Тарих

Ізгі жанның ізі

Тағзым

БАҚ-тың досы еді

Ойыл ауданының Көптоғай ауылында шаруа басқарған Сисен Берденбаевтың есімін тоқсаныншы жылдардың басында облыс өңірінде білмейтіндер кемде-кем еді. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеген журналистер қауымы жақсы танитын. Оның ішінде облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің  қызметкерлері алабөтен жақын болатын. Өйткені басшының бұл екі басылымға деген ықыласы бөлек еді.

Халықтың қолында қаржы болмай, ауылдағы оқырмандарға газеттердің мүлде таралмай қалу қаупі туғанда, ол осы міндеттерді мойнына алып, бұрынғы «Құрманов» кеңшары аумағындағы оқырмандарды, өзі басқаратын шаруашылық есебінен, тегін жаздырды. Соның арқасында өте қиын болған екі мыңыншы жылға дейінгі кезеңде, ауыл оқырмандары сүйікті басылымдарынан қол үзбеді.Ол тек, бұл екі газет қана емес, республикалық «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», тіпті аяғын тәй-тәй басқан алғашқы тәуелсіз басылымдарға да жәрдем берді.

Өлара шақта, өзі шатқаяқтаған шаруашылықты тікейте алмай жатқанда, өзгенің қамын ойлап, мұндай қамқорлық жасау—алысты ойлайтын, кеңпейіл басшы Сисеннің ғана қолынан келді. Қарын аштығынан рухани аштықтыңсебеп- салдарының ауыр болатынын жасынан басшылық қызметте болып, елдің қас-қабағына қарап үйренген, сұңғыла азамат ерте түсінді. Сондықтан шаруашылықтыңенді құралып жатқан азғантай табысынан қаржы бөліп, оқырмандарды сүйікті басылымдарынан, халқын тойдан айырмады.Шаруашылықтың қаржысы болмаған алғашқы жылдарда,басылымдарды мал, астық сынды материалдық игіліктер беріп жаздырса, «тұрымтай тұсына, балапан басына» болған заманда ауыл тұрғындарын жинап, барын ортаға салып, халқына қайта оралған Наурыз, ұмыт болған шопандар тойларын өткізуден бір жазбады. Еріккеннен емес, әрине, елдің көңіл күйі көтерілсін, бұрынғыдан да еңбекке құлшынысы артсын деген мақсаттан туған бастамалар еді бұл.

Қазақта «Еруліге—қарулы» деген сөз бар. Яғни жақсылыққа—жақсылықпен жауап беру, ықыласқа қарайықылас көрсету ғой. Осы қағиданы ұстанған журналистер қауымы да аянып қалмай, ширек ғасыр шаруашылық тізгінін ұстап, табысты қызмет атқарған Сисен Оразғалиұлын түрлі кезеңде, әр қырынан жазып көрсетіп отырыпты.

 

Бастамашыл басшы

 

Тек өзіміздің «Ақтөбе» газетінің сол бір жылдардағы тігінділерін парақтасақ, осының нақ куәсі боламыз. Сол мақалалардан алынған үзінділерге көз жүгіртіп көрейік:

«…Ұлы бәйге басталып та кетті. Әрине, ілкіде топтасқан аттар әр айналым сайын тобын сирете түсті. Соңғы айналымда Ә.Елтоқовтың аты бірінші, С.Жұмағалиевтің  аты екінші болып келді. Сөйтіп, оларға рет-ретімен бірінші, екінші, үшінші жүлделер берілді. Бірінші орынға — 2 мың, екінші орынға — 1 мың 200, үшінші орынға 700 теңге берілді»( Түгелбай Дүймұханов, «Наурыздағы той», 28 наурыз 1996 жыл).

« …Көптоғай» акционерлік қоғамының президенті Сисен Бердембаев Құлсарыдан түн ортасы ауа оралып келе жатты. Асығып келеді, себебі ол — уәдеге берік адам.  Бұдан екі күн бұрын, президенттік емес, экспедиторлық жұмыспен кетіп бара жатып, маған уақытында оралып, өз шаруашылығын аралатып көрсетуге уәде берген. Міне, сондықтан да асығыс. Көңілінде қаяу бар. Ай сайын атыраулық және өзіміздің мұнайшылардан жанар-жағармай алу, шаруашылыққа қажетті қосалқы бөлшектерді, ұнды және басқаларын жеткізу қиындап барады. Қазір акционерлік қоғамда 480 адам жұмыс істейді.

Мұндағы мал асылтұқымды.Қазір шаруашылықта 21 мың қой бар. Құдай қаласа, қысқа 16 мың қой, 500-ден астам сиыр, жүздеген түйе, 150-дей жылқы түседі.Осынша малға 90 мың центнер пішен дайындалды. Барлық жеке қожалықтарға пішен түсірілді.

Шаруашылық территориясында 720 отбасы тұрады. Аудандағы ең ірі селолық округ — төрт ауылда 3600 тұрғын бар.

Биыл «Көптоғай» акционерлік қоғамы әр жүз саулықтан 84 қозы алды. Ауданның көрсеткіші 72 қозы болды.

Мұнда да «Жетікөлдегі», «Жекендідегі» сияқты аудан бойынша күніне электр қуатын үш рет сөндіреді. Қыста қалай боларын кім білсін. Ал мал шаруашылығы кешендері түгелдей жоғары кернеулі электр желілерінен ажыратылып тасталды. Енді электр қуатын беретін мекеме басшылары қыстақтарға тартылған бағандарды алып кеткісі бар. Тек бүгінгі тіршіліктің аясында күн кешу емес деп көр. Бардың өзін бұзудың қажеті қанша? Әлі де заман оңғарылуы мүмкін ғой. Сонда қыстақтарға жарық келер. Ал бағандарды қайтадан орнатуға тура келмей ме?» (Амантай Өтегенов, «Ойылдан хат» немесе «Түн қараңғылығындағы жол», 12 қазан 1996 жыл).

«…—Акционерлік қоғам негізінен, бірыңғай ақ түсті, қылшық жүнді еділбай қойын өсіреді. Еділбай қойының еттілігі де белгілі. Қар бір жауғанға дейін жерден азықтанады, көктемде де жайылысқа ерте шығады, көк жусанға ертерек ауыз салады. Өткен жылы «Ақтөбе жабағы» акционерлік қоғамына 20 тоннадай ақ жүн өткізіп, бір миллион теңгедей қаржы, осыншама мөлшерде өтемақы алдық.Үш мыңдай еркек тоқты еңбекақыға үлестірілді. Қазірде ақ түсті жүн өтімді, бағасы да қымбаттау. Біз де осыны түсініп, біраздан бері қойдың бірыңғай ақбозаң жүндісін өсіруге бағыт ұстаудамыз. Мал басын сұрыптау жыл сайын жүргізіледі. Қазір бірнеше сұрыптаудан өткізіліп, бөлек күтімге алынған, Бұл — нарық заманындағы алғашқы кезекте сатуға шығарылған мал отарлары. Бағым-күтімі тәуір. Асылтұқымды еділбай қойын сатып аламыз, мал қанын жаңғыртамыз деушілерге сатуға әзірміз. Өткен жылы күзде біраз қошқар мен тұсақ саттық. Бірақ асылтұқымды мал алуға сұраныс әлі де аз, — деді Сисен Берденбаев» («А. Аймағанбетұлы, «Нарыққа бейімделуде», 1 ақпан 1997 жыл).

«…Бір қиыны—аудандағы салық инспекциясының өкілдері, агробанктің бөлімшесіндегі жігіттер дікілдеп отырған-ды.

—Қарызды текке қалдырмаймыз. Шаруашылықта аукционға жарамды мәшина, тракторлар болса, тіпті малын да аламыз,—деп.

Сонда, — деймін-ау,—халық қалай күнелтеді, шаруашылық қалай өмір сүреді? Былай қарағанда, бюджет орындалмай жатыр ғой. Екінші жағынан, шаруашылық басшысы да қиналады. Жеті жүзден астам отбасы, ал олардың, жаңа айтып кеттік, 3600-дей адамы бар,оларды асырауы, жұмыс тауып беруі тиіс. Шаруашылықта қазір 470-480 адам жұмыс істейді екен.

«Былай тартсаң арба сынады, былайтартсаң өгіз өледінің» кері қазір. Бірақ, әйтеуір, акционерлік қоғам болғандықтан алдан үміті бар.Рас,Қазақстандағы кейбір осындай акционерлік қоғамдар ыдырап, жекешеленіп жатқан көрінеді.

Иә, солай. Бұл өзі бағыт-бағдары бұлдырлау кез ғой. «Көптоғай» акционерлік қоғамы да соны айқындаудың айрық жолында тұрғансияқты…»(Төлеміс Меңдіғали, «Жол айрығында», 18 қаңтар 1999 жыл».

«…Көптоғай селосына келгенде, күздің қысқа күні едәуір кешкіріп қалған. Акционерлік қоғамның төрағасы Сисен Бердембаев орнында екен.

— Бізде он отар қой әлі жайлауда. Шопандарымыз шетінен мықты. Баяғы осы өңірден шыққан атақты шопандардың балалары. Сол себепті әкелерінің есімін қосып айтамыз. Үйреніп кеттік солай.Әжіғалиев Алдабергеннің баласы — Жәнібек, Жиев Есіркептің баласы — Мәжит, бір отар қошқар бағатын Боранғалиев Болат, жаңағы Ақсай базындағы Елекбаев Талғат биыл ерледі. Солардың арқасында қоғам бойынша әр жүз саулықтан 104-тен қозы алдық, — деп қоғам директоры түсінік берді.

Директор айтқан отар-отар қойды, бүлінбеген қораларды көзбен көрсем де, мынау бір маған аралдағы өмір сияқты, оқшау, тосын көрінеді. Тіпті әлгі «әр жүз саулықтан 104 қозы алдық» деген сөздің өзі ескі ұғымдай, ерсі болып естілетіндей, құлағым тосырқайды. Мына заманда қырда қой бағып, күрпілдеп отырған адамдар бар дегенге сенгім келмейтіндей»… (Аманқос Орынғалиұлы, «Елге барғанда», 25 қараша 1999 жыл).

« …Және бір байқалатыны — әр үйден шығып жатқан жеке көліктердің көптігі һәм олардың маркаларының әртүрлілігі. Мұның өзі ауылдың тоғы шайқалмағандығын көрсетсе керек.

— «УАЗ» сатып алудан біздің ауыл чемпион, —деп күледі Сейсен Оразғалиұлы.

Шопандар тойы «Бұлақ» деген әдемі жерде жалғасты. Мұндағы салтанатқа аудандағы бөлімдердің басшыларын ертіп, ел аралап жүрген аудан әкімі Қуантқан Әлімов те қатысты. Әр жүз саулықтан 140 қозы алып «Жыл жеңімпазы» атанған Самғат Жұмағалиевке кілем жабылған түйе беріліп, шапан жабылды.Екінші орындағы Жәнібек Әжіғалиевке (130 қозы) кілем жабылған ат мінгізіліп, шапан кигізілді. Үшінші орындағы Орынбасар Нұрқасовқа (125 қозы) сыйлыққа бір сиыр және кілем берілді. Аталған шопандардың әйелдері де құр қалған жоқ. Зоя Жұмағалиева,Мәншүк Нәрегеева, Гүлзада Нұғымановаларға камзол кигізіліп, орамал берілді»…(Бауыржан Бабажанұлы, «Келешегі кемел Көптоғай», 4 шілде 2003 жыл).

 

Сәулелі жылдар өркені

 

Бұл—облыстық газеттегі Сисен Берденбаев жайында жазылған мақалалардың бір бөлігі ғана. Ал кезінде жамыраса жазған республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Актюбинский вестник», аудандық «Ойыл» газеттерінде, өзге де тәуелсіз басылымдарда жарық көргендері қаншама! Солардың бәрін қоя тұрып, тек облыстық газет мақалаларынан алынған жоғарыдағы қысқа-қысқа ғана үзінділердің өзінен, қиын кезеңде шаруаны, бір аймақтың тірлігін өрге сүйреген атпал азаматтың кемел тұлғасы, қиындыққа толы болған еңбек жолы сәулеленіп көрініп тұрған жоқ па?!

Иә, осылай «Көптоғай» акционерлік қоғамы кезінде де, одан кейінгі жауапкершілігі шектеулі серікестігіне айналған тұста да, оның басшысы Сисен Берденбаев, 2014 жылы 62 жасында денсаулығына байланысты еңбек демалысына шыққанша, халқына аянбай қызмет етті. Тіпті одан кейін де өзінің жолын жалғастырып, ауылда шаруаның тізгінін ұстап қалған ұлы—Талғатқа бас-көз болудан танған емес. Соңғы бес-алты жылдан бері сырқаттың ауыр түрі инсультпен науқастанса да, жатпай, сол шаруаға алаңдап, өткен жылы қараша айында Ақтөбеден өзінің туған жері Көптоғайға барып жүріп,көз жұмды.

Өйткені ол қаршадайынан еңбекпен көзін ашқан еді. Жеті жасындаәкесінен, орта мектеп бітірген жылы анасынан айырылып, өз күнін өзі көруге ерте бейімделді. Темір совхоз-техникумына түсіп, 1974 жылы мал дәрігері мамандығын алып шықты. Өмірлік серігі Күмісайды да сол техникум қабырғасында оқып жүріп тапты. «Құрманов» кеңшарының №3 Қарасу фермасында бірі—мал дәрігері, бірі есепші болып еңбек жолдарын бастады.

1979 жылы Сисен «Жекенді» кеңшарының ферма меңгеруші қызметіне тағайындалды. Осы жылдары сырттай оқып, Оралдың ауылшаруашылық институтының зооинженерлік факультетін бітірді. Қызметте жоғарылап, 1983 жылы Берсиев атындағы кеңшардың бас зоотехнигі болды. Арада үш жыл өткенде, өзінің еңбек жолын бастаған туған ауылына бас зоотехник болып оралды. Содан бастап бүкіл ғұмыры осы өңірмен тығыз байланыста өтті. Жоғарыдағы мақалалардабаяндалғандай, ыстығына күйді, суығына тоңды. Оның басшылық қызметі кеңседе шалжиып отыруға мүмкіндік бермейтін ауыр кезеңде өтті.Түн қатып, түс қашып, ұдайы ат үстінде жүруге тура келді. Халықтың қамы—мал бағу, жан бағу — соған мәжбүрледі. Ширек ғасырға созылған ауыр міндет—төсекке атып ұрғанша, тіпті жамбасы қара жерге тигенше солай жалғасты.

Көптоғай ауылынан, орта мектепте ұстаздық ететін қызы Ақмарал телефон шалып,«әкемнің өмірден озғанына осы қараша айының соңына қарай жыл толатын еді» деп хабарлағанда, талай жылдар дәмдес-тұздас болған қадірлі ініміздің келбеті көз алдыма келе қалды. Газетіміздің шын жанашыры еді. Соның шаруасымен үйіне талай бас тіреп барғанбыз. Қазақ «Ашта жеген құйқаңды тоқта ұмытпа» дейді. Отбасын,Талғат есімді ұлы, Гүлзира, Ақмарал, Меруерт, Ақгүл, Индира есімді5 қызы барын білетін едім. 2018 жылы облыстық деңгейде өткен «Менің әкем» байқауында «Ханшайымдар әкесі» номинациясы бойынша марапатқа да ие болған-ды.«Адамның бір қызығы—бала деген» деп ақын айтқандай,ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, құдандалы-жекжатты болып, алты перзентінен бірнеше немере, шөбере сүйіп, бақытқа кенелген-ді. Сол балалардың жоғары білім алып, өз орнын табуына әке мен шешенің ықпалы аз болған жоқ. «Балаларыңды өскенше, немерелеріңді өлгенше бағасың» дегенді қазақ қалай тауып айтқан.Бүгінде Сисеннің жары Күмісай институтта оқып жатқан немерелеріне бас-көз болып Ақтөбе қаласында отыр екен.

—Әкемнің жақсы істерін әр адамнан естіген сайын көңілім марқайып, сағынышым басылмай кетеді. Бәріне үлгеріп, жүрген жерінде шаруа бітіріп, асығып жүретін еді. Алланың ісіне не шара,—дейді әкесін қамығып еске алып қызы Ақмарал.

Айтса айтқандай, Сисен — өлшеулі ғұмырында аз тыныстап, көп іс тындырған азамат. Соған сай халықтың алғысына, ресми орындардың марапатына да бөленген. Әр жылдарда облыстық, аудандық кеңестердің депутаттығына сайланды. Ойыл ауданының құрметті азаматы атанды. Омырауына «Шапағат», Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл, 20 жыл, Тыңға 50 жыл медальдарын тақты. Бір жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасы бойынша «Парыз» байқауының жеңімпазы болды. Ұлттық бизнес және рейтингтер одағы шешімімен «Қазақстан даңқы» төсбелгісі, «Сала көшбасшысы» атағы берілді.Көзі тірісінде мерейін өсірген өзге де марапаттары баршылық.

Әркез өзін адами болмыстың биігінде ұстаған, қамшының сабындай қысқа ғұмырдаүлкенмен де, кішімен де сыйластықта болған Сисен Берденбаевтың сәулелі өмірі өркенді істерге бағышталғанын біз жақсы білетінбіз.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button