Әлеумет

Отбасы проблемасы қалай шешіледі?

Пилотты жоба

Қиын жағдайға тап болған отбасының проблемасы қалай шешіледі? Оларға қандай көмек беріліп жатыр? Маусым айынан бастап Ақтөбе қаласы мен Алға ауданында осы сұрақтарды қамтитын Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы пилотты жобасы жүзеге асуда. Жоба ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және облыс әкімдігінің арасындағы меморандумға сәйкес қолға алынған. Жобаны жүзеге асырушы  — «ЗУБР» консалтингтік орталығы.

Біріккен Ұлттар Ұйымының «Қиын өмірлік жағдайда қалған отбасыларға біріктірілген әлеуметтік  және арнайы көмек көрсету» атты пилоттық жобасы жыл соңына дейін жалғасады. Бұндай жоба еліміздің басқа өңірлерінде де жүзеге асқан. Жобаның мақсаты — мұқтаж отбасыларға жан-жақты әлеуметтік көмек көрсету, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың көмекті бірігіп көрсетуін жүзеге асыру. Отбасыға  көмек «бір терезе» әдісімен көрсетіледі. Мәселен, бір отбасы қиын жағдайға тап болады. Қиындық бір ғана мәселеден туындамауы мүмкін. Ол отбасыға қаржыға қатысты мұқтаждықтан бөлек, денсаулық, білім және өзге де бағыт бойынша қолдау қажет. Пилотты жобаның негізгі мақсаты  — осындай отбасыларға  тек бір бағыт емес, барлық сала бойынша жұмыла көмек беру. Егер көмек осылай жасалатын болса, қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтардың алдын алуға болады.

— Бұндай көмек түрі білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету және басқа жүйелердегі әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын үйлестіреді. «Бір терезе» тәсілін қолданатын болсақ, ведомствоаралық комиссия құрылады. Комиссия көмекке мұқтаж адамның қажеттіліктерін бір терезе арқылы алуына жағдай жасайды. Облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастамасымен ведомствоаралық комиссия құрылып, жауапты қызметкерлер бекітілді. Жоба аясында тұрмыстың түрлі қиындығына тап болған 12 отбасына көмек көрсетіледі, яғни әдіс тәжірибеден өтіп жатыр.

Отбасының әлеуметтік қажеттіліктері анықталған соң проблеманы шешудің жолы қарастырылады. Жеке жоспар құрылып, әлеуметтік қызметкерлер жоспарды ведомствоаралық комиссияның талқылауына ұсынады. Комиссия нақты шешім қабылдайды. Қазіргі кезде 12 отбасының жеке жоспары комиссия қарауында жатыр,  — дейді Біріккен Ұлттар Ұйымы бағдарламаларды дамыту жобасының облыстағы үйлестірушісі Нұрия Мутигулина.

Жалпы көмекті біріктірудің басты мақсаты — қызметкерлердің жұмысын үйлестіру, уақыт үнемдеу, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, қиындықтың, қауіптің алдын алу. Қазір Ақтөбе  мен Алға ауданында кейс-менеджерлер жұмыс жасап жатыр. Олар қиын жағдайға тап болған отбасының үйіне барып, мәселені өз көзімен көреді. Мәселен, кейс-менеджерлер жақында  жалғызбасты ананың жағдайымен танысты. Әйел үш баласын өзі асырап отыр. Екі баласын ауылда тұратын әжесіне беріп жіберіпті. Кіші ұлын балабақшаға орналастыра алмай жүр. Өзінің тұрақты жұмысы жоқ. Саяжайда орналасқан үйді жалға алып тұрады. Отын алатын ақшасы тағы жоқ. Ешқандай емханаға тіркелмеген. Жалғызбасты анаға жан-жақты көмек керек. Қазір көмек көрсетудің жеке жоспары құрылып, мәселені шешу жолы қарастырылып жатыр.

Жалпы, аталған жобаның отбасындағы әлеуметтік мәселені шешуде маңызы зор болмақ.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button