Басты бет » Әлеумет » «Нұрлы жер» бағдарламасы: биыл 1345 отбасы баспаналы болады

«Нұрлы жер» бағдарламасы: биыл 1345 отбасы баспаналы болады

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы бойынша кезекте тұрған тұрғындар саны — 24 600. 

Облыста азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету кезек ретімен және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Биылғы жылы Ақтөбе қаласында көп балалы 34 отбасыға пәтер кілттері табысталды. Сондай-ақ жуырда кезек ретімен 353 отбасыға пәтер беру жоспарланып отыр.

Атап айтсақ, көп балалы отбасыларға — 122 пәтер, жетім балаларға — 46 пәтер, халықтың әлеуметтік осал тобына — 180 пәтер және Ұлы Отан соғысының ардагеріне — бір пәтер.

Бұған дейін өңірде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 888 тұрғын пәтер алып, баспаналы болды.

Биыл жылдың соңына дейін 121 отбасыға пәтер кілтін табыстау күтілуде. Сонымен қатар көп балалы 70 отбасыны пәтермен қамту жоспарлануда. Осылайша биылғы жылы Ақтөбе қаласы бойынша жалпы саны 1345 отбасы пәтермен қамтамасыз етілмек.

Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе қаласының «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында аталған бағдарлама аясында аз қабатты және көп қабатты тұрғын үйлер салынуда. Осы орайда жуырда Nur Otan партиясы Ақтөбе қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында «Нұр Ақтөбе-4» тұрғын үй алабында салынып жатқан құрылыс нысандарын аралады. Қазір бұл тұрғын үй алабында 9 қабатты екі үйдің құрылысы аяқталған. №9 көп қабатты тұрғын үй желтоқсан айына дейін пайдалануға берілмек. Ал №10 тұрғын үйге бүгінгі күні көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Д.ҚАЗИХАН.