Жаңалықтар

Сақтық шаралары жүргізілуде

Аудан

Бүгінгі күні Ырғыз ауданында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Ырғыз ауданының бас санитарлық дәрігері Талғат Жолдыбайдың айтуынша, көршілес Ресей Федерациясымен шектес жатқан Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында эпидемиологиялық ахуал күрделенуіне байланысты қазіргі таңда ауданда сақтық шаралары жүргізілуде.

Биылғы жылдың 20 шілдесінен бастап бүгінге дейін аудан әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топ бақылау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша 33 (оның 23-і кәсіпкерлік нысандарына, 10-ы той жасаған үй иелеріне қатысты) құжат, сондай-ақ аудандық полиция бөлімі мамандары анықтаған 23 іс аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына ұсынылып, оның 55-іне әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы мөлшері 2 291 850 теңге айыппұл салынып, өндірілді. Бір құжат (мониторинг тобы ұсынған) талаптарды бұзу оқиғасы анықталмауына байланысты кері қайтарылды. Атап айтсақ, аталған 55 іс құжатының ішінде 4-еуі санитарлық-дезинфекциялық режим талаптарын бұзу дерегі болса, 25-і — бір реттік қорғаныш қолғабын пайдаланбау бойынша тіркелген құжаттар. Сондай-ақ 25-і заңсыз той жасағандарға қатысты құжат болса, біреуі — үй карантині талаптарын орындамау бойынша тіркелген іс, — дейді Т.Жолдыбай.

Қазіргі таңда басқарма мамандары мен мониторингтік топ мүшелері аудан бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары мен бақылау шараларын жүргізуде.

— Бүгінгі күні біздің тараптан қойылатын басты талап — бетперде тағу мен әлеуметтік ара қашықтықты сақтау. Екі және одан көп адам жиналған жерде әрбір азамат бетперде тағып, қорғаныс құралдарын пайдаланып, сақтанып жүруі қажет. Сондай-ақ әрбір тұрғынның тәртіпке бағынып, еске алу, туған күн, мерейтой, той, басқа да көпшілік іс-шараларды өткізіп немесе оған қатысуына тыйым салынатынын ескертеміз, — дейді Т.Жолдыбай.

 Д.ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button