Басты бет » Әлеумет » Зейнетақы жинағыңыз туралы білгіңіз келсе…

Зейнетақы жинағыңыз туралы білгіңіз келсе…

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг тақырыбы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қызметкерлерінің пандемия жағдайында қызмет көрсетуіне арналды.

Аталған қордың облыстық филиалының директоры Жанар Шайхимова бүгінде бөлімшелердің қауіпсіздіктің барлық санитарлық талаптарын сақтай отырып, қалыптасқан күндізгі режимде жұмыс істеп жатқанын, алайда алдын ала қор сайтында жазылу қажеттігін айтып берді.

Қазір зейнетақы жинағыңызға қатысты мәліметтерді білу үшін Қорға келудің қажеті жоқ. Мәліметтерді электронды алудың да бірнеше тәсілі бар. Әрине, ең жедел тәсіл — қор сайтындағы жеке кабинеті арқылы ақпарат алу. Сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының смартфондар мен планшеттерге арналған жаңартылған ұялы қосымшасын да пайдалануға болады. ENPF ұялы қосымшасы — Қордың өзі әзірлеген жоба, оның көмегімен жеке зейнетақы шотыңыздан үзінді көшірме ғана алып қоймай, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, шарттардың деректемелерін, жаңалықтарды, барлық филиалдар мен қызмет көрсету орталықтарының мекенжайлары мен байланыс нөмірлерін де көруге болады. Сондай-ақ бұл жерде Сіздерге арналған зейнетақы калькуляторы да орналастырылған, оның көмегімен өзіңіздің болашақ зейнетақыңызды есептеуге болады. Онлайн-бот ең көп қойылатын сұрақтарға жауап береді, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұлғалар мұнда өтініш жолдау және басқа да көптеген мәселелерін шешу мүмкіндігіне ие. БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасын өз телефоныңызға Google Play немесе AppStore арқылы тегін жүктеп алсаңыз болады. Ал егер тұрғындар қор қызметкерімен бетпе-бет сөйлескісі келсе, алдын ала жазылудың қажет екенін ескертеміз. Күндізгі режимде қабылдауға жазылуды enpf.kz корпоративтік сайтында екі-үш әрекетпен-ақ оп-оңай іске асыруға болады. Сайттың басты бетіндегі «Электрондық сервистер» қосымша бетіне өтіп, «Қызмет алу кезегін брондау» баннерін басып, әрі қарай Сіз біздің филиалымызға келуге болатын ыңғайлы уақытты өз бетіңізше таңдай аласыз, — деді облыстық филиал директоры Жанар Шайхимова.

Қор бөлімшелері дүйсенбі-жұма күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді, сенбі және жексенбі — демалыс. Түскі үзіліс кезінде, яғни 13.00-ден 14.00-ге дейін операциялық зал желдетуге, ылғалды шүберекпен сүртіп алуға және дезинфекциялауға/кварцтауға жабылады. Сонымен қатар жұмыс күнінің бірінші және екінші жартысында жұмыс үстелін, орындықтарды, есік тұтқаларын және т.б. дезинфекциялауға арналған 15 минуттық екі техникалық үзіліс  қарастырылған.

Филиал директорының орынбасары Эльмира Талаеваның айтуынша, сонымен қатар БЖЗҚ-да қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, үйлеріне барып қызмет көрсету бөлімі ұйымдастырылған.

— Бұл ретте алдын ала кеңес беріледі, яғни қызметті қашықтан, ешқайда бармай-ақ алу мүмкіндігі тексеріледі. Азаматтардың үйлеріне барып қызмет көрсету барысында міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шоттарын ашу туралы өтініштерді ресімдеу қызметі көрсетіледі. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтары санатына жататын салымшыларға, мерзімсіз уақытқа мүгедектік берілген 1-2 топ мүгедектеріне санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қатаң түрде сақтай отырып, сапалы қызмет көрсету жүзеге асырылады, — деді Эльмира Талаева.

Сондай-ақ ол БЖЗҚ қызметкерлері салымшыларға кеңес беруге және қашықтан қолдау көрсетуге әрқашан дайын екендігін, өңірлік бөлімшелердің кезекші қызметкерлеріне телефон байланысы арқылы өтініш жасауға (тізімі enpf.kz сайтында орналастырылған); 1418 қысқа нөмірі бойынша Қордың байланыс орталығына жүгінуге; +7 777 000 14 18 телефон нөмірі бойынша WhatsApp, Viber чат-боттарына хабарласуға; www.enpf.kz корпоративтік сайтындағы онлайн-кеңесші, өтініштерді enpf@enpf.kz электрондық поштасы арқылы жіберуге; әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларға жазуға болатынын да ескертті.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.