Рухани жаңғыру

Алтын көпір

Н.Байғанин атындағы  облыстық балалар кітапханасында Н.Байғаниннің 160 жылдығына орай «Нұрпейіс Байғанин — жыраулық дәстүр мен жазба әдебиет арасындағы алтын көпір» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өтті.

Zoom платформасында ұйымдастырылған  шараның басты мақсаты — «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы бойынша Нұрпейіс Байғаниннің әдеби мұрасын насихаттау.

Конференцияны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама  басқармасының басшысы Алтынай Юнисова ашты. Сондай-ақ шараға ақынның келіні Манар Байғанина, Н.Байғанин атындағы мәдени қордың  басшысы, ақынның немересі Ерболат Байғанин, еліміздің Алматы, Қызылорда, Атырау, Орал қалаларының  жоғары оқу орындарының мұғалімдері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, драматург, жазушы Баянғали Әлімжанов, ақын-жазушылар, облыстық, қалалық  аудандық кітапханалардың қызметкерлері және студенттер қатысты.

Қатысушылар бірқатар тақырыптар бойынша баяндама оқып, ақынның мұрасы туралы құнды деректермен бөлісті.

«Шашу» халықтық-отбасылық ансамблінің жетекшісі, термеші Өмірхан Жетесов ақын бабамыздың «Нарқыз» дастанынан үзінді орындады. Филология ғылымдарының докторы, доцент Жұбаназар  Асанов ақынның әдеби мұрасы туралы сөз қозғады.

Қазақ әдебиетінде сүбелі үлесімен айшықты орын алған ұлы жыршыны насихаттау, оның өміршең өлеңдерін жас жеткіншектерге үлгі ету бізге парыз деп түсінеміз. Кешегіні көріп, үлгі алатын бүгінгі ұрпақ қашанда ұлыларымызды ұмытпауы тиіс.

Эльмира КАШКЕНОВА,

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар

 кітапханасының әдіскері.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button