Жастар

Үздіктер мен жүлдегерлер анықталды

Зияткерлік ойын

Облыстық Волонтерлер лигасының бастамасымен «West Quest» ойындары өткізілді.

Шараның басты мақсаты — жастардың бос уақытын тиімді өткізу, қатысушылардың бойындағы таланттарын анықтау, ойын форматы арқылы еліміздің, әлемнің тарихына шолу жасау және волонтерліктің дамуына үлес қосу.

Ойынның шарты бойынша бір командада 5 адам болды. Ұйымдастырушылар қала аумағында 10 тапсырма орындалуы тиіс нүктені белгілеп, қатысушыларға тапсырмалар берді. Атап айтсақ, алғашқы ойынның кезегі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Жастар сарайында өтті. Бұл жерде үлкен экран арқылы барлық командаларға әлем және Қазақстан тарихына байланысты тест форматында сұрақтар қойылды. Нәтижесінде жылдамдыққа берілген тапсырмаға алғашқы болып жауап берген командалар жоғарғы ұпайға ие болды. Келесі кезекте қатысушылар жеребе арқылы Орталық стадион, «Астана» саябағы, «Ақтөбе ажары» сауда орталығы, 101-атқыштар бригадасы көшесі аумағында, сондай-ақ С.Бәйішев атындағы облыстық кітапханада бірқатар қызықты тапсырмаларды орындады.

Алты сағатқа созылған ойынның нәтижесі бойынша қазылар алқасы үздіктерді анықтады. 6 команда жүлдегер атанып,  2 үздік ойыншы анықталды. Жүлдегерлерге қаржылай және қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button