Денсаулық

Пневмонияға шалдыққан 45 адам ем алып жатыр

Облыс эпидемиологиялық жағдай бойынша жасыл белдеуде тұр. Алайда коронавирус жұқтырған адамдар күн сайын тіркелуде. 19 қараша күні облыста 4 адамнан вирус анықталды. Оның үшеуі Ақтөбе қаласынан болса, біреуі Мәртөк ауданының тұрғыны. Аурушаңдықтың өсу  деңгейі – 0,1%.

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров әлеуметтік желі арқылы аймақтың эпидемиологиялық жағдайын баяндады.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3431 адам  тіркелді, оның 49%-ы ауру белгілерімен (1680) және 51%-ы симптомсыз (1751) жағдай. 3301 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2445 адам ауырса,  Әйтеке би — 20, Алға — 94,  Байғанин — 57, Ырғыз — 54,  Қобда — 14, Қарғалы — 52, Мәртөк — 77, Мұғалжар — 172, Темір — 190, Ойыл — 21, Хромтау — 122, Шалқар ауданында 113 адам вирус жұқтырған. Жалпы тіркелген 3431  науқастың 3,1%-ы сырттан келген.  475 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 983. Қазіргі таңда үй карантиніне 349 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Нұрсұлу Беркімбаева қоғамдық орындарда, адам жиі шоғырланатын жерлерде міндетті түрде бетперде киіп жүруді ескертті. Той және отбасылық мерекелерді шектеуге шақырды. Ал Бекболат Ізбасаров облыстың инфекциялық ауруханаларында  15 адамның ем алып жатқанын айтты. Оның жетеуі Ақтөбе қаласында болса, қалғандары аудандардың емдеу мекемелерінде жатыр. Мәселен, Хромтау аудандық ауруханасында 4 адам жатса, Шалқарда — 1, Мәртөк аудандық ауруханасында 3 науқас ем алуда. Екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Соңғы тәулікте пневмонияға шалдыққан үш адам тіркелген. Жалпы облыстың емдеу мекемелерінде өкпесі қабынған 45 адам ем алып жатыр. Оның жиырма сегізі қалада болса, қалғандары Қарғалы, Мәртөк, Шалқар аудандарында  ем қабылдауда.

Басшылар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button