Пікір

Шаруашылықтың бағытын өзгерту қажет

Бағлан БАЙМАҒАМБЕТОВ, облыстық кеңестің төрағасы:

— Алға ауданы Бестамақ ауылы маңында он жылдан бері шошқа өсіріледі. Өткен аптада осы ауылдың тұрғындары экологиялық жағдай тым нашарлап кеткен соң «Шошқа фермасы жабылсын» деген талап қойды. Осы жағдайға байланысты бастамашыл топ мүшелерін облыс әкімі қабылдады. Бұл жиынға мен де қатыстым. Алға ауданының азаматы әрі облыстық кеңестің төрағасы ретінде мен де өз пікірімді білдірдім.

Шошқа фермасы тұрған жер бұрынғы құс фермасының орны болатын.

Тұрғындардың қойып отырған талабы дұрыс. Ауыл маңы фермадан шығарылған қалдыққа толы. Қолқаны қапқан қолаңса иіс пен көңнің кесірінен Бестамақ ауылының балалары далада ойнай алмайды. Тұрғындар қысы-жазы тұншығып отырғандарын айтады. Оларды басқа жерге алып кетпесе, жағдай одан сайын ушығуы мүмкін. Әйтпесе, шаруашылық басшысы өндірісін сақтап қалғысы келсе, бағытын өзгерту қажет. Бұл тіпті де бизнеске қысым жасау емес. Таразыда халық денсаулығы, экологиялық проблема тұр. Бұл жер бұрын үйрек, тауық өсірілген жер еді. Тіпті төрт түліктің бірін өсіруге де болады ғой. Мәселен, сүтті сиыр өсіріп отырған «Айс» кәсіпорны бизнесін тәп-тәуір жүргізіп отыр. Өзіме «Щадринск» сүтінен гөрі Мәртөктен шығатын «Айс» өнімдері ұнайды.

Ауылда су тапшылығы да бар. Оған қоса соңғы жылдары қуаңшылық та байқалып тұр. Бұрын осындай уақытта қар қалың болатын. Ал қазір жерде тоң жоқ.

Ұзын жолдың бойында орналасқандықтан бүгінде Бестамақ ауылы едәуір өскен, округ орталығына айналды. Тұрғындардың бар тілегі — шошқадан құтылу. Технологиясын өзгертеміз деген әңгіме айтылды. Арты бұлаң құйрыққа салынып кетпесіне кім кепіл? Елім, жерім болғандықтан ауылдың тазалығы мен тұрғындардың наразылығына мен де алаңдаймын. Жиында айтылған пікірлер ескеріліп, осы жайтқа байланысты құрылған комиссия шешімі халықтың үдесінен шығар деп үміттенемін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button