Жаңалықтар

Он айдың қорытындысы сараланды

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айбек Қайыр биылғы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы әлеуметтік және өндірістік нысандар жылыту маусымына бекітілген кестеге сәйкес дайын болды. Биыл жылыту маусымына халық қажеттілігі үшін 35 420 тонна көмір қажет. Бүгінгі күні аудан әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес, облыс тұрғындарына 23 602 тонна көмір жеткізілген.

  • Қазір облыстың теміржол бойындағы жүк түсіретін тұйықтарында 290 тонна көмір бар. Тағы 700 тонна көмірді 22-23 қараша күндері жеткізу жоспарланып отыр. Бір тонна көмірдің бағасы — 15 600-17 000 теңгеден сатылуда. Сумен жабдықтау мәселесіне тоқталсақ, облыс бойынша барлығы 323 елді мекеннің 187-сі орталықтандырылған сумен жабдықталған. 18 ауыл бойынша жаңа құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде жыл соңына дейін 12 ауылға орталықтандырылған су жүйесі пайдалануға берілмек. Олар — Әйтеке би ауданындағы  Сарат, Сұлукөл, Ақкөл және Толыбай ауылдары. Сондай-ақ Байғанин, Ойыл, Алға аудандарының бірқатар елді мекендері сумен жабдықталмақ, — деді Айбек Қайыр өз сөзінде.

Биылғы жылдың 1 қарашасына дейінгі дерек бойынша, облыста 801 мыңнан астам халқы бар 121 елді мекен газдандырылған.

Қазір жалпы құны 3,3 миллиард теңге болатын газбен жабдықтаудың 9 жобасы жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ инвестициялық бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 542,7 миллион теңгеге 2 газбен жабдықтау жобасы іске асырылып жатыр, оның біреуі пайдалануға берілді.

Бүгінгі күні облыста тұрғын үйге мұқтаж 31 233 азамат тіркеліп тұр. Биыл 1 084 тұрғын үй беру жоспарланып отыр. Оның 782 жалдамалы және коммуналдық тұрғын үйі жергілікті атқарушы органдарының кезегі бойынша, 302-сі «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында берілмек.

  • Төтенше жағдай кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында коммуналдық қызметтерге төлемдерді төмендету бойынша жүйелі шаралар әзірленді. Бұл тұрғыда Ақтөбе қаласы бойынша 15 873 өтінім қабылданса, оның 15 761-і мақұлданып, жалпы сомасы 472 830 000 теңгені құрайтын төлем жасалды, — деді Айбек Қайыр.

Брифинг соңында басқарма басшысы тікелей желі арқылы тұрғындардан түскен сауалдарға жауап берді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button