Жаңалықтар

Тозығы жеткен лифтілер тез ауыстырылуы тиіс

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті.  Онда Ақтөбе қаласындағы лифт шаруашылығының жағдайы, 2020 жылы азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуы және хабардар ету жүйесін жаңғырту мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты.
«Атқарушы орган ретінде тұрғындардың қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етілуі қажет. Көп қабатты үйлердің тұрғындары тарапынан лифтілердің сапасына қатысты шағымдар түсуде. Бүгінгі комиссия отырысында осы мәселені шешу жолдарын қарастырамыз» —деді облыс басшысы.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың осы мәселе бойынша  баяндамасы тыңдалды. Қазіргі уақытта қала бойынша 305 көп қабатты тұрғын үйде  605 лифт пайдаланылады. Оның 259-ның нормативтік пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жергілікті бюджет есебінен лифтілерді ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылы 920 миллион теңгеге 100 лифтіні күрделі жөндеу бойынша өтінім әзірленген. Оның ішінде 16 лифт жедел жөндеуді талап етеді және қазіргі уақытта пайдаланылмайды. Тозған лифтілерді ауыстыру бойынша түрік инвесторлары ұсыныс білдірген. Алайда олардың  орнататын лифт  көлемі  тұрғын үйлердің шахтасына сәйкес келмеген. Сондықтан «Qaz-Bel Лифт» ЖШС, «Жігер» ЖШС, «Могилев ЛифтМаш» сынды жергілікті кәсіпорындармен бірлесе жұмыс жасау жоспарланды. Сонымен қатар Алға ауданында істен шыққан лифтілер мәселесі бар.
«100 лифтіні ауыстыру — үлкен жауапкершілік, тозығы жеткен лифтілерге қатысты аудан әкімдері де нақты ұсыныстар әзірлесін.  Қаладағы тұрғын үйлердің лифтілері мүмкіндігінше тез арада ауыстырылуы қажет», — деп атап өтті облыс басшысы.
Бұдан соң Индустриялық даму және өнеркәсіптік  қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Бекеев  комитет құзырындағы қауіпті өндірістік объектілердегі жолаушылар және жүк лифтілерінің қауіпсіз пайдаланылу мәселесіне тоқталса, 2020 жылы азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуы және хабардар ету жүйелері туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев баяндады. Ол облыс әкіміне департамент тарапынан 2020-2024 жылдарға арналған жобалар бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button