Ауыл

7 мыңнан астам ағаш егілді

Күздің соңғы айында Қобда ауылындағы Алтынсарин көшесі тағы да жаңа көшеттермен толықты. Аудан әкімі Болат Құлов бастаған топ биыл жөндеуден өткен көшеге жас қарағай ағаштарын екті.

Биыл қобдалықтар аудан аумағында  7500-ге жуық ағаш егіпті. Аудан бойынша Қобда ауылының дендрологиялық жоспарын әзірлеу үшін бюджеттен 1 992,8 мың теңге қаржы бөлінген.

—  Аудан бойынша биылғы көктемде 2790 түп көшет егу жоспарланған болатын. Жоспар орындалды. Нәтижесінде көктем кезінде барлығы 5727 түп тал-көшеттер егілді. Сондай-ақ ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін арттыруына байланысты Қобда аудандық орман шаруашылығы мекемесі 8 гектар жасыл аймақ отырғызды. Ал күз мезгілінде 1220 түп тал егуді жоспарлап едік. Күні бүгінге дейін 1620 ағаш егілді, — дейді аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы Берік Төлегенов.

Сондай-ақ, айта кетейік, биыл аудан аумағында 1000-нан астам алма, шие, алмұрт ағаштары егілген болатын. Көктемде Қобда ауданынан Ақтөбе қаласына қарай шығаберісте 150 түп жеміс ағашы егілсе, Егіндібұлақ ауылындағы «Бақыт ана» мешітінің ауласына кәсіпкер Жәнібек Анишев 30 түп алма, шие, алмұрт ағашын отырғызыпты. Ал аудан орталығындағы Кеңес Одағының Батыры Михаил Колесников атындағы көше 70 түп жеміс ағашымен толыққан. Сондай-ақ ауданның ауылдық округтері жалпы саны 700-ден асатын алма ағашын егіпті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button