Ауыл

Ауылдың «Тұмабұлақ» атауы қайтарылды

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданына қарасты Басқұдық ауылдық округінің атауы  тарихи Тұмабұлақ атына қайта оралды!  

Жалпы қандай да бір жер-су есімдері сол төңіректің географиялық орнына, белгісіне, тұрпатына немесе сонда өткен оқиғаларға, қоныс еткен кісілерге байланысты қойылады.

Тұма — бұлақтың көзі. Анықтамасында былайша сипатталады: «Тұма (Нисходящий источник, родник) — қоры грунт суларымен, жалпы алғанда арынсыз жерасты суларымен толығып отыратын су көзі; сулы қабаттың қоректену аймағынан, жоғарыдан төмен қарай, судың жер бетіне шығу бағытында қозғалатын тегеурінсіз жерасты суларының көзі… Тұмаға су жоғарыдан төмен қарай сулы қабаттың қоректену ауданынан, кәріздік орынға — судың жер бетіне шығатын жеріне қарай қозғалады» (Қараңыз: Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Су шаруашылығы.-Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002 жыл, 321-бет).

Өзінің көне есімін қайта алған ауылдың іргесінде бұлақ бар. Екі жағы алма-кезек кейде еңкіш, кейде тік жар боп келген сайдың ішін қуалай, кей тұсы үйіріле шыр айналып, шығысқа қарай жылжи ағады. Жер бетіне көтерілу күші аса тегеурінді емес. Анықтамадағыдай. Осындай қасиеттеріне байланысты сонау замандағы аталар  «Тұмабұлақ» деп ат қойыпты бұған (суретте: тұма бұлақ). Осыған қатысты «Танымы мол жер-су атауларын сақтайық!» деп жан-жақты саралап жазған мақаламыз бұрын «Ақтөбе» газетінде (22. 05. 2017 жыл) жарияланған-ды.

Біздің анықтауымызша, 1961 жылы «Басқұдық» совхозы әуелі Басқұдықтың табанында құрылған. Қазіргі округ орталығынан отыз шақырым жерде. Оңтүстік-шығыс тұсында. Ырғыз жақ бетте. Кейбір сөз ұқпас, тарихты біржолата мансұқ еткен мияздардың тілімен айтқанда «3-фермада». Бірақ ойласа келе шаруашылықтың орталығы осы Тұмабұлақ болады деген ұйғарымға келіпті. Себебі бұлақтың жағасы, Қарақай өзені де осыдан бастау алып жатыр. Тұрғындардың бау-бақша салуына, басқа да шаруаларға ыңғайлы һәм жері Басқұдыққа қарағанда қатқылдау. Тым құмақ емес. Осы жағдай ескерілген екен. Сонан шаруашылық жаңа қоныс — Тұмабұлаққа көшірілгенде іс-қағаздарындағы «Басқұдық» атауы өзгертілмей, сол күйінде қалдырылған. Ал Басқұдық мекені – совхоз бағынышындағы №3 қой фермасы әрі бөлімше орталығы боп белгіленген.

Шаруашылыққа берілген «Басқұдық» деген шартты атау совет өкіметі құлағаннан кейін де кезінде тарихқа шынайы сыйластық болмағандықтан «Басқұдық ауылдық округі» делініп қайта бұрмаланып, жалғасын тапты. Ескіден келе жатқан Тұмабұлақ топонимикасын ығыстыра бастады… Міне, енді  туған өңірдің бағзылық аты қайтарылып, дұрыс шешім жасалды. Әрине, әділдіктің орнауы — ел азаматтарының, ауыл әкімшілігінің (әкімі Берік Жақыпов) тарихқа деген оң көзқарастарының арқасы.

Бабалардың танымына, қалдырған аманатына құрмет лайым осылай жалғаса берсе екен дейміз!

                                                                  Бөрібай КӘРТЕН,

                                                                   Тұмабұлақ ауылы,

                                                                   Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button