Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметтерді онлайн алады

Брифинг

Ақтөбеліктер мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алуға көшті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалындағы фронт-офистерді үйлестіру басқармасының басшысы Аслан Оразов айтты.

Бүкіләлемдік пандемияға байланысты мемлекеттік қызметтердің дені электрондық түрде көрсетіліп, халыққа қызмет көрсету орталықтарында дайын құжаттар ғана ұсынылады.

— Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы биылғы 10 айда 633 829 қызмет көрсетілді. Мемлекеттік реестр тізіміндегі 698 мемлекеттік қызметтің 649-ы онлайн көрсетіледі, яғни 85,5 пайызы электрондық форматта қолжетімді. Сондай-ақ қолыңыздағы смартфонға Telegram-Bot, Egov mobile мобильді қосымшаларын жүктеп алып, 58 мемлекеттік қызметті онлайн түрде алуға болады.Ол үшін тек мобильді азаматтар базасына тіркелсеңіз немесе электронды цифрлы қолтаңбаңыз болса болғаны, — деді Аслан Оразов.

Осы орайда елімізде мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, автоматтандыру, проактивті және композитті форматқа өткізу, азаматтардың цифрлық дағдыларын арттыру бойынша  жұмыстар жалғасып жатыр.

— Биылғы жаңалық — әлеуметтік сала бойынша мемлекеттік қызметтер проактивті түрде, яғни қысқа нөмірге смс-хабарлама жіберу арқылы көрсетіліп жатыр. Мысалы, мүгедектігі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау, бала туу мен бір жасқа дейінгі бала күтіміне және «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға қатысты қызметтерді осылайша проактивті түрде алуға болады. Сандарды сөйлетсек, 10 ай ішінде 6336  проактивті қызмет көрсетілген. Былтыр аталмыш қызмет түріне 1710 адам жүгінген. Дерекке сәйкес, өткен жылға қарағанда биылғы көрсеткіш 27 пайызға артқан, — деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету бойынша Ақтөбе қаласындағы №2 бөлімінің басшысы Асхат Оразбаев. Сондай-ақ ол биыл ақтөбеліктер арасында көліктерін онлайн форматта тіркеу, жүргізуші куәліктерін электронды порталда ауыстыру қызметі кеңінен қолданыла бастағанын айтты. Мысалы, көлігі барларға арналған мамандандырылған бөлім арқылы 19 101 ақтөбелікке онлайн қызмет көрсетілген. Оның 10 231-іне жүргізуші куәлігі берілсе, 8791 азамат көлігін қайта тіркеуден өткізіпті.

— Айта кететін тағы бір жайт, бүгінде «Азаматтарға арналған үкіметтің» бастамасымен барлық аймақтарда «Біз жылу сыйлаймыз!» шарасы өтіп жатыр. Қиын-қыстау күнде халықтың еңсесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған бұл шара облыстар арасында дәстүрге айналды. Өміріндегі маңызды оқиғаға орай мемлекеттік қызмет алуға келген азаматтарды құттықтап, құжаттарын салтанатты түрде табыстап жатырмыз. Халыққа сапалы және жылдам қызмет көрсету — біздің басты мақсатымыз, — деді Аслан Оразов.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button