Жаңалықтар

Тіл мәртебесі төмендемеуі тиіс

Тәрбие

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің мәжіліс залында тіліміздің тазалығы мен мәдениетіне қатысты онлайн-сұхбат өтті. Тәрбиелік мәні зор шараны музей жанындағы «Шолпы» клубы ұйымдастырды.

Оған Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің мүшелері — облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесінің сарапшы маманы Бекзат Молдыкешева, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері Гүлжан Дулатбай, кәсіби медиатор Светлана Балпейісова, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Жұмабике Қалиева, ардагер-ұстаз, Жібек Абдуллина және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы Жазира Оразаева қатысты.

Шараға қатысушылар отбасы, жастардың тәлім-тәрбиесі, тіл мәртебесі туралы мазмұнды әңгіме өрбітті. Онлайн форматындағы сұхбат барысында музейдің экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, «Шолпы» клубының жетекшісі Алмагүл Сарыбай:

— Тіл — қарым-қатынас құралы, адамның ой-өрісін, мәдениетін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Ал тіл мәдениеті — кез келген тілге қойылар маңызды талаптардың бірі. Ұлы ақын Абай атамыздың: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!», «Қарны тоқ, аса маңғаз ұқпас сөзді, сөзді ұғар көкірегі болса көзді…» — деп айтып кеткен өсиет сөздері бүгінгі таңда да өзінің өзектілігін жойған жоқ.  Мазмұнды сөзге құлақ түріп, ықыласпен тыңдай білуге де дағды керек. Орамды тілдің эстетикалық әсеріне, айтылған салмақты ойдың мазмұнына қанық болу үшін адамның көкірегі сезімді болуы тиіс, — дей келе, жастар арасындағы кейбір қисынсыз сөздерді де мысалға келтірді.

Сондай-ақ ол қатысушыларға алғысын айтып, оларға өлке тарихынан сыр шертетін бірнеше кітап табыстады.

Сағымбек  ҰЛЫҚПАНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейі экскурсиялық-бұқаралық

жұмыстар бөлімінің менеджері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button