Жаңалықтар

Арнайы комиссия құрылды

Бестамақтағы шошқа фермасын тексеруге арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы  бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин, облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл және облыстық аумақтық ветеринарлық инспекцияның басшысы Темірбек Нұртазин  қатысты.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен  кеше әлеуметтік желіде көрсетілген жағдайға байланысты бүгін біз шошқа фермасына бардық. Ауыл  тұрғындарымен кездесу өткіздік. Ынталы топтан комиссия құрылды. Оның құрамында құзырлы мекемелердің, яғни облыстық экология департаментінің, облыстық аумақтық ветеринарлық инспекциясының, облыстық жер  инспекциясының қызметкерлері бар.

Бәрі заң аясында тексерілуі керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтар айынан бастап  шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялағаны белгілі. Сол себепті қазір өтініштер негізінде тиісті рұқсат құжаттары рәсімделіп жатыр.  

Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Өндірісті бір күнде тоқтата алмаймыз. Аталған кәсіпорынның атқарушы директорының келісімімен бүгіннен бастап тексеру аяқталғанша шошқа  сою тоқтатылды. Тексеру жұмыстары барысында кемшіліктер анықталса, заңнамаға сәйкес барлық акті сотқа жіберілетін болады, — деді Аманғали Бердалин.

Өз сөзінде Нұржан Аққұл шошқа фермасында экологиялық заңнамалар бұзылғанын айтты.

Біздің департаменттің мамандары Бестамақ ауылына барып, кәсіпорында болған жағдайды көзімен көрді. Бүгін түстен кейін біздің мекемеге Бестамақ ауылының тұрғындарының атынан шошқа фермасының үстінен арыз түсті. Кәсіпкерлік Кодексінің 144-бабының 3-тармағына сәйкес кәсіпкерлік нысанының үстінен адам денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіруіне байланысты жеке немесе заңды тұлғадан өтініш түскен жағдайда кезектен тыс тексеру жасалады. Осы өтініш негізінде біз аталған кәсіпорынды тексере аламыз. Ол үшін алдымен кәсіпорынның басшысына тексеру жүргізетініміз туралы хабарлауымыз керек. Сол себепті хабарлама жібердік. Ертең тексеруді бастайтын боламыз. Әрине, экологиялық заңнамалар бұзылған. Заңға сәйкес қорытынды жасалады. Қорытындыны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлайтын боламыз, — деді Нұржан Аққұл.

Шара барысында журналистер сауалдар қойып, жауаптар берілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button