Білім

Жаңа оқу тоқсаны: 5-сынып оқушылары мектепке барады

«ІІ тоқсанда қашықтан оқыту туралы». Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде осындай тақырыпта баспасөз мәслихаты өтті.

Шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова қатысты.

Облыста 413 мектеп бар. Оның 10-ы — жекеменшік білім шаңырағы. Аталған мектептерде жалпы 159 698 оқушы білім алады.

Жаңа оқу тоқсанында да мектептердегі жұмыс аралас форматта ұйымдастырылып жатыр. Ең бастысы, білім беру мекемелері шектеу шараларын қатаң сақтаумен бірге оқушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтердің, басқа да қызметкерлердің өмір қауіпсіздігіне көңіл бөлуде, — деді Гүлназ Сүлейменова.

Оның айтуынша, жаңа оқу тоқсанынан бастап контингенті 300 оқушыға дейінгі 226 мектеп (54,7 пайыз) штаттық режимде білім беріп жатыр. Ондағы балалар саны — 19 401 оқушы. Өңірдегі 187 білім шаңырағы (45,3 пайыз) қашықтан білім береді. Бұл мектептердегі оқушылардың үлесі — 140 297 оқушы.

Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының өтініштері бойынша 44 787 бала кезекші топта оқиды. Жалпы 3465 кезекші топ бар. 5-сынып оқушылары үшін 279 кезекші топ ашу жоспарланып отыр. Ондағы оқушы саны — 3564 бала болады, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Қашықтан оқытылатын мектеп оқушыларын интернет желісімен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 492,1 миллион теңге бөлініп, 14201 роутер (модем) сатып алыныпты. Жасалған есепке сәйкес 24 605 компьютерлік техниканы сатып алу жоспарланған болатын. Оның 19 146-сын ел Үкіметінің резервінен 2,9 миллиард теңгеге, 5459 дана ноутбукты жергілікті бюджеттен бөлінген 1,1 миллиард теңгеге алу жоспарланды.  Қазірде облысқа келген барлық компьютерлік техникалардың саны — 11 981. Қараша айының аяғына дейін 7165 компьютерлік техника жеткізілу жоспарланған.

Облыс бойынша 432 балабақшада ата-аналардың өтініштері негізінде кезекші топтар ашылыпты. 1641 кезекші топқа 22 062 бала (52,2 пайыз) барады. Бұл білім беру мекемелерінде толықтай мемлекеттік тапсырыс берілген.

Гүлназ Сүлейменованың айтуынша, облыстағы білім саласы бойынша жалпы 18 адамнан полимеразды тізбекті әсер ету сынамасынан (ПЦР)  оң нәтиже анықталған. Оның 10-ы — педагог, 3-еуі —  техникалық қызметкер, 4-еуі —балабақша тәрбиеленушісі, 1-еуі — оқушы.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button