Экономика

Кәсіпкерлікті дамыту жұмысы жандана түседі

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, биыл «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек»  бағдарламалары аясында 1572 жоба қолдау тапқан, бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 24%-ға көбірек.

«Дағдарысқа қарсы шаралар аясында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын қаржыландыру 2,4 миллиард теңгеден 3,3 миллиард теңгеге дейін өсіп, шағын және орта бизнестің 509 жобасы мақұлданды. Басқа өңірлермен салыстырғанда біздің облыс көш басында тұр. Дегенмен Хромтау, Алға, Мәртөк, Темір, Қарғалы аудандарында жоспардың орындалуы қамтамасыз етілмеген. Ырғыз, Темір, Қарғалы аудандары қолда бар қаржы құралдарын толықтай пайдаланып отырған жоқ», — деген Нұрхан Тілеумұратов Ақтөбе қаласының әкімдігіне екінші деңгейлі банктермен ынтымақтастықты, жобаларды қолдау жұмыстарын күшейтуді ұсынды.

Өңірде кәсібін жаңадан бастағандарды қолдаудың тиімді шаралары қабылданып жатыр.

Биыл облыс басшылығының қолдауының нәтижесінде 5 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттар ұсыну байқауын қаржыландыру 40 миллион теңгеден 140 миллион теңгеге дейін артты. Байқау қорытындысы бойынша өңірдің 34 тұрғыны грант алды. Жеңімпаздар арасында 29 жасқа дейінгі 14 істі жаңа бастаушы кәсіпкер, 6 көпбалалы ана бар.

Жобалардың толық іске қосылуы еркін бизнес сегменттерінің дамуына ықпал етеді, атап айтқанда, Қарғалы ауданында шеге өндірісі жолға қойылып, Ақтөбе қаласында жиһаз шығарылатын болады, Қобда мен Ойыл аудандарында экотуристік нысандары ұйымдастырылмақ және т.б.

Сондай-ақ жыл басынан бері өңірлік үйлестіру кеңесі 840 миллион теңгеге 17 жобаны мақұлдады. 15 жобаға бюджет есебінен 262,7 миллион теңгеге жетіспейтін инженерлік инфрақұрылым тарту түрінде қолдау көрсетілді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бастап 51,5 миллиард теңгеге 193 жоба, «Еңбек» бағдарламасымен 4,7 миллиард теңгеге 953 жоба, соның ішінде Ақтөбе қаласы мен Хромтау моноқаласы бойынша  916,1 миллион теңгеге 108 жоба, ауылдық елді мекендерде 3,7 миллиард теңгеге 845 жоба мақұлданды. Ауылдық жобаларды несиелеуге бөлінген қаражат толықтай игерілді.

Облыс басшысы: «Барлық аудандардағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын күшейту керек. Әкімдер бұл мәселені бақылауға алып, өз жобаларының іске қосылу сәтінен бастап толықтай қолдау көрсетілуін ұйымдастырулары тиіс. Бұл — сіздердің жұмыстарыңыздың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесу үшін қайтарымсыз грант түрінде қаражат бөліп отыр, бақылауға алып, олардың жобаларының жүзеге асырылуына қолдау көрсету, кәсібін енді бастаған кәсіпкерлердің қаржылық сауаттылығын арттыру қажет», — деп тапсырып, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне осы тапсырманың орындалуына тікелей жауапты екендерін ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button