Ауыл

Бадамшаның Бағиласы

Бадамша ауылының тұрғыны Бағила Тулматова нағыз шебердің өзі. Ол не жасаса да, ерекше етіп жасауға тырысады.

Бағила кішкентай кезінде анасының ылғи тігін тігіп отыратынын, бірақ ол кезде өзінің тігіншілік іске пәлендей қызығушылығы болмағанын, бала кезінде тіккен заттарының дұрыс шықпайтынын күліп еске алады. Мектеп бітіргеннен кейін өзі қалағандай информатика мамандығы бойынша оқуға түсті, оқуын бітіріп, отбасылы болды, екі сәби сүйді.

Өмірде түрлі жағдайлар болып жатады ғой. Бағиланың тігіншілікке бет бұруына да өміріндегі кездескен кейбір күрделі жайттар себеп болған. Ұлының денсаулығын ойлаған ана тығырықтан шығудың жолын іздей келе, тігінмен айналысуды жөн көреді.

Алғашқы кезде тіккен бұйымдарын сатылымға шығаруға жүрексінетін. «Дұрыс тікпей қойдым ба, тұтынушының көңілінен шыға қояр ма екен» деген сауалдар көп мазалайтын. Дегенмен «көз қорқақ, қол батыр» демекші, күдігін жеңіп, тіккен дүниелеріне сұраныс артқан сайын өзіне деген сенімі де арта бастады. Сөйтті де, тігіншілік іске бел шеше кірісті.

— Кәсіп бастаймын деген адамға ештеңе де кедергі бола алмайды. Барлық тығырықтан шығуға жол табуға болады, —  дейді қайсар ана. Бірден сатып алуға қомақты қаражаты болмаған соң бастапқыда Бағила тігін машинкасын жалға алып жүрді. Арада аздап уақыт өткеннен кейін аудандағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиалына барып, кеңес алды. Кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің кеңесімен шілде айынан бастап кәсіп ашу жолдарын үйрететін курстарда оқуды бастайды.

— Бұл курста көп нәрсе үйрендім. Ол кәсібіммен айналысуға нақты шешім қабылдап, бизнес-жоспар құруды үйрендім. Алғашқы бизнес-жоспарымды өзім құрып, қорғап шықтым. Бұл аса қиынға соққан жоқ, өйткені тігін саласында біраз тәжірибем бар еді, соның да көмегі тиді, — дейді ол.

Тігіншінің негізгі арманы — жеке жұмыс орнының болуы. Оған қоса қазіргі заманға сай киім үлгілерін тігіп шығару үшін Бағилаға компьютермен жұмыс жасаған ұнайды. Алдағы уақытта бесік жабдықтарын, жайнамаздар тігіп, тұтынушыларға ұсыну ойында бар.

 Жаппай кәсіпкерлікті дамыту және нәтижелі жұмыспен қамтудың мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында да таргет жарнамасын жасау, сауда маркетингі сынды жеке кәсіпкердің білуіне тиісті көптеген қажетті нәрсе үйрендім. Яғни елімізде жұмыс жасаймын деген ынталы жастарға барлық мүмкіндік бар. Алдағы уақытта өзім тіккен, жасаған бұйымдарды ауылдағы дүкендерге қойып, сату ойымда бар. Сондай-ақ өз кәсібімді дамыту үшін тәжірибелі мамандардың шеберлік кластарына барғым келеді. Көпшілікке танымал Ырза Тұрсынзада деген шебердің дәрістеріне барып, ақыл-кеңесін алып, қолынан шыққан дүниелерін көргім келеді. Алдағы уақытта қыз жасауын тігу, балаларға киім тігу жоспарда бар. Мақсатыма жету үшін ерінбей еңбек етіп, ізденуден жалықпаймын, — дейді Бағила.

Ақерке ЖАЛҒАСҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button