарыда баяндалған Комсомол ауылындағы ас жайлы материалды көрсетіп, айтады:

— Мына материал қалай жазылған? Комсомолға өздеріңіз бардыңыздар. Сіздер аудан басшылығынан арнайы рұқсат алдыңыздар ма? Келесі санға мақаланы теріске шығару жариялаңыз…

Бір емес, өкілеттігі бар үш адам айтып тұр. Шаруаның болғаны рас, жалған ештеңе жоқ. Үнсіз төмен түстім де қазіргідей ұялы телефон жоқ, бірінші қабатта ашық тұрған кабинеттердің бірінен телефонмен прокурор Қожықовқа қоңырау шалып, болған  жайды қысқаша ұғындырдым, дереу келуін өтіндім.

Селбай Қабылұлы іркілмей жетті, мәселені тыңдап алды да үш басшының ересегі және шені жоғары азаматқа қаратып:

— Сіздер айтқан әрекеттен заңға қайшы ештеңе көрмей тұрмын. Егер

газетте теріске шығару жариялана қалса, мен редакторды және  Сізді сотқа беремін, — деді.

Әлгі айыптаушыларым осындай шұғыл жауапты күтпеген-ау, сол бойда райынан қайтты. Сыйласып жүргендіктен азаматтардың аты-жөнін жазуды жөн көрмедім. Сайып келгенде бұл — Селбай құрдасымның табан астынан орнықты уәжбен қарсыласты тоқтата білетініне мысал.

Қарабұтақ өңірінде қызмет еткен шақтан араласып, сыйласқан он екі жұп — Жақсылық Қасымов, Серік Ботағарин, Сұлтан Құрманалин, Ыбырайхан Бексұлтанов, осы естеліктің авторы — мен, Қуаныш Бекетов, Құмар Ермекбаев, Селбай Қожықов, Дүйсенбай Тәжібаев, Наурызбай Көшекбаев, Ғизат Қозайдаров, Рақым Мыңбаев сол кезеңнен бері жұбымызды жазбағанымызды біраз жұрт біледі. Тек биылғы індет салдарынан қас қағымда  Наурызбайдан айырылдық. Енді міне, Селбай ғайып болды.

Ауданға ұлы баба — Әйтеке би есімі берілуінің басы-қасында жүріп, тұрғылықты халықты ортақ мүддеге  жұмылдырдық. Көршілес Ресей Федерациясының Орынбор облысында Ясный, Светлый, Дамбар аудандарымен мәдени-достық қарым-қатынасты нығайту шараларына тікелей қатысқанымызды мақтан етеміз. Осындай игілікті шараларды заң шеңберінде рәсімдеп, жүзеге асыруға прокурор Қожықовтың  көп көмегі тиді. Қабылұлымен бірге іссапарда жүргенде байқағанымыз — әділ, бұрыс кеткен тұстарда даусыз дәйектермен түзете қояды. Пендешілікпен әлде бір ағаттау пікір айта қалсақ, жанға тимей, жұмсақ әзілмен жымдастыруға шебер.

Ол кейін Темір ауданында прокурор, облыстық прокуратурада прокурордың кадр жөніндегі орынбасары, бөлім бастығы қызметтерінде болғанда да осындай адами қасиеттерінен ауытқыған жоқ. Әділет кеңесшісі дәрежесінде «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» төсбелгісімен, бірнеше мемлекеттік медальдармен марапатталды.

Қожықов зейнет демалысына шыққаннан кейін облыстық кәсіподақтар кеңесінің аппаратына қызметке шақырылды. Бірнеше ауданды, облыстық  деңгейде әлуетті басқарманы басқарып, мемлекеттік қызметте әбден ширыққан Түрікпенбай Айжарықов жылдар бойғы тәжірибесімен Селбай Қабылұлының қабілетін риясыз аңғарған еді. Кәсіподақтар кеңесінің бұрынғы беделін қайтадан қалпына келтіру  үшін ысылған, мәселені парасаттылықпен шешуге икемі бар заңгерлер қажет еді. Біздің кейіпкеріміз жаңа қызметінде де ширақ қимылымен бұрынғы абыройын  сақтай білді. Уақыт талаптарына сай нормативтік-құқықтық  заң актілеріне енгізілген толықтырулар мен өзгерістерді дер кезінде басшылыққа алу нәтижесінде түрлі меморандумдарды, келісімшарттарды қол қоюшы тараптар іркіліссіз қабылдайтын болды. Әсіресе, облыс аумағындағы өндіруші және өңдеуші кәсіпорындардың кейбір кеудемсоқ лауазымды тұлғалары кәсіподақтар мүддесін мойындайтындай дәрежеге жетті.

Кейіпкеріміздің және бір қасиеті — ата-бабаны ұлықтап, жеткіншек ұрпақ санасына сіңіруге құштар болды. Өзінің киелі Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген арғы тегі Адай Шоғы батырдың тікелей ұрпағы екенін мақтанышпен айтушы еді. Зайыбы Зина екеуі өздеріне қарасты әулеттердің бас көтерері екенін сезініп, кезіккен қуанышты-ренішті жайларды бірге көтеріп, тиісті шаруаны ақырына дейін белсене атқаратын. Тірлікте пенденің  шаруасы таусылған ба, сонда да уақытты үйлестіріп, туып-өскен Жарқамысына барып,  дүниеден өткендер рухына дұға бағыштау дағдысынан жаңылған жоқ.

Селбай құрдасым зайыбы, кітапхана жүйесінің  маманы Зинамен бірге көрсе көз тоярдай ұл-қыз сүйді, немерелердің кәусар күлкісінен нәр алды. Ерболаты таяу уақытта облыстық экология департаменті директорының орынбасарлығынан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің аппаратына лауазымды қызметке шақырылды. Жігер — Ырғыз ауданының прокуроры, Санжар — «Центркредит банк» АҚ-ның облыстық филиалында компьютер бөлімінің жетекшісі,  Айнұр — №2 емханада дәрігер. Келіндер Динараның, Айсұлудың, Нәзираның, күйеубала Айбектің ізетті қимылын көріп, сүйсінеміз.

Темір тұлпар құлағында ойнаған, көңілденген сәтінде әуелетіп ән шырқар досымыздың 70 жасқа толар сәтін аңсап, «ай, сол күні барыңды шашасың ғой» деп қоятынбыз. Алладан құдіретті ешкім жоқ, мерейжасқа тура екі ай қалғанда мәңгілікке жол тартты.

                                                          Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

                                                          Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button