Жаңалықтар

Қоғамның қозғаушы күші

Азаматтық альянс

Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиеваның қатысуымен облыстық «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының ғимаратында жиын өтті.

Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов, облыстық «Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айгүл Дүйсенова және де үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты.

Шарада осы саладағы өзекті мәселелер талқыланып, оның шешу жолдары қарастырылды.

  • Елдің дамуын нығайтуда мемлекет пен қоғам арасында алтын көпір болған үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің орны айрықша. Бұл — жергілікті қоғамдық ұйымдардың беделі артып, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік бар екенінің айқын дәлелі. 

Бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде болдым. Келесі аптада екі жыл сайын өтетін республикалық IX азаматтық форумы өтеді. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын, ондағы түйткілді мәселелерді өз көзіммен көру үшін келдім. Барлық жерде де заңнама жөнінде, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бірқатар мәселелер көтерілді. Көптеген үкіметтік емес ұйымдар ашылып, қайта жабыла алмай жатыр. Сапа жағына мән беруіміз керек. Мұның барлығын заңға енгізу арқылы шешу керек. Бұл тұрғыда алдағы бес жылға азаматтық қоғамды дамыту туралы тұжырымдама қабылданды, — деді Бану Нұрғазиева өз сөзінде.

Шара соңында үкіметтік емес ұйым басшылары толғандырған сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Айта кетейік, жалпы өңірімізде 700-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бүгінде оның 150-ге жуығы белсенді жұмыс істеп отыр.

                            Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button