Жаңалықтар

Халық үніне құлақ асқан қала

Облысымызға арнайы іссапармен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин Хромтау қаласына барды. Хромтау қаласындағы электронды қызмет көрсету мен тұрғындардың интернетке қолжетімділігі үшін жасалған жұмыстармен  танысты.

30 мың халқы бар Хромтау қаласы интернетпен 100 пайыз қамтылған. Аудан орталығындағы мемлекеттік кірістер басқармасында болған Алик Шпекбаев ондағы қызмет көрсету орындарын көрді. Әр қызметкермен сөйлесіп, қызмет алуға келгендердің де талап-тілегін тыңдады. Хромтау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының  басшысы Еркін Нұрыбаевтың айтуынша, биыл салық төлеушілерге 24304 қызмет көрсетілген. Бұл ауданда электронды қызмет көрсетудің өскенін білдіреді. Өткен жылғы деңгей 92 пайыз болса, қазір 98 пайызға көтеріліп отыр. Қазір тұрғындар электронды  қызмет алудың тиімділігін түсінген. Карантин кезінде көбі қызметтің осы түріне жүгінді. Аудандық деңгейде 14 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 11-і электронды түрде жүзеге асады. Хромтау ауданының бірқатар мекемелерін аралағаннан кейін Алик Шпекбаев аудан тұрғындарымен кездесіп, басшылардың дербес жауапкершілігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізудің жаңа тетіктері туралы айтып берді.

Барлық өтініштер мен арыз-шағымдар жауапсыз қалмайды. Әрине, Хромтау — үлкен, көрікті қала. Интернетпен толық қамтылуы тиіс. Бірақ ауылдар да интернеттің игілігін көруі керек. Ауылда өскен әр бала қалаға келгенде өзін кемсінбей, интернетті толық меңгеріп, онымен жұмыс жасаудың тиімділігін біліп өссе, алдымен елге үйретеді. Сондықтан жастарға айтарым, қандай істе де қолдарыңыз таза болсын. Хромтау қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жасалып жатқан іс-әрекеттеріне көңілім толды. Өйткені мұнда азаматтарға жедел әрі кедергісіз қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын арттырудың тиімді құралы — халық алдында қолжетімділік пен есеп беруді қамтамасыз ету. Сондықтан мемлекеттік аппарат халықпен мүмкіндігінше жиі кездесіп, оның мұң-мұқтажын тыңдап, азаматтардың мәселелерін жедел шешуі керек, — деген Алик Шпекбаев жергілікті сервистік әкімдіктің жұмысын оң бағалады.

Хромтау ауданының «Ашық әкімдігіне» жыл басынан бері 600-ден астам өтінім хат, 500-ден астам өтініш және өзге де сауалдар келіп түскен. Хромтау ауданының атқарушы органдары  мемлекеттік қызметтің 82 түрін көрсетеді. Жыл басынан бері 8000-нан астам қызмет көрсетілді.

Еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі — сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың бір амалы — сыбайлас жемқорлықтың ықтималдығына жол бермеу. Облыс көлемінде тұрақты түрде іс-шаралар іске асырылуда, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Одан кейін аудан әкімдігінде орналасқан «Адалдық алаңында» болған агенттіктің төрағасы тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, сұрақтарына жауап берді.

Сервистік әкімдік жанында азаматтарды жеке қабылдау және кеңестер өткізу үшін «Open Space» нысанындағы кабинет бар. Онда «Адал көмек» жобасының жетекшісі Айман Омарованың өңірге сапары кезінде тегін заң көмегі ұсынылды. Бүгінгі күні Ақтөбе облысының барлық аудандық және қалалық әкімдіктерінде «Open Space» үлгісінде 15 сервистік әкімдік және 65 кабинет жұмыс істейді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button