Экономика

Жөнделген жолдар: 196 жоба, 570 шақырым

Брифинг

Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашев пен Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғали баспасөз мәслихатын өткізді. Облыс тұрғындарының сауалдарында онлайн брифинг барысында жауап берген олар жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, өңірдегі жолдардың жайы мен сапасы туралы айтып берді.

Биыл облыстық, аудандық маңызы бар жолдармен қатар Ақтөбе қаласындағы көшелерді жөндеуге 40,4 миллиард теңге қаражат бөлінген. Басқарма басшысы Мәлімбет Ибрашевтың айтуынша, бұл мақсатта облыс бойынша 196 жоба жүзеге асырылған. Атап айтар болсақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы  бойынша — 25 жоба, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы — 126 жоба, арнайы «Ауыл —  ел бесігі» бағдарламасы аясында — 16 жоба.

— Бөлінген қаражат облыстағы жолдардың жағдайын 59 пайызға дейін жақсартуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін барлығы 570 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталады. Өздеріңіз білетіндей, биыл облыс орталығы Ақтөбе қаласының өзінде де  көптеген жұмыстар атқарылып, жолдар жөнделді.  Тұрғындар тарапынан әдетте жолдың сапасына қатысты сын-пікірлер естіп жатамыз. Жаңадан салынған жолдардың барлығының сапасы міндетті түрде тексеріледі. Жолдардың сапасын Ақтөбе облысы бойынша жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы тексереді. Биыл салынған жолдар көктем шығысымен қайта тексеріледі. Жолды салған, жөндеген мердігер мекемелердің әрқайсысының кепілдік мерзімі бар, — деді басқарма басшысы.

Қала аумағында биыл 117 жоба жүзеге асырылып, 133 шақырым жол жөндеуден өткен.

— Қала бойынша жасалған ең ауқымды жұмыс ретінде Сельмаш ауданы Арынов көшесіндегі теміржол өткелін, Сәңкібай батыр даңғылындағы қайта жаңғырту жұмыстарын айтуға болады. Сондай-ақ қала ішіндегі көшелермен қатар биыл қала сыртындағы елді мекендердің де жолдары жөнделді. Жоғарыда айтып өткендей, салынған әрбір жолдың сапасы міндетті түрде тексеріліп отырады. Егер қандай да бір ақаулар анықталса, мердігер мекеме өз қаражатына жөндеу жұмыстарын жүргізеді, — деді Руслан Төреғали.

Брифинг барысында журналистер қоғамдық көлік мәселесіне қатысты сұрақтар қойды. Оған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары келесідей жауап берді:

— Ақтөбе қаласында қоғамдық көлік саласында жолаушылар тасымалы жұмысымен екі мекеме айналысады, олар — «Автопарк» және «ПАТП» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Екі мекемеден келісімшарттық міндеттемелерге сай 400-ге жуық автобус шығады. Бірақ қала аумағына тағы да 60-70 қосымша автобус қажет. Елдегі жағдайға байланысты тек біздің қала ғана емес, республика бойынша қоғамдық көліктердің жұмысында өзгерістер болды. Автобустар саны азайғаны белгілі. Өйткені карантин кезінде жолаушылар саны да азайып кеткен болатын.  Қазір кезең-кезеңімен қайта қалпына келтіріп жатырмыз.

Сондай-ақ ол қос мекеменің де электронды төлем жүйесіне ауысып жатқанын хабарлады. Бүгінде «ПАТП» ЖШС-на қарасты автобустардың барлығы жаңа жүйеге көшірілген, ал «Автопарк» бұл жүйені желтоқсан айына дейін өз автобустарына толық енгізіп болмақ.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button