Ауыл

Ақбановтардың отбасылық  кәсібі

«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы шаруаларға мал басын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Аталған мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған шаруалардың бірі «Ақжан» шаруа қожалығының басшысы Амангелді Ақбанов «Сыбағадан» «сыбағасын» 2012 жылы алғанын айтады.

Бағдарлама аясында кәсіпкер аналық мал басын көбейту үшін бірнеше асылтұқымды бұқа сатып алған. Осылайша Ащылысай ауылдық округінің Бозтөбе ауылының шаруа қожалығы сегіз жылдан астам уақыт бойы ірі қара малын көбейту бағытында жұмыс істеп келеді. Жыл сайын аудандық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде, облыс базарларында 2,5 мың тоннаға жуық ет сатады.

Бүгінде  шаруашылықта 10 жылқы және 110 ірі қара бар, оның 75-і — аналық мал.

— Биыл етті төл алу үшін Хромтау ауданының «Жантезер» шаруа қожалығынан уақытша 3 асылтұқымды бұқа алдық, — дейді шаруашылық басшысы.

«Ақжан» қожалығының бордақылау алаңының болуы да шаруашылықтың экспорттық әлеуетін дамытуға септігін тигізіп отыр. Фермердің айтуынша, өткен жылы 16-18 ай бойы қарқынды бордақылаудың арқасында 15 бас малдан кемінде 200 келі ет алуға мүмкіндік болған.

Шаруашылықта 2 адам тұрақты жұмыс істейді. Егін жинау секілді маусымдық жұмыстарға ауыл тұрғындары да шақырылады.

…  Амангелді Бақытжанұлы сонау бір жылдары жұрт секілді қалаға қарай қоныс аудармай, ауылда қалғандардың бірі. Ол балаларына жерді, туған жерді сүюді үйретті. Ұлы Сұлтан әкесінің оң қолы, ұдайы шаруашылықтың басы-қасында жүреді, егін егу және егін жинау науқандарын басқарады. Шаруаның зайыбы сүт өнімдерін дайындап, оны нарықта өткізу істеріне жауапты.

Ақбановтар отбасы ауыл мен округтің ғана емес, сонымен қатар аудан деңгейінде өткізіліп жатқан шараларға белсенді қатысады, аудан мен облыс деңгейіндегі ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне үнемі өз өнімдерін апарып, тұрғындардың алғысын алып қайтады.

Амангелді Бақытжанұлы ауылдың «Жыл адамы» атанды. Ащылысай ауылдық округінің әкімі Асылбек Биманбаевтың айтуынша, шаруа үнемі мұқтаж отбасыларға әрдайым демеушілік көмек көрсетеді, ауылдағы мектепке де ұдайы қолғабыс етіп тұрады.

Виктория ЮСУПОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button