Экономика

1400 болашақ кәсіпкер

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі «Бастау-Бизнес» жобасы елімізде кемінде 30 мың адамға бизнеспен айналысуға мүмкіндік береді. Бұл жобаны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып отыр.

Ақтөбеде «Бастау-Бизнес» аясында жыл басында 1400 адамды оқыту жоспарланған болса, бүгінде онлайн курстарға 1404 адам қатысыпты.

— «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, бизнестің алғашқы әліппесінен бастап оны аяққа тұрғызу, жүргізу, дамытудың қыр-сырын үйренген тыңдаушылардың 853-іне 752,9 миллион теңге қаржы берілді. Оның ішінде 153 адамға 534,4 миллион теңге көлемінде несие берілсе, 700 адамға 917,7 миллион теңге грант бөлінді, — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Альмира Бисекенова.

Аталған бағдарлама бойынша блім алып, өз кәсібін ашқандардың бірі — Темір ауданының тұрғыны Арайлым Абдина. Көпбалалы ана сүтті бағыттағы асыл тұқымды ешкі өсіріп, сүтінен қаймақ, айран, йогурт, ірімшік секілді табиғи өнімдер өндіруге қатысты жоба жасап, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантқа ие болған. Ал Қопа ауылының тұрғыны, үш баланың анасы Ақгүл Сариева жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жылда тамақтандыру жобасын қолға алды.

— «Бастау» жобасы бойынша оқып, бизнес-жоспарымды қорғап, биыл тамыз айында 555 600 теңге грант алдым. Мен шаурма, дөнер, самса, түрлі салмасы бар піскен бәліш, пицца, бөлкелер, фри картобы секілді тағамдарды  әзірлеймін. Ауыл тұрғындарынан сұраныс күн сайын артып келеді. Болашақта мәзірге түрлі тағамдар енгізіп, кәсібімді кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашқым келеді,  — дейді ол.

Мұндай мысалдар басқа аудандарда да жеткілікті.

— «Бизнес-мектеп» жобасы аясында да 408 адамды оқыту жоспарланған болатын, алайда 693 адам оқып, сертификат алды. «Аға сеньорлар» жобасы шеңберінде 2 өтінім пысықталды. Бұл жобалар —  «Зару» шаруа қожалығының ауыл шаруашылығы, жануарлардың басқа түрлерін өсіру және  «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал шаруашылығы, етті қайта өңдеу және консервілеу жобалары. Бұл екі жоба да жүз пайыз орындалды, — дейді Альмира Бисекенова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button