Пікір

«Біздің отанымыз да бір, тағдырымыз да бір»                                    

Эльвира Хабибуллина,

«Шатлық» Татар-Башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл толды. Жуырда осы орайда біздің этномәдени бірлестік үлкен шара өткізді. Себебі бұл датаның біз үшін орны ерекше.

Жалпы бүгінгі күні біздің облыста 9095 татар, 809 башқұрт ұлтының өкілі тұрады. Ал бірлестік құрамында 250-ге жуық мүше бар.

Өткен жылы біздің«Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің құрылғанына 25 жыл толды. Сондай-ақ «Язгы-Моннар» татар ән-би ансамблі өзінің 55 жылдығын атап өтті. 25 жылдық тарихы бар «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің бүгінге дейін жеткен жетістігі жетерлік. Атап айтсақ, бірлестік «халықтық» атауын алды, бірлестік құрамындағы «Сайра, гармун» ансамблі «Жұлдыздар аллеясы» республикалық шығармашылық байқауында бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ осы байқауда «Язгы-Моннар» халықтық ән-би ансамблі І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Биыл бірлестік өкілдері қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай татар халқының ұлттық аспаптарымен «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап, мерейтойға өз үлесімізді қостық. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай жаңа жобалар мен челлендждер ұйымдастырдық.

Сондай-ақ биыл бірлестіктің бірқатар белсенді мүшесі мадақтамаларға ие болды. Атап айтсақ, Нурия Акчурина Елбасының Алғыс хатын иеленсе,ақсақалдар кеңесінің төрағасы Равиль Құрбанғалиев Ресей Федерациясы елшілігі тарапынан Құрмет Грамотасын алды. Сания Насибуллинаға Татарстан Республикасы Білім министрлігі «Білім саласындағы еңбегі үшін» медалін табыстады. Сондай-ақ өткен Тәуелсіздік күнінде бірлестік төрағасы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медаліне ие болдым.

Бұл жетістіктер — біздің емес, «Шатлықтың» ортақ жетістігі. Егер бірлестік болмаса, біздің де басымыз бірікпеген болар еді. Сол сияқты Қазақстан халқы Ассамблеясы — бірлік пен ынтымақтың кепілі, бейбітшілік пен татулықты орнықтырудағы бірегей институт. Бүгінде ондаған этнос өкілі тұратын осы өңірдегі 18 ұлттық-мәдени бірлестік қоғамдағы сан қырлы мәселелерге үн қатып, бейбітшілік пен татулықтың орнауына үлес қосып келеді.

Қазақстан — біздің ортақ үйіміз, киелі мекеніміз. Менің осы Ақтөбе жерінде тұрып жатқанына 43 жыл болды. Мен отбасыммен 1977 жылы Ақтөбеге Қарақалпақстаннан көшіп келгенмін. Содан бері осы жерде өзге ұлт өкілдерімен өзара ынтымақта, бірлікте өмір сүріп келемін. Мен осындай бейбіт, ынтымағы жарасқан елде тұрғанымды мақтан етемін. Себебі барлық ұлт өкілінің ортақ Отаны да, тағдыры да осы жерде!

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button