Білім

«WorldSkills Kazakhstan» — маңызды жоба

Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер» атты Жолдауында техникалық және кәсіптік білім берудегі бағдарламаларды халықаралық талаптарға сай жаңарту қажеттігін атап өткен болатын. Осы мақсатты жүзеге асыру барысында Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі кәсіби мамандар даярлау ісіне өз үлесін қосып келеді.

Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамытуға бағытталған WorldSkills қауымдастығы республикалық деңгейде белгілеген іс-шараларға Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі белсене қатысып келеді.

Аталған қауымдастық қолға алып, ұйымдастырып отырған сондай шаралардың бірі жұмысшы жəне техникалық мамандықтардың дəрежесі мен мəртебесін арттыру, кәсіптік-техникалық білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, жастарды аталған салаға тартуды көздейтін чемпионат ұйымдастыру болып табылады. Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, WorldSkills Ұлттық чемпионатына қатысу үшін өңірлік құрамды қалыптастыру да маңызды.

WorldSkills әдістемесі — әлемдегі ең озық тәжірибелердің бірі. Бұл әдістеме бойынша чемпионатқа қатысушылар өздерінің кәсіби шеберліктерін, жоғарғы көрсеткіштерін танытуға мүмкіндік алады. Жыл сайын өтетін байқаудың талаптары да өзгеріп тұрады.

Біздің колледж оқушылары жыл өткен сайын «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатына қатысудағы шеберліктері мен біліктіліктерін жетілдіріп келеді. Мәселен, 2015 жылы сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен бірінші Ұлттық кәсіби шеберлік чемпионатында ІІІ курс студенті Райымбек Ишанғалиев «IT әкімшілік желілер» номинациясы бойынша 1-орынды иеленіп, біліктілік деңгейін танытты. Кейін Қазан қаласында өткен «WorldSkills» халықаралық чемпионатында 3-орын алып, тамыз айында Сан-Паулу қаласында (Бразилия) өткен «WorldSkills International» әлемдік чемпионатында бағын сынады.

2017 жылы «WorldSkills Kazakhstan» облыстық чемпионатында колледж оқушылары 4  номинация,  2018 жылы «WorldSkills Kazakhstan» облыстық чемпионатынан 8 номинация бойынша жеңімпаз болып танылып, Ұлттық чемпионатқа жолдама алған болатын. Сол Ұлттық додада біздің студенттер 4 номинация бойынша жүлделі болды.

2019 жылы Ресей елінің Қазан қаласындағы халықаралық чемпионатқа ІІІ курс студенті Исмаил Симанов «Веб-дизайн»бағыты бойынша жолдама алды. Сол жылы өткен «WorldSkills Ақтөбе-2019» облыстық чемпионатына қатысушылар 9 номинация бойынша бас жүлдеге ие болып, ұлттық чемпионатқа қатысты. Біздің студенттер Нұр-Сұлтан қаласында өткен Ұлттық чемпионаттың қорытындысы бойынша 4 номинацияның жүлдесін алып келді.

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің «WorldSkills» чемпионаттарында жеткен жетістіктері мен студенттердің болашақ маман ретінде көрсеткен кәсіби нәтижелері — олардың теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларының жоғары көрсеткіші. Алдағы мақсат — аталған жобаға үлкен даярлықпен қатысу, кәсіби деңгейді жетілдіру.

Таңжарық ҚЫДЫРБАЕВ,

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі директорының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button