Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбенің печеньесі

Ритейл

Кезінде белгілі бір себептерге байланысты жабылып қалған кейбір кәсіпкерлік субъектілері қайтадан жұмыс істей бастады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік субъектілерін ритейлге шығару үшін барынша қолдау көрсетіп отыр. Сондай нысандардың бірі — «KEREMET FOOD.KZ» жеке кәсіпкерлігі.

Екі түрлі қантты печенье шығаратын кәсіпорын 2017 жылы ашылған болатын. Сол жылы арнайы ғимарат сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көктемде алғашқы өнім шығарылған еді. Кәсіпорын екі жыл жұмыс істеді, өнімдері облыс орталығындағы, аудандардағы сауда желілері арқылы сатылды. Нұр-Сұлтан, Орал, Атырау, Ақтау, тіпті Ресейдің Орынбор қаласындағы тұтынушыларға дейін жеткізілген-ді. Алайда белгілі бір себептерге байланысты өндіріс тоқтап, бір жарым жылдай есігі жабық тұрды…

Жақында кәсіпорын өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен қайтадан жұмыс істей бастады. «KEREMET FOOD.KZ» жеке кәсіпкерлігі басшысы Самат Жарымбетовтің айтуынша, енді кәсіпорын әсіресе балалар жақсы көретін сүт қосылған «Гармония» және ваниль дәмі бар «Классикалық» печеньелерін жаңа рецепт бойынша шығара бастайды. Бұл мақсатта өндіруші бұрын «Qazaq Food Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі печенье шығару үшін пайдаланған жабдықтар желісін сатып алды. Аталған серіктестік банкротқа ұшырап, барлық жабдық сатуға қойылған болатын. Бүгінде жаңа желі реттеліп,  ғимарат жөнделіп, өндірісті іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан кейінгі маңызды әрі күрделі қадам — өнімді жергілікті сауда сөрелеріне шығару.

— Жергілікті өнім өндірушілер көп жағдайда өз тауарларын ірі сауда желілері арқылы сата алмайды. Тауар өндірушілердің айтуынша, мұндағы негізгі кедергі —  бонус төлеу талаптарының болуы. Ал артық қаражат шағын өндірушілерде жоқ. Оның үстіне биылғы жыл кәсіпкерлер үшін қиын болғаны белгілі. Енді ғана кәсібін бастап, аяғынан тұрып келе жатқан кәсіпкерлік субъектілері үшін тіпті қиын. Егер өңірдегі ірі өнім өндірушілер сауда желілерімен жұмысты жолға қойып отырған болса, шағын кәсіпорындар сырт қалып отыр. Сондықтан нарықта өз орнын алуына, жергілікті өдірушілердің өнімдерін ритейл сөрелеріне шығаруға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы барынша қолдау көрсетіп отыр. Бүгінде «KEREMET FOOD.KZ»  кәсіпорнының өнімдерін — печеньелерін саудаға шығаруға «Анвар» сауда желісі қолдау көрсетті. Қазірдің өзінде жергілікті өнім аталған желі сөрелеріне шығарылып отыр, — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

«Лучшее решение» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі («Дина» сауда желілері) басшылығы да ақтөбелік өндірушіге қолдау білдіруге дайын екендігін айтты. Аталған серіктестік басшысы Алмас Елеуовтің айтуынша, екі жақты келісімшарт жасалғаннан кейін «Дина» сауда орындарында да жергілікті өнім сатыла бастайды.

Сондай-ақ «KEREMET FOOD.KZ» кәсіпорны өнімдері «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бастамасымен ашылған  HALYK SAUDA сауда желілерінде да сатылымға шығарылмақ. Аталған корпорацияның сараптау және жобаларға қолдау көрсету департаментінің директоры Үмітбек Ермағамбетовтің айтуынша, бүгінде қала бойынша әлеуметік-маңызды өнімдер қолжетімді бағада сатылатын он HALYK SAUDA шағын көтерме орталығы бар.

«KEREMET FOOD.KZ» компаниясы басшысы Самат Жарымбетовтің айтуынша, қазіргі уақытта өндірісте өнімнің басқа да түрлерін шығару үшін жаңа рецепттер әзірленіп жатыр. Егер тапсырыс көп болса, кәсіпорында жұмыс ауысым бойынша ұйымдастырылып, тұрақты түрде 15 адам жұмысқа алынады.

— Өндірісте шығарылатын барлық өнімнің сапа сертификаты бар. Қазіргі уақытта бір ауысымда 105 тонна печенье шығаруға мүмкіндігіміз бар. Сұраныс көбейсе, кәсіпорынның өндірістік қуаты артады деген сенімдеміз.  Алдағы жылдан бастап квас өндірісін қолға алғымыз келеді, — дейді Самат Жарымбетов.

Печенье өндірісінің негізгі бөлігі автоматтандырылған, тек орап-буу жұмыстары ғана қолмен атқарылады. Кәсіпкер алдағы уақытта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары аясында жұмыстың бұл тетігін де автоматтандыруды жоспарлап отыр.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button