Жаңалықтар

 «HALYQ ÚNІ» Ақтөбеге келді

Ашық әңгіме

Халықпен кедергісіз байланыс орнату және азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне сенімін арттыру мақсатында қолға алынған «HALYQ ÚNІ»  жобасының мүшелері Ақтөбе қаласына келді.

Жоба жетекшісі және авторы, ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, адам құқығы жөніндегі сарапшы, «Адал көмек» жобасының жетекшісі адвокат Айман Омарова жұма күні Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ақтөбелік тұрғындармен кездесіп, ашық әңгімелесті. Кездесу барысында тұрғындардың көкейде жүрген сұрақтары мен мәселелері тыңдалды.

— Біз біреуді жамандауға немесе біреуді жақтауға келгеніміз жоқ. Біз халықтың үнін тыңдайық деп келдік. Мақсатымыз — халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі түйткілді мәселелерді таразылау. Бұған дейін «Адал көмек» жобасы аясында көптеген сұрақтар мен проблемалардың әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік салада екенін байқаған болатынбыз.  Өкінішке қарай, арамызда әлеуметтік бағдарламалардан бейхабар, көкейде жүрген мәселесін кімге барып айтарын білмей жүрген де азаматтар бар. Сондай-ақ қазақ тілді халық үшін бағдарламаларды түсіндіруге қатысты ақпараттық контенттің төмен екенін көріп жүрміз.Осындай олқылықтардың алдын алу — негізгі міндеттеріміздің бірі.  Бүгінгі кездесуде айтылған әрбір тұрғынның мәселесін жазып алып, тиісті мекемелерге жолдайтын боламыз, — деген жоба жетекшісі Айман Омарова әрбір өңірде өткен кездесуден соң хаттама жасақталып, Президент әкімшілігіне жолданатынын айтты.

Жобаның ресми серіктестері —  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігі, «Алтын қыран» және «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорлары.

Айта кетейік,  «HALYQ ÚNІ» жобасының салтанатты ашылуы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Қарауыл ауылында өткен болатын. Тұрғындар тарапынан 11 мәселе көтеріліп, арнайы хаттама толтырылып, тиісті органдарға жіберілді.

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button