Экономика

Индустрияландыру картасының жобалары мерзімінде жүзеге асуы тиіс

Облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында Индустрияландыру картасының жобаларын жүзеге асыру мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері, кәсіпорын өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің баяндауынша, Индустрияландыру картасы аясында биыл өңірде 138,3 миллиард теңгеге 1156 жұмыс орнын құратын 23 жоба жүзеге асырылуда. Он айдың ішінде 54,5 миллиард теңгеге жеті жоба іске қосылды, жыл соңына дейін құны 83,8 миллиард теңге болатын 16 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Барлық жобалардың желілік кестесі бар, олардың жүзеге асырылуы үнемі бақылауда.

Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаға қатысушы кәсіпорын басшыларын тыңдап, нысандардың пайдалануға беру мерзімін нақтылады.

Инвесторлар мемлекеттік органдар тарапынан жедел қолдауды талап ететін өзекті мәселелер туралы айтты. Олардың қатарында «Бизнестің жол картасы» аясында нысандарға апаратын жолдарды дұрыстау, асфальт төсеу, электр желілерін тарту, жер телімдерін алу және т.б. жайлар бар.

Қайрат Бекенов жиынға қатысушылардың назарын жүйелік мәселелерге аударды. Атап айтқанда, ақтөбелік тауар өндірушілер өнімді ЕАЭО мүшесі болып табылатын мемлекеттердің аумағына экспорттау кезінде құжаттары ұзақ рәсімделеді.

Қолайлы бизнес-климат жасау мақсатында рұқсаттама құжаттарын берудің, инженерлік желілерге қосылу үшін техникалық шарттардың процедуралары мен мерзімін қысқарту бойынша оңтайландыруды жалғастыру, электрондық платформаларды интеграциялау және құрылысқа рұқсат беру процесіне жұмылдырылған органдар арасындағы өзара қатынасты жақсарту және т.б. ұсынылды.

«Барлық нысандарды белгіленген мерзімінде пайдалануға беру керек. Олар жаңа жұмыс орындарын ашу, салық салынатын негіздерді кеңейту және т.б. сияқты бірқатар маңызды мәселелерді шешеді. Біз өз тарапымыздан жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деп сөзін түйіндеген Оңдасын Оразалин әр жобаға талдау жасауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button